Мәдениет

Жаңа маусымның не жаңалығы бар?

Театр

Тахауи Ахтанов атындағы драма театрдың сырт  көрінісі көз тоярлық, көрген жанның көңілі бітеді. Ал енді «Осы ғимараттың іші қандай болды екен, қандай жаңа қойылымдар қойылып жатыр екен?» деген ой кез келген көрерменнің көкейінде тұратыны анық. Шынында, театр маусымы  қалыптасқан дәстүр бойынша қазан айында басталуы тиіс  еді. Ел-жұрт әлі күнге театрдың есігінен ене алмай тұр. Осының себебін білмек ниетпен театрға бас сұққан едік.

«Театр маусымы қарашаның бірінші онкүндігінде ашылады»

Т.Ахтанов атындағы драма театрдың директоры Жеңіс Қалқабековке жолығып, мән-жайды білмек болдық.

— Жеңіс Әбетбекұлы, көрермендер театр деп ынтығулы, маусым қашан ашылады?  Қандай жаңалықтар бар?

— Театрдың күрделі жөндеуден өткенін білесіздер, әлі де ұсақ-түйек шаруалары бітпей жатыр. Қарашаның  9-10-11 жұлдыздарында маусым ашылады деп есептеп отырмыз. Бір жыл ішінде  бұрынғы қойылған спектакльдердің декорациясына нұқсан келді, олардың көбін қайта  қалпына келтіру керек болды.  Оны жаңалау үшін де жаңа спектакльге кететін шығын  кетеді. 7-8 спектакльді қайта жаңғыртып жатырмыз.

Қазақ труппасының театр маусымын «Айман-Шолпанмен» ашатын дәстүрі бар еді, бұл жолы жаңалық ретінде «Қара Қыпшақ Қобыланды» спектаклімен ашпақ. Театрдың көркемдік жетекшісі Мағзом Сәпиұлы осы спектакльді қысқартып, актерлермен дайындық жасап жатыр.

Сондай-ақ  Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған шараларға қызу даярлық жүргізілуде.

Маусыммен қатар театрда кафе ашылып, халыққа қызмет көрсететін болады.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті жанындағы көп салалы колледжде ашылған  актерлік өнер бөліміне театр ғимараты ішінен кабинет берілді,  кейбір  арнаулы сабақтарды осында өткізеді. Сол сияқты  орыс труппасының актрисасы Ольга Павлованың «Лестница» атты экспериментальді жастар театры да осында қоныс тебеді. Мақсат – театрды  үлкен өнер орталығына айналдыру.

«Кәсіби театрдың ғана беделі биіктейді»

Қазақ труппасының бас режиссері Сырым  Асқаровтың Игорь Саввин мен Жұмабай Тәшеновтің «Көшеде жүрген пақырды, әкім  бол деп шақырды» атты пьесасын сахналауға кірісіп кеткені оқырмандарға мәлім.

— Сырым Ерікұлы, бұл пьесаны таңдауыңызға не себеп? Қойылым 1 желтоқсанда сахнаға шығады деп естідік,  уақыт тым тығыз емес пе, дайындап үлгере аласыздар ма?

— Бұл пьесаның қозғап отырған тақырыбы да, жанры да өзіме өте ұнады. Әлі күнге мәнін жолғалтпаған мәселе, Гогольдің «Ревизорымен» үндес. Жағымпаздық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық  туралы. Ал спектакльді дайындауға бөлінген уақыт тым қысқа, қиын екені қиын, әрине.  Дегенмен берілген мерзім ішінде үлгеруге тырысамыз ғой.

— Бұл спектакльге де театрға былтыр келген Темірбек Жүргенов атындағы  театр академиясының  түлектері  қатысатын шығар?

— Жоқ. Бұл қойылымға Бақыт Айтова, Ғазиз Обаев,  Дәметкен Құсайынова, Қазихан Балдайыров, Нұрсұлтан Айтқалиев, Кеңес Кемалбаев, Майгүл Мұзбаева,  Шынтас Омаров, Айнагүл Өлмесекова сияқты осы жердің жергілікті актерлері қатысады. Өзіміздегі бар актерлердің  мүмкіндігін пайдаланамыз. Себебі менімен бірге келген алты актердің төртеуі жұмыстан шығып, елдеріне кетіп қалды.

Неге?

— Өйткені баспана мәселесі шешілмеді, ал менің  тұрып жатқан пәтерімнің де аты бар да, заты жоқ. Күн суытса, мұз қатып қалатын үйге бала-шағамды әкелуге қорқып отырмын.  Бұл — өкпе-реніш емес, қалай бар, солай айтып отырмын. Қалған екі актердің бірі  ақтөбелік болғандықтан, осында жүр, ал екінші актриса осы жердің бір азаматына  тұрмысқа шыққан болатын.

— Жалпы, Ақтөбедегі театр өнеріне деген көзқарасыңыз қандай, қазақ труппасына қатысты не айтасыз?

—  Облыстық әкімшілік  тарапынан театрға деген көзқарас түзу, театрдың материалдық-техникалық базасы жақсы. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Мысалы, қыркүйек айында Ақтөбеден Санкт-Петербургке барып, қазақстандық он адамның бірі болып Санкт-Петербург театр өнері академиясында білімімді жетілдіріп қайттым. Сонда  сол қалада өтіп жатқан  халықаралық екі театр фестиваліне қатысып, әлемдік театрлардың спектакльдерін көруге, театр мамандарын тыңдауға мүмкіндік алдым. Бір байқағаным, жалпы қазақстандық театрларға  өзге жұрттан қалмауға тырысу керек сияқты.

Ал мұндағы, өзім еңбек етіп жатқан қазақ труппасына келетін болсақ, оның кәсіби театр ұжымына айналуы үшін көп тер төгу қажет. Бұл өзіме дейінгіні жоққа шығару емес. Көп ізденіс керек. Әрине, олардың ішінде де театр мектебінен өткендер де, өтпегендер де  бар, дегенмен құрам әрқилы. Труппаның жартысы кәсіби маман емес. Тұтас актерлік ансамбль  қалыптастыру қиын. Ол үшін труппаны түбегейлі жаңарту керек. Темірбек Жүргенов атындағы театр академиясынан  арнайы шақырылған актерлерді ұстап қалу  үшін, олардың баспана мәселесін шешу керек еді. Содан кейін олар  өздерін шығармашылық тұрғыда көрсете алмай жатсаонда әңгіме басқа.

Жақында Темірбек  Жүргенов атындағы академияны  кино зерттеуші мамандығы бойынша бітірген адамды осы театрға актриса ретінде жұмысқа қабылдапты. Мен осыған түсінбеймін, театр актрисасы болу сонша жеңіл дүние емес қой. Жалпы театр өнеріне  бұлайша қарау   обал сияқты, меніңше.

«Жаңа ролім жаныма жағып-ақ тұр»

Жаңа қойылымға қатысатын артистердің бірі  Бақыт Айтованы да сөзге тарттық.

— Бақыт, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда осыдан біраз жылдар бұрын осы спектакль аншлагпен жүрген болатын. Моншашы Мұстафаның бейнесін келістіре сомдаған Құдайберген Сұлтанбаевты көру үшін-ақ оған халық ағылып келетін. Оның әр қимыл-қозғалысы күлкі шақыратыны белгілі ғой.  Осы пьесаны сіздер де сахнаға шығарғалы жатыр екенсіздер. Шама келе ме? Көңіл күй қалай?

—  Көңіл күй тамаша! Театрдың іші-сыртының жаңарып, сыңғырлап тұрғаны бізге шабыт береді. Жарқырап тұрған жерде  актерлер де  құлшыныспен жұмыс жасауға әзір.  Режиссер Сырым Асқаров қойғалы жатқан «Әй, Мұстафа, Мұстафа» атты екі бөлімді комедиядан  маған да рөл тиді. Оның атын «Көшеде жүрген пақырды, әкім  бол деп шақырды» деп академтеатр адамдары өзгерткен кезінде.  Пьесаның бас кейіпкері Мұстафаның әйелі,  күйеуін уысында шығармайтын, оны билеп-төстеп, айтқанын істететін   байлықтан басқа арманы жоқ, басынан сөз асырмайтын  Зинатты ойнаймын. Шынымен сахнаны сағынып қалыппын. Өзімнің табиғатыма жақын рөлге бар ынтаммен кірісіп жатырмын. Осыдан біраз жыл бұрын  алматылық режиссер Оразхан Кенебаев маған арнап Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» деген дүниесін қойған-ды, сонда Елена Владимировнаның рөлін өз деңгейінде шығаруға тырысам деп бір ащы терім алынып еді, онда күйеуім Андрейдің рөліндегі Кеңес Кемалбаев сияқты халық арасынан шыққан талантты актер  жақсы серіктес болған-ды. Көрермендер де риза болды. Бұл спектакльді де болашақта қайта қалпына келтіруге болатын шығар. Ол жағын басшылар шешеді ғой. Ал бұл жаңа қойылымдағы Мұстафаның рөлін, яғни менің жұбайымды Ғазиз Обаев сомдайды. Ол да осал актер емес,  ойлаған жерден шығатын шығар деп сенемін.

Театр табалдырығын енді аттап, спектакль қоюға тырысып жатқан жас режиссер Сырымға қолдау көрсету керек. Ешкім бірден Шәкен Айманов болып кетпейді. Ақтөбеге келген жас мамандардан айрылмау керек, Ахтанов театрының  болашағын ойласақ,   жастардың жұмыс жасауына жол ашуымыз керек, жағымды шығармашылық атмосфера қалыптастыруымыз қажет.

«Шымылдықты «Қуыршақтар»  ашады»

Т.Ахтанов атындағы драма театрдың орыс труппасы әдебиет бөлімінің меңгерушісі Татьяна Юлусова:

—     Жаңа маусымға орыс труппасы испан драматургі Хасинто Гроудың «Қуыршақтар» шығармасының желісі бойынша В.Белякович жазған осы аттас   спектакльді дайындады. Қоюшы режиссері — Вячеслав Виттых.  Ақтөбелік театрсүйер қауымға оның есімі жақсы таныс. Бүгінде Мәскеуде қызмет істейтін режиссер бұрын осында Шекспирдің «Жазғы түнгі түс», Гоголь шығармасы бойынша «Панночка» спектакльдерін қойған, көрермендер оларды өте жақсы қабылдады. Ал осы спектакльдің сахна суретшісі Әсия Құрманалинаның шығармашылығы жайында да  «Алақай» театры арқылы жұртшылық жақсы біледі.

«Қуыршақтар» спектаклінің қысқаша мазмұны былай: Сервантес пен Лопе де Веганың еліне Пигмалион деген біреу қуыршақтардың  шоу бағдарламасын алып келеді. Олардың қуыршақтарының ойыны актерлерден де асып түседі.  Артистік шеберліктері керемет, өздері басқаруға жеңіл, ыңғайға көнгіш, мақсаттары анық. Олар әлемдегі барлық театрларды өз өнерлерімен тәнті етіп, қай елде де өз табынушыларын табады. Оған билет табу қиынның қиыны. Соңында  бәрі араласып кетеді. Кімнің қуыршақ, кімнің тірі адам екенін айырып-білу мүмкін емес. «Театр— тірі организм» деп бекер айтпаса керек.

Спектакльге  орыс труппасы түгел дерлік қатысады. Ақтөбеліктер мен қала қонақтарына бұл спектакльді көретін күн алыс  емес.

Сондай-ақ бұрыннан бар спектакльдермен қатар, бұрын қойылып, белгілі бір

себептерге байланысты көрсетілмей жүрген қойылымдар да тұрақты   репертуарға енеді. Мысалы, « Жазғы түнгі түс» спектаклі қайта қалпына келтірілді.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button