Мәдениет

Фантаст-жазушы — Жүніс Сахиев

Қазақ әдебиетінде фантастика саласына келетіндер некен-саяқ. Тіпті бірен-саран ғана. Сол бірен-саранның бірі де бірегейі Жүніс Сахиев жақында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында оқырмандармен кездесу өткізді.

Әскерде жүріп радист, радиотелеграфшы болып әскери қызметін өтеген Жүніс Сахиев туған жері Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылында аудандық байланыс бөлімшесінде телеграфшы, радиоторапта техник, Қазақстан Гидро-метеорология қызметінің Шаян стансасында ауа райын бақылаушы, Алматы қаласындағы мақта-мата комбинатының автоматты телефон стансасында техник болып жұмыс істейді. Әуелден аспан денелерінің құпияларына қызыға қарап, түнімен жымыңдаған жұлдыздардан көз алмайтын бала Жүністің фантастикаға келуіне техникалық қызмет атқаруы да оңтайлы жағдай жасаған болар. Ғылыми орталықтардан алыс жатқан, планетарийі мен обсерваториясы жоқ сонау шалғайдағы ауылда еңбек ете жүріп, әңгімені былай қойғанда,  алғашқы романын жазды. Жұрт ойлайтындай, мұндай құлашты тың шығармаға институт немесе университет бітіргендер баруы керек қой. Жоқ, әлі жоғары оқу орнына әлі оқуға түспеген 21 жастағы Жүніс болашақ сериялы ғылыми-фантастикалық шығармаларын «Кеңістік көшпенділері» деп, ал оның бірінші романын «Тіршілік ұясы» деп атады.

Міне, үлкен шығармашылыққа осылайша қадам жасаған Жүніс Сахиев 1972 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1977 жылы бітіріп шығады.

Университет қабырғасында білімін толықтыра жүріп 1974 жылы «Атлантида жаңғырығы» ұжымдық ғылыми-фантастикалық повесть-бурименің үшінші бөлімі «Тұңғиықта» деген атпен «Қазақстан пионері» газетінде алғаш рет жарық көрді. Ал 1976 жылы Мәскеуден шығатын «Земля и Вселенная» ғылыми-көпшілік журналында Айдың 1975 жылғы шілдедегі тұтылуына жасаған ғылыми зерттеуінің жариялануы автордың сол кезде-ақ Мәскеу ғалымдарының назарына ілінгені анық. Кейін Ж.Сахиевтың «Кеңістік көшпенділері» сериясымен жазған бірнеше романы әр жылдары «Жалын», «Жазушы», «Білім», «Ғылым», «Елорда», «Фолиант» баспаларынан жарық көрді.

Жүніс Сахиевтің шығармашылығы жай фантастика, ойдан шығарылған қиял-ғажайып оқиға емес, қай еңбегі де ғылыммен тығыз байланысты. Жазушының «Жаңбыр жауғанда» ғылыми-фантастикалық романындағы кемеммен ауа райын өзгерте алу идеясы қазіргі кезде шындыққа айналды. Мәселен, қазір әуе кемелері арқылы бұлттарды ыдыратуға болатынын көзімізбен көріп жүрміз. «Шолпанға көшкен ауыл» романындағы негізгі мазмұн тіріні де, затты да жарық сәулесімен өзге орынға көшіруге болатыны туралы еді. Бұл идеяны кейін Австралия университетінің ғалымдары қандай да бір затты лазер сәулесімен бөлшектеп жіберіп, секундтың бір бөлігіндей ғана уақыттың ішінде екінші жерге көшіріп, қайта қалпына келтіруге болатынын тәжірибемен жүзеге асырды.

Жүніс Сахиев 1989 жылы Латвияның астанасы Ригада өткен фантаст-жазушылардың семинарында бірінші болып КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өтуге семинар атынан кепілдеме алған. «Қимайтын әлем» атты ғылыми-фантастикалық романының журналдық нұсқасы чех және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Ол ғалым ретінде 1988 жылы Марсқа жасаған ғылыми-зертеу еңбектері үшін КСРО Ғылым Академиясы құрамындағы Бүкілодақтық Астрономия-геодезия қоғамына толық мүше болып қабылданды.

Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің орталық ғылыми кітапханасы «Жүніс Сахиев» атты библиографиялық көрсеткішті қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарды.

Б.Снабаева,

С.Бәйішев атындағы ӘҒК директорының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button