Абай — 175

Жақсы істер жалғасын табады

Ұлы Абайдың 175 жылдығы сөз өнерін дамыту, құдіретті қара өлеңнің қадірін ұғыну тұрғысынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, көптеген тың шаралар өткізуімізге серпін берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы — қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Ақынның мұрасы — бүкіл адамзат баласының рухани азығы» деп атап көрсетуі ұлылықты ұлықтауға, даналықты даралауға берілген бағыт, бүгінгі күннің берік ұстанымы іспетті болды.

2020 жыл — Абай жылы аталғанымен, сол жылдан бастау алған ізгілікті ұмтылыстар алда да жалғасын таба беретіні анық. Басты міндет — Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақты күллі әлемге таныту. Осы ауқымда облысымызда көптеген жұмыстар атқарылғаны мәлім. Ұлы Абайға арналған облыстық, қалалық байқаулар, мүшәйралар мен басқа да кездесу-жиындар бірін-бірі толықтырып, біздің танымымыздағы ақын әлемін кеңейте түсті. Облыс орталығында Абай ескерткішінің ашылуы да көпшіліктің ойынан шықты.

Абай ілімін жастарға ұғындыру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен насихаттап, жастарды ұлттық әдеп-ғұрыптар мен рухани құндылықтарға баулу мақсатында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымы да жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Қалалық мәдениет үйінде онлайн түрінде өткізілген «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы…» байқауына мектеп оқушылары, студенттер, медицина қызметкерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, әр мамандықтағы жастар белсене қатысты.

Білім беру саласының ардагері, абайтанушы Қуанышбай Қонтай бастаған әділқазылар алқасына байқауға қатысушылар өнерін бағалау оңайға түспеді. Бұл байқаудан, ең бастысы, жұртшылықтың Абайды тануға құштарлығы, оның өлеңдеріне іңкәрлік сезімдері анық байқалды. Медицина университетінің студенті Жанерке Тасболат, этномәдени бірлестік мүшесі Макка Мажидова, қалалық №61 орта мектеп оқушысы Нұрсая Жалғасбаева, «Жедел жәрдем» мекемесінің фельдшерлері Нұрталап Айбар мен Жаңабек Асхатов және басқалары Абай шығармаларын тыңдармандары жүрегіне жеткізе білді. Ксения Маринова, Елена Запара, Яна Демченко секілді өзге ұлт өкілдерінің Абай туындыларын игеруге ынта білдіруі жүрегімізді жылытты.

Бұл ауқымды шараға денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «SENIM» салалық кәсіподағының облыстық филиалы демеушілік жасады.

Ілгеріректе өткізілген «Ана тілім — тұғырым» атты байқауға отызға жуық ақын қатысқан болатын. Онда бас жүлдені «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының қызметкері Перизат Жаңғылышбай, бірінші орынды М. Мәметова атындағы Ақтөбе медицина колледжінің студенті Айнадин Әкімәлі, одан кейінгі орындарды облыстық шығармашылық академиясының қызметкері Жасұлан Исақаев, қаладағы №56 орта мектеп мұғалімі Есет Сарин мен Қарғалы қалалық ауруханасының медбикесі Гүлжанат Таңатарова иеленген болатын.

Біз осындай шараларды кейінгі буынға үлгі ретінде ұсынып, жас ұрпақтың жетілуіне жағдай жасап отырамыз.

 

Роман РАХИЕВ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button