Үздіктер марапатталды
Былтыр желтоқсан айында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткен мәнерлеп оқудан «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» атты онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.
Аталған байқауға Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, өзге ұлт өкілдері мен медицина қызметкерлері қатысты.
— Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай жылын жариялағаны белгілі. Осыған орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымы және қала әкімдігі бірлесе отырып, онлайн байқау ұйымдастырдық. Байқауға барлығы 30 жасқа дейінгі 37 адам қатысты. Оның 14-і іріктеліп, 6 жас жүлделі орындарға ие болды.
Байқау қатысушыларының деңгейін қарап отырып, жастардың Абай шығармашылығына деген қызығушылығы жоғары екенін аңғардық. Ақынның рухани мұрасын терең түсініп оқыған жастарға сүйсіндік. Сондықтан бұл байқаудың берері мол деген ойдамыз, — деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Роман Рахиев.
Қазылар алқасының шешіміне сәйкес бас жүлдені М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенті Жанерке Тасболат, 1-орынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы шешен этномәдени бірлестігінің өкілі Макка Мажидова жеңіп алды. №61 орта мектептің оқушысы Нұрсая Жалғасбекова 2-орынды иеленсе, «Алғашқы жәрдем» ЖШС фельдшерлері Жаңабек Асхатов пен Нұрталап Айбазар, №45 орта мектептің оқушысы Әмина Аманғос 3-орынды иеленді.
Байқау жүлдегерлерін Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Достан Бибарыс құттықтап, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
— Жалпы Абай шығармаларын бала кезімнен сүйіп оқимын. Түрлі поэзия байқауларына да қатысып жүрмін. Осы жарыста «Ескендір» поэмасынан үзінді және «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» секілді бірнеше өлеңдерін жатқа айтып, жүлделі 1-орынға қол жеткізіп отырмын. Өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Мұндай шаралар бізді ерекше қанаттандырады, — дейді байқау жүлдегері Макка Мажидова.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.