Экономика

Ең төте жол

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Батыс пен Шығысты байланыстыратын өткен ғасырлардағы «Ұлы Жібек жолының» қайтып оралуы десек қателеспейміз. Әрине, бұл кешегі түйе керуені орнына, бүгінгі қуатты автокөліктер жүретін,  кең даңғыл асфальт төселген осы заманғы автокөліктер жолы. Әлемнің көп елінің бұған қолы жетіп отырған жоқ. Сондықтан бұл маңызды жобаны жүзеге асыруға біздің еліміздің бас болып бел шешіп кірісуі — әлем алдында зор мәртебе.

Жол бойында өмір тұр. Мұндай ірі көлік қарым-қатынасынан елдің ұтары көп. Әсіресе, оның қарапайым халыққа берері мол.

Халықаралық транзиттік көлік дәлізін салуды Қазақстан, Ресей, Қытай елдері қолға алып отыр. Осы үш елдің қатысуымен салынатын күре жол Санкт-Петербург – Мәскеу Нижний Новгород Қазан Орынбор Ақтөбе Қызылорда Шымкент Тараз Қордай Алматы Қорғас Үрімші Ланьчжоу Чжэнчжоу Ляньюньганды жалғастырады. Бұл бағыттың жалпы ұзындығы 8,5 мың шақырымға жуықтайды.

Бірінші кезекте, бұл жобаның іске асуы Батыс пен Шығыстың экономикалық тауар айналымын жақсартады. Жаңа халықаралық көлік дәлізінің ұзындығы қияндарға созылып, Батыс Еуропа мен Қытайдың арасын, болашақта Оңтүстік Азияның елдерін ең қысқа жолмен жалғайды. Бұл жобаның қазіргі балама дәліздері Транссібір автожолы, Суэц каналы арқылы созылған теңіз жолы екенін айтуымыз керек. Біз әңгімелеп отырған дәліздің бұлардан артықшылығы — төтелігі мен жолға кететін уақыттың аздығында. Егер теңіз дәлізін пайдаланғанда жолға 45 тәулікке дейін уақыт кететін болса, Транссібір арқылы 14 тәулік қажет болар еді. «Батыс Еуропа Батыс Қытай» дәлізімен Қытайдың Ляньюньгань   айлағынан Еуропа мемлекеттерінің шекарасына дейінгі жолға кететін уақыт 10 тәулік шамасында. Жоба мынадай үш бағыт бойынша жүк тасымалын жасауға мүмкіндік ашады: Қытай Қазақстан, Қытай Орталық Азия, Қытай Қазақстан Ресей Батыс Еуропа.

Алдын ала жүргізілген зерттеулер 2020 жылға қарай аталған дәлізде жүк тасымалының көлемі 2,5 есе ұлғаятынын көрсетеді.Бұл жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық экономикалық тиімділігі жолға кететін уақыттың қысқаруынан 33,9 млрд. теңге, жол-көлік оқиғаларының азаюынан 49,9 млн. теңге, жалпы өңірлік өнімнің ұлғаюына байланысты 82,9 млрд. теңге болады деп бағалануда.

Жобаның өңірлердің дамуына қосар үлесі де орасан зор. Оны іске асыру барысында тек ағымдағы жылдың өзінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ал шырқауына жететін 2010 жылы бұл цифр 50 мыңға дейін көтеріледі. Сол сияқты шағын және орта бизнесті, қызмет көрсету индустриясын, туризмді және экономиканың басқа да секторларын дамытуға едәуір серпіліс беріледі.

Бұл көлік дәлізінің 2233 шақырымын Ресей Федерациясы, 3425 шақырымын Қытай Халық Республикасы салатын болса, 2787 шақырымы біздің еліміздің үлесіне тиесілі. Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының аумағы арқылы өтетін транзиттік жолдың 2452 шақырымы қайта жаңартып салатын жолға жатады.

Әрине, мұндай ауқымды жоба — ауқымды қаражат тілейді. Мұның қандай қымбат құрылыс екенін мынадан-ақ біле беріңіз. Мамандардың есебіне қарағанда, екі жолақты автожолдың 1 шақырымын салуға 200 млн. теңге, ал төрт жолақты автожолдың бір шақырымын салу үшін 300-350 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Аталған жобаның Қазақстанға қатысты бөлігінің жалпы құны 5,5 млрд. теңгеге тең. Осыншалықты қомақты қаражатты елдің бюджетінен шығару қиындық келтірер еді. Сондықтан да Бүкіләлемдік банктің, Ислам банкінің, Азия және Еуропа банктерінің көмегіне жүгінуге тура келді. Әлемдік ең мықты қаржы құрылымдары болып саналатын бұл банктер осы құрылысқа 422 млрд. теңге қаражат салатын болады. Сонымен қатар, өткен жылы 4 халықаралық қаржы институттарымен 3,002 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру шарттары бекітілгенін де айта кеткен жөн.

Ел аумағындағы автокөлік жолдарының азып-тозып тұрғанын да жасыра алмаймыз. Көлік қозғалыстарының кедергісі мен қауіп-қатерін азайту үшін ел аумағындағы 1390 шақырым жолды төрт қозғалыс жолағы бар бірінші техникалық санатқа ауыстыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, олар — Қызылорда Түркістан Шымкент Тараз Алматы Қорғас аймақтары. Ал 1062 шақырым учаскелерде екінші техникалық санат бойынша жол құрылысы салынатын болады.

Ғасырдың құрылысы  болғалы тұрған бұл автокөлік жолында қазір қарбалас жұмыс басталып та кетті. Мердігер ұйымдар іс басында. Осы үш жылдың аралығында құрылыс алаңдарына 10 мыңнан астам жол құрылысы техникасы мен құрал-жабдықтар, зертханалар және 50 мыңнан астам адам жұмылдырылады. Бір сөзбен айтқанда, мұның баяғы Транссібір көлік жолынан маңызы бір де кем емес. Тек осы құрылыстың өзімен жергілікті аймақтардың халқы жұмыс табады. Ал жолдың ертеңгі біткеннен кейінгі елге тигізетін пайдасын есептеудің өзі қиын.

Жол салуға пайдаланылатын құрылыс материалдарының 86 пайызға жуығы еліміздің өзінен қамтамасыз етілетіні де қуантарлық жағдай. Жол салуға қосылған 11 мердігер компанияның бесеуі шетелдік, алтауы отандық автожолдар салатын әлеуетті компаниялар. Жұмыстың 69 пайызын отандық компаниялар атқарады.

Жол құрылысы біткеннен кейін, оның бойында жолаушылар демалатын, тамақтанатын, автокөліктер жөндейтін орталықтар, жанар-жағармай құятын бекеттер, шұғыл байланысқа шығатын кез келген халықаралық және республикалық бағыттағы телефондар мен интернет желісінен тұратын байланыс пункттері орнайды.

Жаңа жолдың сапасы мүлде басқаша болады. Мысалы, қазіргі жүріп жүрген жолдарымыздың қалыңдығы 30 см. болса, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының қалыңдығы 80 сантиметрге дейін барады.Қытай шекарасы Қорғастан бастап Қызылордаға дейін төрт жолақты жол салынады және оның көбісі бетонмен салынады. Үстіңгі бетон 25 см болады. Осындай сапалы стандартпен салынған жолдар 18-20 жыл бойына ешқандай күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпейді.

Қызылордадан Ақтөбеге дейін асфальт төсемдері төселеді. Асфальт болғанда, бұл материалдардың да сапасы ерекше болады.

Халықаралық көлік дәлізі Тынық мұхит пен Атлант мұхитының арасын жалғайды.  Ірі жоба 2012 жылдың желтоқсан айында толық пайдалануға берілуге тиіс.

Автомобиль жолдары комитетінің Ақтөбе облыстық департаментінің мамандары

«Батыс Еуропа Батыс Қытай» жолының екі бөлігі біздің облыс арқылы өтетінін айтады. Халықтық құрылыс аталып отырған мегажобаның біздің облыстағы кейбір учаскелеріндегі жұмыстар ертерек басталғаны көпшілікке белгілі. 2006 жылы 215 шақырымдық Ақтөбе Қарабұтақ учаскесін қайта жөндеу аяқталды. 2007 жылы 215 шақырым болатын Қарабұтақ Ырғыз учаскесін жаңару жұмыстары басталып, биыл толық бітті.  Бұған қоса Ырғыз ауданында 107 және 108 шақырым болатын екі учаске жөнделді. Қазір ырғыздықтар осы жолдар арқылы облыс орталығына үлкен автобустармен қиналмай қатынайтын жағдайға жетті. Сондай-ақ Ырғыз учаскесінде ДМСУ-22 субмердігерлік ұйымы жүргізген көпір құрылысы аяқталды.

Өткен жылы Ақтөбе Мәртөк Ресей Федерациясының Орынбор жағындағы шекарасы автожолы бойынша жобалау-зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазір бұл бағыттағы жол құрылысын жүргізетін мердігерлер қызу іске кірісіп те кетті. Алғашқы бағыт бойынша Ақтөбе Ресей Федерациясы шекарасы жолы Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан басталуға тиіс еді. Алайда біздің мамандар халықаралық көлік дәлізінің облыс орталығының ішімен өтуі үлкен қолайсыздық туғызатынын дәлелдеді. Айналма жол салу қажеттігін көрсеттті. Бұл мәселе тиісті орындардың алдына дер кезінде қойылып, оң шешілді. Ақтөбені солтүстігінен айналып өтетін жолдың жобасы жасалды. Оның құжаттарын даярлау үшін бюджеттен 80 млн. тенге қаржы қарастырылды. Мердігер «Қостанай жол жобасы» мекемесі бұл міндетті қолға алды. Айналма жолдың ұзындығы 38 шақырымды құрайды. Оның 18 шақырымы бірінші дәрежелі, қалғаны екінші дәрежелі жолға жатады.

Халықаралық дәліз жолымен жүретін көліктер кемінде сағатына 120 шақырымдық жылдамдықты ұстайды. Шамамен күн сайын 7-ден 14 мыңға дейін көлік өтеді. Демек, жол қауіпсіздігі өз алдына, шаң-тозаңының елді мекендерге келтіретін қаупі күшті еді. Сондықтан айналма жол салу бұл проблеманы жеңілдетті. Ақтөбе Ресей Федерациясы жолын «Дженгиз иншаат» деп аталатын түріктің компаниясы салады. Мәртөк бағытындағы 102 шақырым жол 2012 жылға дейін салынып болуға тиіс. Биылғы жылға 500 млн.теңге қаржы бөлінген. Бұл істі бүкіл әлемдік дәрежедегі жол салу құрылыстарына араласып жүрген танымал компания қолға алып отыр. Мұнымен бірге, Ырғыздан Қызылорда облысының шекарасына барып қосылатын халықаралық дәлізге кіретін жолға биыл асфальт төселіп, алдағы жылы толық аяқталуға тиіс.

Елбасы автомобиль жолдарын мемлекет экономикасының күретамыры деп атады. Ең төте халықаралық дәліз әр елді мекенге игілік әкелетіні ақиқат.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button