Шынайы шығарма
(Көпсериалы «Абай» фильміне пікір)
Қазіргі өркениетті елдердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғалармен мақтана алады. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, саясаткерлер мен ғалымдар, өнер мен мәдениет майталмандары, танымал ақын-жазушылар бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше, бірақ біз ғұлама ойшылымызды әлем жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келдік, оның объективті және субъективті себептері де болды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды болашағы зор, экономикалық потенциалы жоғары, табиғи байлығы мол ел ретінде жақсы білетін болды. Алайда олар біздің рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осыған байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында жоғарыдағы мәселені көтере отырып: «Ғұлама Абай — қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады… Ендеше, неге біз қазақтың бітім- болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?!» — деген ой тастады.
Президенттің бұл ойы Еліміздің басына, қала берді бүкіл әлемге туған індетке қарамастан, өткен жылы ғұлама Абайдың 175 жылдық мерекесі тұсында жүзеге асты. ҚР Президенті өткен жылы Абай тағылымдары туралы айтып қана қоймай, жеке бас үлгісін көрсетіп «ХХІ ғасырдағы Қазақстан және Абай», «Абай — рухани реформатор» атты зор танымдық мәні бар екі мақаласын жазды. Мерейтой ауқымында өтілетін шаралардың бағытын, мақсатын, мазмұны мен маңызын айқындап берді. Республика бойынша осы ұстанымдар басшылыққа алынды, нәтижесінде Абайды ұлықтауымыз бен танытуымыз жаңа белеске көтерілді.
Солардың бірі — біздің Ақтөбе қаласында дана Абайдың ескерткішінің ашылуы болса, Республика көлемінде «Абай» атты алты бөлімнен (серия) тұратын тарихи-көркем фильмнің көрермендерге ұсынылуы. Біз осы фильм туралы өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік.
Әрине, Абай бейнесі өнер туындыларында сонау өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап сомдала бастағанын көпшілік біледі. Басқаларын айтпағанда, «Абай әні» толық метражды көркем фильмі (1945), «Абай» деректі фильмі (1954), «Абай» деректі фильмінің жаңа нұсқасы (1983), т.б. Алайда бұлардың бәрі Тәуелсіздікке дейінгі туындылар болғандықтан оларда сол кездегі саясат пен идеологиялық ұстанымның әсері басым болды да, оны қоюшылар сол талаптардың деңгейінен шығу үшін нағыз шындықты, ұлтымыздың боямасыз болмысын көрсете алмады.
Ал жаңа «Абай» фильмінің алдына қойған мақсаты мүлдем бөлек. Онда басты мақсат өз заманында ұлтымыздың рухани көшбасшысы болған Абайдың жеке өз басына тән даналығы мен даралығына қоса әлеуметтік айналасы бүкпесіз тұтастыра берілген. Фильмді жасаушылар Абайдың да, оның халқының да басынан өткен тағдырға ерекше мән берген. Фильмнің басында Абайдың Алланың үйі мешітті орыс ұлықтарының абақтыға айналдырғанына қапалануы, сол заманғы шәкірттерге білім беру ісіне қынжылысы — Абай заманындағы империялық үстем билік пен басқару жүйесінің халықтан да, руханияттан да алшақтап бара жатуының көрінісі еді. Ел ішіндегі адам арақатынастары да аза бастаған-ды.
Фильмде осы жағымсыз әлеуметтік жағдайлар ел ішіндегі пысықтар мен жағымпаздардың бейнелері арқылы көрінеді. Ояз елге келіп сайлау өткізеді, сол тұста Әбен, Оразбай, Тәкежандар орыс ұлықтарына жағынып, жағымпазданып, Абайға қарсы тұрып, оны сыртынан жамандап әлек болады. Ал Абай болса қазақтарға қолайлы Заң шығарумен әуре. Фильмдегі Абай ауызымен айтылатын: «Патшаның жарлығы Тәңірдің сөзі емес. Бірақ амалсыз орындайсың» — деуі, қай уақытта да Заңды сыйлау қажеттілігін меңзейді.
Сондай-ақ, фильмнің бір тұсындағы орыс ұлығы мен Абай арасындағы ой мен пікір таласынан — Абайдың сөзінің парасат биігінен айтылған сөз екенін, ал орыс ұлығының сөзі бүгінгі Жириновский, Никонов, Фёдоров, т.б. сияқты шовинистік пиғылдағы адамдардың қисынсыз, өктем, саяз ойлы, мән-мазмұнсыз, дерек-дәйексіз сөз екеніне анық көз жеткіземіз. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, бұрынғы Абай туралы көркем туындылардың көбінде «аға ұлтты» өзімізге ақылшы, көшбасшы, немесе, интернационалдық қарым-қатынастардың үлгісіндей етіп көрсететінбіз. Фильмнің басты ерекшелігі — осы шындықпен үйлеспейтін тарихымыздан іргесін аулақ салуы.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдарында ойшыл, классик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романдарының қазақ руханиятындағы орны туралы айтыс-тартыс болып жатқанда, Қазақстанның жаңа заманғы кәсіби ғылымының негізін салушы және президенті академик Қаныш Сәтбаев, сол шығармаға бірден-бір орнықты, әділ пікір білдірген ғалым, парасатты оқырман болатын. Ол бұл шығарманы, «әр саланың мамандары назар салмай өте алмайтын, ұлттың рухани энциклопедиясы» — деп бағалады.
Айтса айтқандай, кинофильмде М. Әуезовтің осы тарихи-ғұмырнамалық шығармасындағы нақты деректер мен Абайдың өз шығармалары кеңінен пайдаланылған. Соның нәтижесінде сол тұстағы ұлтымыздың дәстүр-салты, ел билеу, ел басқару істеріндегі ұстанымдары, шешімдері мен кесімдері, сауығы мен сейіл-серуені тағы басқалары жан-жақты көрініс тапқан. Тарихи сериалда Билер кеңесі, шариғат жолы, құда түсіп жекжат-жұрағат болу, қаралы өлімді құрметтеу, ері ерте дүние салған жесірдің әмеңгерлік жолмен тұрмыс құрып, ұрпағын жетім етпеуі, ел ортасында болуы, жас жеткіншек ұлды парасатты әкелердің сынай бағалауы, Құнанбайдың жасы ұлғайған шағында қажылыққа сапар шегіп, артындағы еліне өсиет сөзін айтып, жас та болса өз орнына Абайды бас етіп қалдыруы, оған үміт артуы… Міне, осылардың бәрін көрсетуі фильмнің таным- тағылымдық, тәлім-тәрбиелік, үлгілілік мәнін зорайта түскен.
Әрине, Абай тұсындағы қазақ қоғамы тартыссыз, қиындықсыз болған жоқ. Бір жағынан, империялық – коллониялдық пиғылдағы үстемдік, екінші жағынан, елдің жоғарыдағыдай дәстүрлерін жоюға, бүлдіруге бағытталған саясат салдарынан туған ел ішіндегі іріткі, рулық тартыс-талас ел бірлігіне зор нұқсан келтіргені тарихтан белгілі. «Абай» фильмінде тарихи деректерге сүйене отырып, Абайды қажытқан, шаршатқан, ұлтымыз тарихының осы тұсы шынайы көрсетілген. Олар: Құнанбай мен Бөжейдің, Абай мен Оразбайдың арасындағы бітіспес тартыс. Кейін осы қарсы топқа Абайдың туған ағасы Тәкежан (Тәңірберді) да қосылады. Бұл тартыс руаралық жікке ұласып, ел бірлігіне зияны тиеді. Алайда көркем туындыда авторлар Абайды жеке бас мүддесінен ұлт мүддесін, көп мүддесін жоғары қоятын тұлға ретінде көрсете білген. Абайдың ақыл-парасаты, біліктілік деңгейі, әділдігі мен адалдығы, халық қамын ойлауға келгенде, шешім шығарғанда «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» қағидасын ұстануы, оны ел-халқы алдында зор сенімге ие тұлға етті. Көркем-тарихи фильмде Абай болмысының осы жағы жан-жақты көрсетілген.
Фильмнің соңғы сериясында біз Ұлы дала тірлігінде де жаңалықты өзгерістердің басталғанын көреміз. Ол Абайдың ер жеткен, үлкен үміт күткен ұлы Әбіштің әкесімен әңгімеде Дала тірлігін өзгерту, ілгерілеген елдер қатарына ұмтылу туралы ойлары. Абайдың немере інісі Шәкәріммен келелі әңгімесі, оған ұлт тарихын жазбаша хатқа түсіруге кеңес беруі. Ал ағалы-інілі екеуінің білім, ғылым, оқу туралы келелі ойлары кейінгілер үшін үлкен үлгі.
Фильмдегі тағы бір есте қалар көрініс, ескі әдетпен Уақ руы мен Тобықты руы жер дауымен айтысып, тартысып жүргенде Абай ел ағасы ретінде, тарихи деректерге сүйене отырып әділ шешім шығарып жатқанда, ақынның парасатты ұлдары Әбіш пен Мағыш мәдениет, поэзия, білім туралы әңгіме айтып отырады. Сөйтіп фильмде ұлт трагедиясы мен ұлт үміті шендестіре көрсетіліп, шебер шешімін табады.
Фильмде Абай басынан өткізген тұтас трагедия кезең-кезеңімен, уақыт көшіне ілесе отырып, тарихи шындықтан бір сәт ауытқымай көрсетілген. Олар: Абайдың «қайран елі қазағының», «түзу сөзге сенбеуі» азаматтардың ел іші тірлігінен аса алмай ұлыққа, оязға, басқа да орыс шенеуніктері алдында, әсіресе сайлау кезінде бір-бірін жығып беруі; жарамсақтық, жағымпаздық, шенқұмарлық тағы басқа қылықтар; Абайдың інісі Оспанның, үміт күткен баласы Әбіштің өлімі; ағасы Тәкежан мен Оразбайдың Абайға қол көтеріп, қамшы сілтеуі, т.б. Бұлардың бәрі тарихи шындық.
Осының бәрін басынан өткізген Абайдың күңіренуі мен күйініші ақынның өз өлеңдері мен «Қарасөздеріндегі» деректер арқылы беріліп отырады. Фильм аяғында ақын: «Мен ішпеген у бар ма?» — деп «қайран елі қазағы» үшін өлердей қайғы-қасірет шегеді. Бірақ елінің ертеңінен үміт үзбейді. Алысқа көз тігіп, кейінгі жастарға үміт артады, «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп қалың жұртын бірлікке шақырады. Көркем туындыдан түн-түнектен, қараңғы қапастан Ұлы дала ұрпақтарына жол көрсетіп тұрған дана Абайдың тұтас болмысын, оның үмітін ақтайтын бір топ жас өскіндердің жігерін, асқақ армандарын, солар арқылы ҰЛТ болашағын көреміз. Жаңа туындының басты ерекшелігі, жаңа заманда, Тәуелсіз еліміздің басынан өткізген шынайы тарихын көрсетуінде. Кең даланың өз тәртібін, өз ұстанымын дәл көрсете білуінде және олардың әділеттілікке негізделгендігіне баса көңіл бөлуінде. Фильмдегі Абай бейнесі осы әділеттіліктің символындай сомдалған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай әділетті қоғам құру идеясын көтерген, сондықтан да оның көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды» — деген болатын. Ол сонысымен де құнды және заман талабын толық қанағаттандыратын көркем туынды.
АЛТАЙ ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
Ақтөбе облысының құрметті азаматы.