Басты бет » Экономика » Жол құрылысы: 40 миллиард теңгенің 40 пайызы игерілді

Жол құрылысы: 40 миллиард теңгенің 40 пайызы игерілді

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов аймақта жол саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады.

Оның айтуынша, биыл облыста жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге барлығы 40 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Жоспарға сәйкес биыл 600 шақырымдық жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14,8 миллиард теңге бөлінсе, өңірлерді дамытуға арналған «Ауыл — ел бесігі» атты арнайы жобаға сәйкес, жол жөндеу ісіне 1,8 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту»  жол картасы бойынша 20,6 миллиард теңге бөлініпті. «Бүгінгі күні жол саласын дамыту бағытында қарастырылған қаражаттың 40 пайызы игерілді. Аймақта 280 шақырымға жуық жолда жөндеу жұмыстары аяқталуға таяды. Ал қалған учаскелердегі жұмыстар ағымдағы жылдың қазан, қараша айларында аяқталады», — деді Мәлімбет Ибрашов.

Әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы өткен брифингте басқарма басшысы Ақтөбе қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды. Биыл облыс орталығындағы көше жолдарын жөндеуге «Жұмыспен қамту» жол картасы бойынша 14 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Жоспар бойынша 97 көше жөнделуі тиіс. Жөнделуге тиіс жолдың жалпы ұзындығы — 142 шақырым. Бүгінгі күні қалада 20 көшенің жолын жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның жалпы ұзындығы — 60 шақырым, — деді басқарма басшысы.

Ақтөбе облысындағы республикалық маңыздағы жолдың жалпы ұзындығы — 1869 шақырым. Бүгінгі таңда Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань) автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Брифингте «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Марат Махамбетов аталған жолдың Ақтөбе аумағына тиесілі бөлігінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Содан соң мамандар оқырмандар сауалына жауап берді. Көпшілікті облыс орталығында салынып жатқан көше жолдарының сапасы алаңдатты. «Жолдың жағдайы бұрынғыдай болмайды дегім келеді. Егер жол құрылысына қатысты қандай да бір кемшілік байқалса, онда мердігер мекеме өз қаражатына қайта жөндейтін болады», — деді М.Ибрашов.

Арайлым НҰРБАЕВА.