Мәдениет

«Өнер адамдарына бастықтың керегі жоқ.

Мен оларға жанашыр, әріптес ретінде керекпін»

Ол бала күннен өнерге жақын жүрді. Бірақ болашағын өнер әлемімен, мәдениет саласымен байланыстырамын деп ойламаған еді. Ұстаздарының ұсынысымен Шымкенттегі Әл Фараби атындағы мәдениет институтына оқуға түсті. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы үйінде бастап, осы жерде 14 жыл бойы қызмет етті. Ал 2003 жылдан бері Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып келеді.

Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз — Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева.

— Маржан Нағашыбекқызы, ақтөбелік өнер адамдары үшін сіз олардың ет жақыны сияқтысыз, былайша айтқанда, «өз адамы» болып кеткен жансыз. Жалпы, мәдениет саласына қалай келдіңіз? Бәлкім, ата-анаңыз осы саланың адамдары болар?..

— Тіпті де олай емес. Әкем — білім беру саласының қызметкері, 40 жыл бойы мұғалім болған адам. Ал өзім мектепте жүргенде экономист болсам деп ойлайтынмын. Мектепте өте белсенді оқушы болдым. Сабағымды үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен қатар, көптеген үйірмелерге қатыстым. Домбыраны, биді сол үйірмелерде үйрендім. Мектепте өтетін мәдени, спорттық шараларға әрдайым қатысып, кейде өз тарапымнан бастамалар да айтып, ұстаздарымды разы қылатынмын. Маған көбіне мектептегі кездесу, кештерді ұйымдастыру, жүргізу секілді жауапты істер тапсырылатын. Ал, біз мектеп бітіретін жылы, ауданымызға Әл Фараби атындағы мәдениет институтына жолдама келген екен, ұстаздарым мені сол жолдамамен Шымкентке баруға үгіттеді. Ол кезде оқуға түсу оңай емес, ал жолдаманың айтарлықтай көмегі тиюі мүмкін. Мен осыны ойладым. Расында да, сол жылы жолым болды. Ал оқуға түскеннен кейінгі алғашқы айларда көңілімде: «Қалаған басқа мамандық еді ғой…» — деген ой бой көтеріп қалып жүрді. Алайда ондай ой ұзаққа созылған жоқ, өйткені студент кезімізде-ақ біз Шымкенттегі Мәдениет үйлерінде, аула клубтарында өтетін шараларға жиі қатысып, соларға қандай жаңалықтар қосамыз, қайткенде тартымдырақ етеміз деп, ізденістер соңына түстік те кеттік. Төрт жыл солай зымырап өте шығыпты. Оқуды бітіргеннен кейін Ақтөбеге, облыстық шығармашылық үйіне жұмысқа орналастым. Осы жерде Дәлелхан Өскенбаев, Аушат Баймұратұлы, Владимир Гужан сынды тәжірибелі, өте сауатты жандардың мектебінен өттім. Осы кісілерді өзіме ұстаз санаймын. Алғашында мен екі жыл әдіскер болып істедім. Екі жылдан соң әріптестерім бөлім меңгерушілігіне ұсынды. Сонда 23 жаста едім. Қатты қобалжыдым. Бірақ жоғарыда аталған әріптес ағаларым: «Бұл жұмысқа сенің қабілет-қарымың жетеді» — деп, маған сенім білдірді. Осы қызметіме байланысты бір жағынан ауыл клубтары, аудандық мәдениет мекемелеріне әдістемелік-практикалық көмек ұйымдастырып, екінші жағынан облыс орталығында өтетін белгілі сазгер, әнші, ақын-жазушылардың шығармашылық кештеріне жауапты бола жүріп, ауылдағы таланттардан бастап, бүкіл ел танитын майталмандарға дейін — өнер адамдарымен қоян-қолтық араласып, солардың мұң-мұқтажын өз мұңымдай, солардың жетістігін өз қуанышымдай көріп кеттім десем де болады. Мен, мысалы, Ақтөбеде Ілия Жақановтың, Асанәлі Әшімовтың, Өтежан Нұрғалиевтің, Есенбай Дүйсенбаевтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Бақыт Жанғалиеваның, Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтың және басқа белгілі адамдардың шығармашылық кештерін ұйымдастырып-өткізуге тікелей атсалыстым. Бұл — өте қызық та қиын жұмыс. Шығармашылық кеш ұйымдастыруды қолға алғанда, сол кеш иесін де және кешке келетін өнерсүйер қауымды да барынша риза еткің келеді, соны ойлап қатты қобалжисың. Екінші жағынан, кеш иесінің шығармашылығына, оны зерттеген адамдардың еңбектеріне үңілсең, оның жан-дүниесін түсінуге талпынасың, ал бұл — өзіндік қызығы мол, жан-дүниеңді шексіз рухани ләззатқа бөлейтін ізденіс. Өнер адамдарының ортасы — мүлде басқа әлем. Мен өз тағдырымды, әр күнімді сол ортамен байланыстырғаныма өкінбеймін, керісінше, әрдайым қуанумен келемін…

—      Жаңа сіз ауылдағы таланттар дегенді де айттыңыз. Нақты адамдардың атын атар ма екенсіз? Жалпы, көкейімізде жүрген бір сауал — соңғы кезде ауылдағы таланттар көрінбей, көміліп қалып жатқан секілді емес пе?

—      Соңғы сауалыңыздан бастасам — халқымызда «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» — деген сөз бар. Керісінше, соңғы кездері түрлі өнер сайыстары, айтыс, байқаулар, басқа да шаралар жиі ұйымдастырылып жүр, яғни жарып шыға алатын адамға мүмкіндік мол. Әйткенмен, есіме түсіп отыр: бұрын облыс орталығында аудандардың күндері тұрақты түрде өткізілетін. Бұл дәстүр соңғы 8-9 жыл шамасында үзіліп қалды. Оған кезіндегі экономикалық қиындықтардың салқыны тиген еді. Ал, қазір, еңсемізді  қайта тіктеген тұста, бәлкім, сол дәстүрді қайта жалғастыру туралы ойланған жөн болар? Өйткені облыс орталығында өтетін мәдениет күндерінде әзірлікке аудан әкімінің өзі көңіл бөледі, ал оған көңіл бөлген соң, аудандағы мәдениет мекемелерінің хал-жағдайымен танысады, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, мамандармен қамту секілді мәселелермен де айналысады. Солай болғанын кезінде өзіміз көрген едік. Оған қоса, аудандардың мәдениет күндері, бір-бірімен танысып, бір-бірінен үйреніп дегендей, әр аудан, ауылдардағы таланттарға да үлкен бір серпіліс әкеліп, оларды тың құлшыныстарға жетелейтін.

Расында, біздің елімізде де, мынау көрші Ресейдегі жағдайға үңілсеңіз де, бүкіл жұртқа танымал болған тұлғалар көп жағдайда өздерінің алғашқы қадамын қалалық, облыстық деңгейдегі шаралардан бастайды. Осы тұрғыда біз көптеген таланттардың алғашқы қадамына, алғашқы жетістіктеріне куә болып, екінші жағынан — соған ұйтқы да болып келе жатырмыз деп айта аламын. Мысалы, танымал әнші Аллаберген Жақсыбаев маған бір қызық әңгіме айтты. Кезінде ол облыс орталығында эстрада жанры бойынша өткен байқаулардың біріне Комсомол ауданы атынан қатысып, бірінші орынды жеңіп алған. Нақ сол байқауда мен жүргізуші болдым. «Сол жеңісімнен кейін менде әнші ретінде әлі де алысқа танылсам, үлкен жетістіктерге жетсем деген ой пайда болды», — дейді Аллберген. Облыс орталығына қоныс аударуына себепші болған да — сол жолғы жеңісі екен. Біз үшін күнделікті жұмыс көрінетін көптеген шаралар өнер адамдары үшін — жаңа баспалдақ, жаңа өмірдің бастауы болуы мүмкін. Осыны әріптестеріме әрдайым айтып отырамын.

Біз ұйымдастырған шаралардың көркі болған тағы бір адам есіме түсіп отыр — Бақыт Басығараев. Өнерсүйер қауым көзі тірі Қазанғап сынды қабылдаған бұл кісі — арнайы музыкалық білімі де жоқ, қарапайым ауыл адамы болатын. Бірақ талантты, парасатты, көрген-түйгені мол Бақыт ағамыздың Қазанғап мұрасын жинақтап-сақтау ісіне, қазанғаптануға қосқан үлесі — бір төбе емес пе?

— Соңғы кездері сахнада ішкі мазмұннан гөрі, сыртқы жылтырақ, айқай басым болып кетті деген пікір айтылып жүр…

— Мен бұл пікірмен келіспеймін. Басқа жерлерді білмеймін, Ақтөбеде өтетін мерекелік, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру барысында өз басым олардың ұлттық бояуы, тәрбиелік мәні болуына қатты көңіл бөлемін. Әсіресе, жұрт көп жиналатын мерекелік шаралардан адамдар тек көңіл көтеріп қана қоймай, рухани азық алып, ұлтын, тарихын танып-білу тұрғысынан, өзін қандай да бір олжамен қайтқандай сезінуі тиіс. Біздегі шығармашылық ұжымдар да осы тарапта әрдайым ізденіп жүретінін ешкім жоққа шығара алмас деймін. Айталық, «Әлия гүлі» ансамблі биыл өз репертуарына «Жайлауда» аталатын жаңа туынды әзірлеп-қосып отыр. Мұнда қазақ қыз-келіншектерінің жайлаудағы тірлігіне қатысты көріністер аса бір нәзіктікпен беріледі. Жүн сабап, текемет басу, бие сауу, осы секілді басқа да көріністер бұрынғы ауыл балалары — бізге таныс болғанымен, қазіргі балалар үшін — мүлде бейтаныс дүние. Оны кітаптан оқу — бір бөлек те, ал нәзік би қимылдары арқылы көз алдыңа елестетудің әсері басқа болмақ. Бұл туындыны көрермендер өте жылы қабылдады. Тек өз елімізде ғана емес, жуырда Украинада өткен халықаралық байқаудан да «Әлия гүлі» нақ осы туынды арқылы бас жүлдені алып қайтты. Мен осындай мәнді, мағыналы шыққан әр туындыға қуанамын, сондай дүниелер көп болса деп жүремін.

— Қазіргі қызметіңіз шығармашылық жұмыстарыңызға, өнер адамдарымен қарым-қатынасыңызға кедергі емес пе?

— Қаламызда 5 мәдениет үйі, 1 мемлекеттік саябақ, 12 кітапхана бар. Солардың қаржыландырылуы, материалдық-техникалық базасы, басқа да мәселелер —  менің күнделікті жұмысым. Әрине, көбірек еңбектенуге тура келеді: кешкілік те, демалыс күндері де құжаттармен жұмыс жасайсың. Бірақ шығармашылық ортадан да қол үзе алмаймын. Қарым-қатынас мәселесіне келсек, әншіге кекірейген бастықтың көмегі болмайды, мен оған қашан да жанашыр ретінде, әріптес ретінде керекпін. Өнер адамы өзінің өнерін бағалайтындарды ғана қабылдайды. Оны жақсы түсінемін.

— Ақтөбеде меценаттар бар ма?

— Мен өнер адамдарына деген қамқорлықтың әр кез жоғарғы деңгейде болғанын қалаймын. Әрине, біздің қаламыздағы бизнесмен азаматтардың мүмкіндіктері мол, бірақ, менің ойымша, өнер адамына бар мүмкіндіктерімен қолдау көрсетіп жүрген өнер жанашырлары аз сияқты.

— Арманыңыз?

— Қаламызға бір Мәдениет сарайы керек-ау деймін. Өнерге жақын жас та бар бізде, кәрі де бар… Солардың бәрінің басы бір шаңырақтың астында қосылса деп армандаймын.

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button