Мәдениет

Үш бірліктің үлгісі

Дәрігер. Ұстаз. Ғалым. Осы үш атты да абыройлы алып жүрген, өзі саналы ғұмырын арнаған үш жолда да үлкен табыстарға жетіп, жұртының сый-құрметіне бөленген жан — ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті госпитальды терапия кафедрасының профессоры, ҚР медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі Қыдырқожа Жаманқұлов осы мамандықты әу баста таңдап алып еді.

Қыдырқожа Жаманқұловтың туған жері — Атырау облысының Құрманғазы ауданы. Исі қазақ үшін киелі саналатын — әйгілі Бейбарыс бабамыз дүниеге келген, Алтын Орданың астанасы Сарайшықтың орны бар, Есік қорғанындағы сақ ханзадасынан кейін, зерттеушілер сармат билеушісінің мүрдесі санаған тағы бір Алтын адам табылған, Исатай, Махамбеттер дүбірлеткен — Атырау өңірі ол тұста қызыл империяның момақан  жатқан алыс бір түкпіріне айналған еді. Елде ауру-сырқау  көп, тұрмыс – жүдеу. Кейіпкеріміз анасынан ерте айрылып, інісімен бірге жақын туысының қолында өсті. Бала кезінде оны ауру-сырқау да көп айналдыратын. Соған қарамастан мектепте өте жақсы оқыды. Әсіресе,  физика, математика пәндерінен өз мектебінің ең алғыр оқушысы атанды. Сондықтан да мектепті  бітірер кезде ұстаздары оған білімін әрі жалғастыру үшін математика саласын таңдауға кеңес берген болатын. Бірақ жас Қыдырқожа дәрігер болуды қалады.  Сөйтіп, жұрт кесіп-пішіп  қойғандай үй іргесіндегі Гурьев педагогикалық  институтына емес, алыс Ақтөбедегі медициналық институтқа жол тартты. Мұнда ол барлық емтихандардан сүрінбей өткен еді. Әйткенмен ең соңғы сәтте қабылдау комиссиясы мүшесінен естігені:

— Сен тізімде жоқсың! — болды.

Әп-сәтте жүзі әлем-тапырақтанып кеткен Қыдырқожаны әлгі әйел:

— Ештеңе етпес, қарағым. Жақсылап дайындалсаң, келесі жылы түсіп кетерсің, — деп шығарып салды.

Ол бөлмесіне келіп, ауылға қайтуға жинала бастады. Ал кешкілік сол институттың екінші курсында оқитын ауылдасын кезіктірді. Ол мұны құттықтап, қуанышын білдіріп жатыр.

— Бірақ мен оқуға түскен жоқпын ғой?

— Қалайша? Сенің аты-жөніңді қабылданғандар тізімінен өз көзіммен көрдім, — деп таңғалды ауылдасы.

Ертеңіне қабылдау комиссиясына қайта келді. Бақытына  қарай, ауылдасының айтқаны рас болып шықты. Дегенмен  оқуға қабылданғанын білмей тұрғандағы «түсе алмай қалғаным ба?» — деген ащы  өкініш дәмін ол есінен шығармады. Соның әсері болар, оқуға басқалардан гөрі екі есе құлшыныспен кірісті. Табиғатынан алғыр, дарынды жас сөйтіп бірден-ақ институттағы ең үздік студенттер қатарына іліккен еді.

Институттың емдеу факультетін сол үздіктер қатарында тәмамдады. Нақ сол тұста институт басшылығына алты студентті аспирантураға жіберуге нұсқау келген. Бірақ Қыдырқожаға оқуын аспирантурада жалғастыру жөніндегі ұсыныстан бас тартуға тура келді:  еңбек етіп, соңынан ерген інісіне көмектессем деді.  Аспирантурадан бас тартқаннан кейін басшылық оған госпитальды терапия кафедрасының клиникалық ординатурасында қалуды ұсынды.

Арада екі жыл өткенде ол Дондағы Ростов қаласындағы медицина институты аспирантурасына жіберілді. Осы жерде «Гипертония ауруында қан айналым көрсеткіштерінің динамикасы және оның емі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, соңынан өзі түлегі болып табылатын институт қабырғасына қайта оралды. Алдымен ішкі аурулар пропедевтикасы  кафедрасында ассистент болып істеген ол екі жылдан соң аталмыш кафедраның меңгерушілігі қызметіне жоғарылатылды. Осы қызметті 18 жыл бойы атқарды. Тек 1991 жылы ғана ол госпитальды терапия кафедрасының меңгерушілігіне ауысты және бүгінге дейін осы кафедрада еңбек етіп келеді.

Қыдырқожа Жаманқұлов өзінің докторлық диссертациясын 1990 жылы Ленинград (қазіргі — Санкт-Петербург) қаласында қорғады. «Хром қосындылары әсерлерінің алғашқы диагностикасы және хром патологиясының алдын алуды клиникалық-гигиеналық тұрғыдан негіздеу» тақырыбындағы оның диссертациясы ұзақ жылдар бойғы ізденістің жемісі еді. Жалпы, хромның адам ағзасына теріс әсерлері — бұрын әлемдік медицина көп зерттелмеген тақырып болатын. Бұл тақырыпты ғалымның өңіріміздің ерекшеліктерін ескере отырып таңдағаны анық. Хром қоры жөнінде Қазақстан әлемде екінші орында болса, ол қор, негізінен, Ақтөбе жерінде екені белгілі. Ақтөбе хром қосындылары зауыты 1956 жылы салынды. Сонымен қатар Ақтөбе темірқорытпа зауыты еңбеккерлері де хром қосындыларының зиянды әсерлерінен тыс қала алмайды. Осы екі зауыт еңбеккерлерінің  денсаулығын ұзақ жылдар бойы бақылауға алған Қыдырқожа Абдолкәрімұлы хром қосындыларының зиянды әсерлері ғана емес, сол қосындылармен жұмыс істеу салдарынан туындайтын ауыр дерттерді дер кезінде анықтау, тіпті олардың алдын алу бағытында да көптеген ақпараттар мен құнды тұжырымдарды алға тартты. Хром қосындыларының адам ағзасында тыныс жолдары қатерлі ісігінің пайда болуына тікелей әсері бар. Зерттеулер осы қатерлі дерттің зауыт еңбеккерлері арасында, қаланың басқа тұрғындарымен салыстырғанда, алты есе жиі кездесетінін көрсеткен. Ғалым зерттеулерінің қорытындылары билікке де, ғылыми ортаға да қозғау салды. Ал дәрігерлер хром өндірісі еңбеккерлеріне қызмет көрсету барысында ғалымның ақыл-кеңестерін іс жүзінде пайдаланып жүр.

Профессор Жаманқұлов — көптеген оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдарының, сөздіктердің авторы. Оның бұл бағыттағы алғашқы қадамдары 1990 жылдары, институтта қазақ бөлімі ашылған тұста басталған болатын. Қазақша оқыту мүмкіндігі пайда болды, бірақ оқулықтар, оқу құралдары жоқ. Осы мәселе төңірегінде әріптестерімен әңгімелесе қалғанда ол әрдайым: «Сол оқулықтарды бізге ешкім де әкеліп бермейді. Оларды әзірлеп, жазып шығатын — өзіміз» — дейтін. Айтып қана қойған жоқ, осы іске алғашқылардың бірі болып белсене кірісті. Бұл сөзіміздің бір айғағы — 1992 жылы жарыққа шыққан «Ішкі аурулар пропедевтикасы» дәрістер жинағы. Бұл еңбек еліміздің жоғары оқу орындарында бүгінге дейін пайдаланылып келе жатыр.

Жалпы, профессор Жаманқұлов 150-ден аса ғылыми жұмыс және 20-дан астам оқулықтар мен оқу құралдарын жарыққа шығарды. Олардың арасында «Терапиялық терминдердің орысша-латынша-қазақша түсіндірме сөздігі» (1994 жыл); «Ішкі аурулар» оқулығы (2008 жыл), «Медициналық терминдердің энциклопедиялық сөздігі» (2010 жыл), т.б. еңбектері әріптестері тарапынан жоғары бағаға ие болды. Айта кетейік, үш томдық «Медициналық терминдердің энциклопедиялық сөздігі» осы бағыттағы қазақ тіліндегі тұңғыш  еңбек болып табылады және 50 мыңнан (!) астам терминді қамтиды. Бұл еңбек — он жылдан астам уақыт  төгілген тердің жемісі.

Қыдырқожа Жаманқұлов терапевт-дәрігер ретінде де жарты ғасырдай уақыт ішінде клиникалық жұмыстан қолын үзген емес. Оның басты қағидасы  — дәрігерлікке  баулитын адам алдымен өзі білікті дәрігер болуы тиіс. Осы орайда біз әңгімені профессор Қыдырқожа Жаманқұловтың  әріптестеріне түйіндеткенді жөн көрдік:

Тілек ЖҰМАБАЕВА, медицина ғылымдарының кандидаты:

— Ауруды анықтап, диагнозды дәл қою мәселесіне келгенде, Ақтөбеде профессор Жаманқұловқа тең келетіндер өте аз. Ол басқа дәрігерлер көрмей, ескермей кеткен ұсақ-түйектерге де барынша мән береді. Ауруды анықтау, ем тағайындау мәселесінде қиындықтар туындай қалған жағдайда, әріптестері ең алдымен профессор Жаманқұловтың ақыл-кеңесіне жүгінеді.

Қайырғали АХМЕТОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

— Қыдырқожа Абдолкәрімұлы 70 жасқа шаршамай, ентікпей, өзінің жинаған бай тәжірибесімен, жас ұрпаққа үлгі болатын дәрежеде жетіп отыр. Ол қай істе де өзін  жоғары дәрежелі маман ретінде көрсете алды. Әрине,  бүгінде атақ, дәреже талайларда бар. Атақ, абыройға бір басының басқалардан  жоғары, артық болуын күйттеген өзімшіл ыжаһаттылықпен, пысықайлықпен жетіп жүргендер аз емес. Ал атақ, абыройға еліне, жұртына деген жанашырлық, жауапкершілік сезімі арқылы жеткен, «барлық бақыт — еңбекте» деп түсінетін Қыдырқожа Жаманқұлов сынды жандардың жөні — бір бөлек. Ондай жандар елдің бақыты деп білемін. Әр нәрсеге  өзіндік пікірі бар, жалған дүниенің ұсақ-түйегінен өзін биік ұстап, о бастағы үлкен арман-мақсатынан  таймай келе жатқан Қыдырқожаны өз басым жаяу жүріп аттыларға есесін жібермегендер қатарына қосамын.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button