Абай — 175

Абай күні — қазақ әдебиетінің күні

«Абай күні» мерекесіне орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдарының қатысуымен «Абай күні — ел ынтымағының белгісі» атты дөңгелек үстел өтті.
Zoom платформасында өткен дөңгелек үстелді университеттің «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығы мен ғылыми кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды. Жиынды аталмыш орталықтың жетекшісі Абат Пангереев ашып, алғашқы сөзді университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Бауыржан Ердембековке берді.
— Біз барша қазақстандықтарды, қазақ елін Абай күнімен құттықтаймыз. Абай күні, менің ойымша, бұл — қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының күні. Бұл күнді болашақта қалай атап өтеміз? Меніңше, тек Абаймен және оның шығармашылығымен шектеліп қалуға болмайды, қазақтың поэзиясын, ақындарын, қаламгерлерін қамтитын, соларды насихаттауға бағытталған шаралар көзделуі тиіс. Сондықтан өз алдына Абай күнінің тұжырымдамасы әзірленуі қажет, — деді Бауыржан Ердембеков.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереев «Абай ұлағаты» атты баяндамасында:
— Абайдың дара болатын себебі, алдымен, оның терең ойшылдығында, заманның жай-күйін, қоғам өмірін, дүниенің төрт бұрышының сырын саралап, ең бастысы, осының бәрін жіпке тізген маржандай етіп өлең сөзге түсіру шеберлігінде. Қанша уақыт өтсе де Абай өлеңдерінің халық санасынан өшпейтіндігінің сыры осында. Ақын өмірлік проблемалардың бәрін ой елегінен өткізген, терең философиялық зердесі арқылы сараптаған, басқа халықтардың басындағы халмен салыстырған, сөйтіп, ұлттық уызға суғарылған өзіне тән нәрлі тілмен байыпты баяндап жеткізген, — деді.
Сондай-ақ ол еліміздегі оқу орындарының жастарды Абай ілімі арқылы тәрбиелеу мақсатын алға қойып отырғанын атап өтті.
Дөңгелек үстелде Абайдың туып-өскен ортасы, айналасы, перзенттері мен олардың тағдыры жөнінде де кеңінен сөз болды.
Осы университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаровтың «Қазақтың Зере есімі: тарихи-этнографиялық зерттеу» тақырыбындағы баяндамасында айтылғандай, Зере әжеміздің азан шақырылып қойылған есімі Тоқбала екен. Ол қалай Зере атанды? Осыған байланысты ғалым түрлі нұсқаларды саралай келе, сауыттың шығыршығының «зере» аталатынына тоқталып, Тоқбола да ағайын-туыстың арасын біріктіруші, ел ынтымағының ұйытқысы ретінде Зере атанып кеткен деп болжайды.
Ал қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Рита Жұмағалиева Абайдың өз перзенттеріне өте мейірімді әке болғаны жөнінде баяндады:
— Әуелі Түменде, кейін Петербургте білім алған Әбдірахманды ақын өлеңдерінде «Бір ғылым еді іңкәрі», «Талаптың мініп тұлпарын» деп сипаттайды. Ортаншы ұлдың болашағынан әке көңілі зор үміт күтеді. «Жаңаның басы» еді деп жырлайды. Өкінішке қарай, төтелеп келген ажал ақынды асыл ұлынан айырады. Көп ұзамай сырқат ағасының жанында болған жас ақын Мағауия да о дүниелік болған сәтте, ұлы хакім қос қанаты қайырылғандай күй кешеді. Мағаштың мүрдесін ат арбаға салып, жер қойнына тапсыруға бара жатқанда, Абай атамыз алға түсіп, жолдағы тастарды жиекке қарай лақтырып жүр екен дейді. «Бұл қайткеніңіз?» дегенге: «Мағашымның сүйегі ауырып қалмасын» деп жауап беріпті. Туған перзенттеріне жыр толған жүрегінің қақ төрінен орын берген ойшыл дана да содан соң көп ұзамай мына жалғанмен қоштасқан екен, — деп, тыңдаушылардың көз алдынан ақын тағдырының қасіретті сәттерін өткізді.
Соңынан «Жұбановтан — Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция барысында түсірілген деректі фильм көрсетілді.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button