Мәдениет

Жаныс би кесенесі: бұрын, қазір, ертең

Мәдени мұра

Ырғыз ауданында Жаныс бидің кесенесі қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтырдан бастап қолға алынған бұл іс 2011 жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен, жергілікті тұрғындар мазарды өңдеудің қазіргі ұстанымына риза емес.

Біз мәселенің мән-жайын білмек ниетпен баба ескерткішінің сақталуына жанашырлық танытқан ұрпақтары және құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен тілдескен едік.

Өз бояуы неге өзгерді?

Дәмелі Жайылханова, ауыл тұрғыны:

— Жаныс бидің кесенесін жөндеу жұмыстары  аяқталып қалған секілді. Дегенмен, құрылыс көңілімізден шықпай отыр. Қайта өңдеуден кейін бұрынғы кейпі өзгеріп кетті. Мысалы, бұрын мазардың төбесі дөңгелек болатын, қазіргісі  үшкірленіп салынған. Сыртқы кірпіштері де біркелкі емес. Өзінің төл кірпіші қызыл тас еді. Ал былтыр кесененің төменгі бөлігіне пайдаланылған тас ақшыл қызғылт болды.

Тамның ішкі құрылысы да көңілге кірбің түсіреді. Арзан материалдармен сылақ жасалған. Біз баба мазары өз бояуын жоғалтпаса дейміз.

Білуімше, кесенеге қайта жөндеу жұмыстарын жүргізгенде ауылдан бақылайтын адам болған жоқ. Бұл шаруаның басы-қасында ақсақалдар жүргенде жөн-жосық айтып, бұрынғы үлгінің өзгермеуіне ықпал етер еді.

Құрылысқа республикалық бюджеттен 32 млн. теңге бөлініпті деп естідім. Бірақ ондай қыруар қаржыға істелген жұмыстарды көре алмай отырмыз.

Жаныс би кесенесінің тұрғызылған уақыты — 1868 жыл.  Ел аузындағы әңгімеге сенсек, кесенені салу үшін өзбек елінен, Үндістан мен Тәжікстаннан шеберлер шақыртылған. Жұмысшылар 150 мыңға жуық жылқының жал-құйрығын кесіп, биенің сүтін араластырып кесек басқан.

Бала кезімде әкем: «Кесененің беріктігі соншалық, табиғаттың сынына әлі талай жыл төтеп беретін еді. Зор өкінішіміз сол, 1918 жылы босқан атты казактар тамды зеңбірекпен атып, біраз бөлігін қиратты. Сегіз қабырғаға ілінген кілемдер, күмбезге ұсталған өнерлі мақпалдарды алып кетті» деп отырушы еді…

30 жылдан соң…

Біз баба ескерткішін сақтауда жанашырлық білдіріп, біраз еңбектенген, Алматыдағы жазушы ағамыз Үмбетбай УАЙДИНГЕ телефон шалған едік:

— Былтыр да, биыл да ауылға жол түспеді. Бірақ кесене жұмысы туралы сырттай сұрастырып жүрмін. Қалай жасалып жатқанына алаңдаймын.

Негізі, Жаныс бабамыздың кесенесін қалпына келтіру жұмыстары туралы

80-жылдары республикалық басылымдарда ғалымдардың материалдары жарық көрді. Дегенмен, бұл шаруа кейінге ысырылып келді. Бұдан 5-6 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне «Біздің де бабамыздың аты — Жаныс» деген мақала жазған едім. Онда Жаныс бидің кісілігі, даналығы туралы да, баба мазарын қалпына келтіру жұмыстарын бастау керектігі де жазылған болатын. Оған қоса біраз құзырлы мекемелерге де бардым. «Қазқайтажөндеу» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаевты қайта-қайта мазаладым. Ол тарихи ескерткіштерге жөндеу жұмыстарын жасау үшін арнайы жоспар құрылғандығын, сол бойынша кезегі келгенде жөнделетіндігін айтатын.

Жалпы, Жаныс би мазарының құрылысы бір жыл кешіктіріліп қолға алынды. Жоғарыдағылардың уәдесі бойынша жұмыс 2008 жылы басталуы тиіс-тін. Сосын 2009 жылы сол кезде Президент әкімшілігінде  қызмет істейтін Мәулен Әшімбаевқа хат жаздым. Көп кешіктей қуанышты хабар алып, бір жасап қалдым. Хатта жақын күндері жұмыстың басталатындығы жазылыпты.

30 жылдан соң қол жеткізген мүмкіндікті дұрыс, тиімді пайдалану енді бізге сын.

Бірінші уәж: жоба ғалымдармен бірлесіп әзірленді

Бекарыстан Мырзабеков,  облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекцияның директоры:

— Кесене жұмысының сапасына мен жауап бермеймін. Себебі, маманы емеспін. Білетінім, тиянақты зерттеуден кейін жұмыс басталды.

Мазар пішіні өзгергені туралы әңгіме түсінбестік болар. Өйткені ескерткішті 20-30 жыл бойы зерттеген ғалымдар жоба жасаларда мазарды қайтадан зерттеп, оның құрылысы қалай болатындығын нақтылады (Ал халықтың көріп жүргені — жүз жылда жел мен жаңбырға мүжілген кесене). Сөйтіп, «Қазқайтажөндеу» мекемесінің мамандары кесенені зерттеген ғалымдармен бірлесіп, мазардың жобасын дайындады. Бұл — бір.

Екіншіден, қазір сол жоба бойынша өте білгір маман, шебер Фазыл Тұрсыметовтің жетекшілігімен жұмыс жасалып жатыр. Қожа Ахмет Яссауи, Алашахан, Жошыхан, Айша бибі, Мұғалжар ауданындағы Байғанин тамы, Қобда ауданындағы Абат Байтақ кесенелерін қалпына келтіруде басшылық жасаған — осы, Фазыл Тұрсыметов. Сондықтан осындай өз ісін жетік білетін маманның жұмысында мін болмауы тиіс.

Айта кету керек, тарихи ескерткіштерді дәл сол қалпында қайтадан жасау әдісі Испания мен Италияда қолданылады. Мұндай қымбат технологияны пайдалануға еліміздің шамасы келмейді (Одақтың тұсында Балтық жағалауы елдері тарихи маңызды ескерткіштерді сақтап қалу үшін мол қаржы жұмсады). Сондықтан мамандар қолдан келгендерінше, мүмкіндіктерінше жұмыс жасауда.

Жаныс би ауылында жауапты адамдар жыл сайын екі рет басқосу өткізеді. Сонда ауылдан немесе ауданнан басшылар келмейді. Қатысуға ниет білдірген тұрғындар да болмады. Мектептен бір мұғалімді әзер таптық.

Бабаларының мазарындағы кірпішке биенің сүті пайдаланылғандығын мақтана айтушылар қазақтың әр ауылында кездеседі. Бірақ біз зерттеген тарихи ескерткіштерге қатысты бие сүтінің қолданылғанын дәлелдейтін негіз таппадық. Бие сүті — киелі. Оны аяққа басып, балшық илеу түгілі, қатты ашытып ішуге тыйым салынған. Оны тек қана сусын, ем ретінде пайдаланған.

Елімізде, біздің облыстың өзінде Жаныс тамы секілді ескерткіш көп. Сондықтан неге Ырғыз ауданындағы кесене ғана жөнделіп жатқаны туралы өкпе айтушылар да бар. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудің екі түрлі себебі бар сияқты: таяу жылдарда Лондонда жарық көрген «Қазақ киіз үйі» кітабында Жаныс тамына: «Қазақ даласында сақталып қалған сегіз қанатты киіз үй тәрізді кесене» деген  анықтама берілген. Сол кітаптағы деректі көрген министрліктегі азаматтар мазарға көңіл аударуы мүмкін. Бұл — бір. Екіншіден, Жаныс бидің ұрпағы Үмбетбай Уайдин осы мәселені біраз жылдан бері көтерген еді. Міне, нәтижесінде Жаныс бидің тамы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына еніп, ескерткіш қалпына келтіріліп жатыр.

Екінші уәж: жоба техникалық кеңестен өтті

Біз Жаныс би кесенесінде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде толығырақ білмек ниетпен «Қызылорда қайтажөндеу» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Бертай БИЖАНОВҚА телефон арқылы хабарласқан едік.

— Жаныс би кесенесін қайта жөндеу үшін үш жыл мерзім берілді. Бұл тым көп уақыт емес. Себебі, мұндай жұмыстарды жасағанда асықпау керек. Тарихи құнды ескерткіштерді қалпына келтіру үй тұрғызудан немесе ғимаратты салудан әлдеқайда күрделі болғандықтан, көп ізденіп, біраз тер төгуге тура келеді. Ескерткіштің бұрынғы қалпы қандай болғандығын анықтау, нақтылау, жобасын жасау бір бөлек шаруа, соған қоса оны тұрғызу үшін пайдаланылған материалдардың құрамын зерттеудің өзіне көп уақыт қажет. Мақсат — тезірек құтыла салу емес, ең бастысы, жанашырлықпен зерттеу, бұл құндылықтың еліміз үшін маңыздылығын жан дүниеңмен терең түсіне білу.

Қазір, шүкір, жұмыстардың басым бөлігі аяқталып  қалды.

Демек, жасалып жатқан жұмыстың сапасы жақсы дейсіз ғой. Дегенмен, жергілікті тұрғындар құрылыста кемшіліктер бар екендігін айтады. Қаланған кірпіштері біркелкі емес екен. Бұл туралы не айтасыз?

— Бізге Жаныс би мазарындағы кірпіштің құрамын анықтау қиынға түсті. Көптеген ескерткіштерді қалпына келтіруде біз Сауранның сазын пайдаланатынбыз. Сондықтан былтыр Жаныс бидің мазарына да сол сазды әкеліп, кірпіштерді дайындап едік. Дегенмен, оның түсі өзегешелеу болғаны рас. Көпке шыдамауы да мүмкін. Себебі, оңтүстіктің сазының қысы қатал Ақтөбенің ауа райына төтеп беруі қиын. Саураннан әкелінген саздан дайындалған кірпіштер көңілден шықпаған соң, биыл Қобданың сазын пайдаланып, сол жердегі цехта кірпіш дайындадық. Оның сапасы жақсы әрі түсі де бұрынғы кірпішке ұқсас. Қайта-қайта сынақ жүргізіп, ісіміздің дұрыстығына әбден көз жеткізуден шаршаған емеспіз. Кірпіштерді  дайындау — соның бір парасы. Келесі жылы түсі сәйкес келмейтін ақшыл қызыл тастарды бұзып, орнына Қобдада дайындалған кірпіштерді қалаймыз.

Мазарды кірпішпен өру де қиын. Бұрыштарын келтіре алмай әлекке түсеміз. Тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары кезінде құрылысқа қажетті электр бұйымдарын  пайдалануға мүлде болмайды. Әр қышты қолымызбен аламыз.

Кірпіш берік, мықты болуы үшін күріштің кебегін өртеп, күлін пайдаландық. Құрылыс жұмыстары үшін әкті — Түркістаннан, гипсті (Г-16) — Алматыдан тасимыз. Оны жеткізу оңай шаруа емес. Айта кету керек, Жаныс би мазарындағыдай көлемі 35×35 болатын тастар бұрын-соңды кездескен жоқ. Мұндай үлкен тастарды дайындау да қиын болды. Өйткені қанша мұқият істегеннің өзінде біраз кірпіш жарылып кетті. Мұнда стандартқа сай келмейтін кесектер өте көп. Мысалы,  35×18, 35×17, 35×16.

Тұрғындар «Кесененің тарихи мәні жоғалып бара жатыр. Төбесі дөңгелек болатын, қазір үшкірленіп кеткен. Әрі мазардың есігін өте кішірейтіп тастаған» деп отыр. Бұған қандай уәж айтсыз?

— Жұмысты бастамас бұрын оның жобасы әзірленді. Бұл бір жылда жасалған, асығыстықпен істелген шаруа емес. Яғни бір адамның ой-пікірі, болжамының негізінде жасалған жоқ. Бұл — көп ізденістің қорытындысы, ұзақ  сараптау, саралау, талдау жасалып барып қабылданған үлкен ұжымның жұмысы. Жоба техникалық кеңестен өтті.

Жаныс би — әулие кісі. Есіктің кішірек болуы әулиеге сәлем беріп, еңкейіп кіру керектігін білдіреді.

Кесенені қалпына келтіру жұмыстарына басшылық жасайтын Фазыл Тұрсыметов «Қызыорда қайтажөндеу» мекемесінде 1984 жылдан бері еңбек етіп келеді. Көптеген ескерткіштерді жөндеу жұмыстарына жетекшілік еткен білікті маман. Мазар жұмыстарын жүргізуге осы Фазыл Тұрсыметов бастаған 12 адам жұмылдырылды. Ал Қобдадағы кірпіш цехында 6 адам жұмыс істейді. Ондағы шебер мен бригадир де өз істерін жетік біледі.

— Жалпы, мазарды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен қанша ақша бөлінген еді және  қаржы толық игерілді ме?

— Бастапқы жылы 15 миллион, биыл 17 миллион 200 мың теңге бөлінді. Барлық қаржы толық игерілді. Бұл соншалықты көп қаржы болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, әлгінде айтқан қиындықтар бар, бір жұмысты бірнеше рет істеуге тура келеді. Онсыз жұмыс ілгері баспайды. Мұның өзіне біршама қаржы кетті. Бір кірпіш үшін жұмсалатын шикізаттың құны — 800 теңге. 350 кірпішті дайындауға 10 текше метр ағаш жағылады (ағаштан басқа отын түрін пайдалануға болмайды). Ақшаның 60-70 пайызына құрылыс материалдарын  аламыз. Цех жеке адамның территориясында тұр. Сондықтан оған ай сайын 250 мың теңге төлейтініміз тағы бар. Бөлінген қаржының 30 пайызға жуығына салық төлейміз.  Жоғарыда көрсетілген қаражаттан жұмысшылардың жалақысын төлейміз.

Келесі жылы қанша қаржы бөлінетіні белгісіз.

— Белгіленген межеде құрылыс жұмыстары толық аяқтала ма?

— Аяқтаймыз деп сеніммен айта аламын. Себебі, жұмыстың дені бітті. Келесі жылы өзгеше кірпіштерді алмастырамыз, күмбезін қаптап, ішкі жұмыстарын жасаймыз. Бұдан да басқа шаруалар бар. Дегенмен, үлгереміз.

Әзірге құрылыс көзге қораш  көрініп тұр.  Жұмыс толық аяқталғанда тұрғындар бізге алғыс айтатын болады.

Сонымен, мамандар тұрғындар сынына қатысты өз уәждерін айтып отыр. Бертай Бижановтың сөзіне сенсек, біркелкі емес  кірпіштер алмастырылады. Мазар жұмысына жауапты мамандардың ел-жұрттың ризашылығына  бөленетін уақыт алыс емес. Дегенмен, тұрғындардың наразылығын тудырған құрылыстың қалай аяқталатынына уақыт төреші.

Дерек

Жаныс би Сығайұлы (1769-1867 ж.ж.) — Төртқара руының биі. Ырғыз өңірінде ел басқару ісіне ерте араласып, билік құрған. Ел мен ел, ру мен ру арасындағы үлкен даулардың төбе биі болған. Онда Құламан тайпасының Алтай тармағының ресейлік патша өкіметі құптаған мөрі болған. Мөр өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін сақталған. 2006 жылы Ырғыз ауданының Жаңа құрылыс ауылына Жаныс би есімі берілді.

***

Жаныс би кесенесі

ХІХ ғасырдағы ескерткіш. Кесене мәдени мұра ретінде елімізде ғана емес, шетелдерге де таныс.

Кесене Құрылыс ауылының оңтүстік-батысында 20 шақырым жерде орналасқан. Қабырғасының төменгі бөлігі 8 қырлы, жоғарғы бөлігі сағанаға ұқсас 8 және 41 қырлы барабан шеңбері түрінде қаланған. Күмбезі пирамида тәріздес сатыланып қаланып аяқталған. Қабырғалары күйдірілген саз балшық араластырылып өрілген. Мазарды Әлімнің төртқара руының биі Жаныс көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Кесене аса көрнекті жерге, өзге мазарларға ұқсамайтын шеберлікпен салынған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button