Мәдениет

Кісілік пен кішілік

Мерей

Нұртай Князов –  облысымыздағы есімі белгілі азаматтардың бірі. Ол отыз бес жылдай уақыт бойы қаржы қызметі, салық және әлеуметтік салаларда басшылық қызметте болып, өзінің білімі мен тәжірибесін ел игілігіне, халық қажетіне жұмсап келе жатқан білікті маман, іскер ұйымдастырушы және беделді жетекші.

Нұртай Жұмабайұлы бүгінге дейін жүріп өткен жол кісіліктің, кішіліктің сүрлеулерінен құралады. Оны жақсы білетін, ұзақ жыл қатарында бірге жүрген азаматтардың ол туралы бағасы осыған келіп саяды.

Жақсыдан үлгі алуды дұрыс көретін қалың жұртымызға да осы жайттар жария болсын деген ниетпен қолымызға қалам алған едік…

Қорғаушысы бар бала

Сырт қарағанда сырбаз да салмақты көрінетін Нұрекеңнің балалық шағынан бері қарай көз жүгірткен адам оның бейбіт күннің өзінде талай қауіп-қатерден аман қалып, бүгінгі күнге осы қалпында жеткеніне таң қалатындай.

Адамға әдетте бір жағынан тіршілік үшін де алғашқы қажеттілік деп саналатын от пен су, екінші жағынан алғанда қатердің де басы болып келетіні бар ғой. Ол кішкентайынан Шалқар көлінің айдынынан алысқа ұзаған жоқ. Жаз шықса болды, күн ұзағына сол көлден шықпайды. Үйдегілер де соған үйренген, көп іздемейді. Бірақ сол су оның өміріне бірде нүкте қоя жаздағаны бар. Ол былай болып еді.

Көктемнің күн шуағын себезгілеген алдамшы бір күнінде өздері қатарлас топ бала көлге қарай бет алады. Су жағасына барған соң кімнің ойына келгенін кім білсін, бір сүңгіп шығу жайы сөз болады. Содан әуелі бәрі жиылып ескі қамыс, түбіртектерді мол етіп жинап алып, алау жағады. Сосын «ал, кім бірінші бастайды?» деп бір-біріне қарайды. Мұндайда қашаннан көш бастауға бейім Нұртай көп ойланбастан тез шешінеді де, алты ай қыс қозғалыссыз тұрған мұздай суға қойып кетеді. Ал қалған балалар оның соңынан ере алмай, іркіліп қалады.

Салқын су денесін қарыған ол атып шығып, алауға қыздырынып, әртүрлі қимыл жасағанымен, бойын үсік алып бара жатқандай сезініп, жан-дәрмен үйге қарай жүгіреді. Үйдегі жанып тұрған пеш те оны жылыта алмайды. Үлкендер асты-үстіне түсіп, дене қызуы көтеріліп, ес-түссіз жатқан баланы қаумалап, қоршап отырады. Есін бір сәт жиған кезде қасындағы аға-жеңгесінің «осыдан аман қалса, бұл бала мықты адам болады» деп сыбырласып отырғандарын естіп қалады. Кейін ойлап қараса, сол сәтте екі дүниенің ортасында жүргендей күй кешкен екен ғой.

Бұдан аман қалғасын-ақ көптен озбай, жан-жағына сақтықпен қарап, орта тұста жүретін реті ғой бала Нұртайдың. Бірақ ол олай істей алмайды екен…

Сегізінші класс оқып жүргенде ме екен, мамыр айы басталысымен гүл теріп қайтамыз деп тағы да жолдас балаларымен жолға шыққаны бар. Бұл жолы олар қаладан он шақты шақырым қашықтықтағы Ұлпан бекетін бетке алды. Бәрі бір уақытта станция басында жиналды да, солай қарай қозғалғалы тұрған тауар таситын пойыздың вагондарына жайғасып отырып алды. Әне-міне дегенше Ұлпанның да төбесі көрініп, балалар қозғалақтай бастайды. Өйтетін себебі, аялдама жасайды деген пойыз түтінін одан сайын будақтатып, жылдамдығын күшейте түскендей болады. Ал бұл жаққа қарай бұрын көп ұзап шықпаған балалар ендігі аялдама Ақтөбе екен деп зәрелері ұша бастайды. Содан бір-біріне «жерге секірейік, сен баста» деп тұрғанда, Нұртай бұл жолы да көп ойланбастан қарғып кетеді. Содан тағы да қараңғы тұңғиық. Ес-түсін білмей жатқаны баланы жол қараушылар тауып алып, арбаларына салып, бекет басына апарады. Бетіне су сеуіп, әрең дегенде «тірілтіп» алады. Содан жарақат алған бет-аузын орап, кейін қарай жүретін бір пойызға мінгізіп жібереді.

Бұның бәрін балалық шақтың байыз таптырмайтын тынымсыз тірлігіне таңуға да болар еді, бірақ бұдан да қауіпті өмір сынағы Нұртайдың алдынан жиырма жасқа толған шағында қайтадан шықты. Алматы халық шаруашылығы институтының екінші курсын бітіруге таяған шақта оны армия қатарына шақырды. Оны Бакудегі әуе қорғаныс күштері қатарында қызмет етуге жіберді. Ол әуелгіде сержанттар даярлайтын мектепте оқып, қарудың бүкіл түрін пайдалануды үйренді. Сонымен бірге оларға жоғары математика, физика, химия пәндерін тереңдетіп оқытады. Күнделікті дастарқан мәзірі де ерекше болады. Бұның мәнін олар кешірек түсінеді.

Сөйтсе, бұларды Египеттегі соғысқа қатысуға даярлап жатқан болып шықты. Ол уақытта қандай жауынгер болмасын, интернационалдық парызын өтеуді азаматтық борышым деп түсінеді. Кеңес жауынгерлері Каир қаласын израильдік әуе күштерінің шабуылынан қорғайды. Алғашқы күні-ақ олар сегіз ұшақты атып түсіреді. Зенитті-пулеметтік қондырғы командирі болып қызмет атқарған Нұртай нақ осы жолы нағыз қауіп-қатермен бетпе-бет келгенін түсінеді. Бір кезде аға-жеңгесі айтқандай, «осыдан аман қалса, нағыз адам болатынына» енді өзі сене бастайды. Кіші сержант Князов Египетте жиырмадан астам жауынгерлік операцияларға қатысады. Біраз қанды көйлек жолдастарынан да айырылады. Өзің қаруыңды кезенбесең, өзіңе ажал оғын себелейтін майданнан аман-сау қаламын деп ойлаудың өзі күпірлік сияқты еді. Бірақ, көрер жарығы бар екен, бір көзге көрінбейтін қорғаушысы оны бұл жолы да аман сақтап қалады…

«Өзімді салықшы ретінде сезінемін»

1974 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетін бітіріп шыққан жас маман Нұртай еңбек жолын облыстық қаржы бөлімінен бастайды. Осында мемлекеттік кіріс жөніндегі экономист қызметіне кіріседі. Сол кездегі еңбектегі ұстазы іспеттес болған Андрей Игнатьевич Коваленконың «Нұртай, сен жоғары білім алып, оқып келдің, енді мұнда мамандығың бойынша жұмыс істеуді үйренесің» дегені әлі күнге дейін жадынан шықпайды. Шынында да, институт қабырғасындағы білім алу мен қызмет істеудің біраз айырмашылығы бар екенін алғашқы күннен-ақ сезінді.

Ол кезде салық жүйесі қазіргідей дамымаған, бірақ сол саладағы қызметтермен осы бөлім айналысады екен. Жас маман бүкіл аудандарды аралап, өзіне тапсырылған жұмыстарды тап-тұйнақтай атқарып келіп жүрді. Ең бастысы, өмірді өз көзімен көре бастады, адамдармен араласты.

Нұртай Жұмабайұлы жаңадан ашылған Ақтөбе ауданында қызмет істеген жылдарын ерекше бір мектепке теңейді. Алғашқыда мұнда аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары – мемлекеттік кірістер жөніндегі инспекция бастығы болып еңбек еткен оны көп ұзамай аудандық партия комитетінің нұсқаушылығы қызметіне шақырады.

Бір қызығы, ол облыстық қаржы бөлімінде қызмет атқарған тұста, Алматыға Қаржы министрлігіне аға экономист лауазымында жұмыс істеуге екі рет шақырылады. Бірақ ол жоғарыда көптің бірі болғанша, ауданда өз бетімен қызмет еткенді дұрыс көреді. Сол кездегі қаржы бөлімін басқаратын тәжірибелі қаржыгер, білікті басшы Төлеу Алдияров та оның осындай таңдауына қолдау білдіреді.

Нұрекең қазірде аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызметте болған кезеңін ерекше еске алады. «Онда ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып Мұқан Қазкеев қызмет атқаратын, сол кісі мені қатты тәрбиеледі», — дейді ол. Бұрынғы экономист осында басшыларының баяндамасын дайындауды үйренеді, қағаз жазуға қалыптасады.

Бірде аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне жергілікті тұтынушылар одағының жұмысы туралы мәселе дайындағаны бар. Сонда өзінің кәсіби қарымымен мекеменің бүкіл тыныс-тірлігіне экономикалық тұрғыдан талдау жасап, ұсыныс-пікірлерін де соған орайластырып әзірлеген ғой. Бұған аудан басшысы да, бюро мүшелері дән риза болып, нұсқаушы еңбегін жоғары бағалады.

Мұқан Мәжитұлы Нұртай нұсқаушыны талай майданға салды. Тіпті айына бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарына мақала жаздыртып, теледидар алдына сұхбаттасуға да шығарды. Арада бірер жыл өткенде өзі де Мұқан ағасы секілді аупарткомның бөлім меңгерушісі болғанда, сол шыңдалулардың пайдасын көрді.

Ел тәуелсіздігінің елең-алаңы сезіліп, қиюын таппаған көп шаруа енді шығар жол іздей бастаған сонау тоқсаныншы жылдардың басында Нұртай Жұмабайұлы өзі жаны қалаған мамандығына қайта оралды. Ол әлі екі де бір нұсқасы қалыптаспаған қалалық салық инспекциясы тізгінін қолға ұстады.

«Алғашқыда отыратын орындығымыз да болған жоқ, — деп еске алады сол уақытты Нұрекең, — әр жерге барып, таныс жағалап дегендей, жоқтан бар жасадық, ең бастысы, қызметкерлердің бұл саладағы тәжірибесі жоққа тән еді, сол мәселеге қатты көңіл бөлдік». Алғашқыда жиырма төрт қызметкермен істі бастаған ол аз ғана мерзім ішінде біраз жетістіктерге қол жеткізді. Сол кездердегі деректерге көз салып отырғанымызда, 1993 жылы ғана Нұртай Князов басқаратын қалалық салық инспекциясы бюджет кірісіне 2 миллиард 830 миллион 805 мың сом қаражат түсіргендігін байқадық.

Ал 1994 жылдың басында оның қарамағындағы қызметкерлер саны бастапқыдан төрт есеге көбейген. Соның өзі қалыптасқан халықаралық өлшемдермен салыстырғанда мүлдем аз екен.

Нұртай Князов 1995 жылы облыстық салық инспекциясының бастығы болып тағайындалды. Бұл кезде оның жастайынан баулыған көптеген кадрлары тәжірибе жинақтап, өңірде сауаты мықты, білікті команда жасақтала бастаған еді.

Бүгінде облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бастығы қызметін атқаратын Нұрекеңе жалпы тексеру органдарында еңбек жолын енді бастаған жастарға қатысты ой-пікірін айтуын сұрағанымызда, ол: «Жалпы бұл салаларда еңбек ету кәсіби біліктілікпен қатар, зор адамгершілікті де талап етеді. Кейбір жастарымыз жетік тексеру жүргізе алмайды, оның себебі — ізденбейді, бойда бар білімдерін дамытпайды, онысымен қоймай, өздері тексеруге барған мекемелердегі әкесіндей үлкен кісілердің алдында шіреніп, ірі мінез танытады. Мен осындай әдеттерді жақтырмаймын, адам қандай лауазымды қызметте болсын, өзінің кісілігін сақтауы тиіс», — деп жауап берді.

«Қалай болғанда да мен өзімді салық қызметкері ретінде сезінетінімді жасырмаймын, — дейді Нұртай Жұмабайұлы, — өйткені осы саланың өңірімізде қалыптасуына, заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеуіне қатысты шаруаларда басы-қасында көбірек жүрдім, қолтаңбам қалғандай әсерде боламын».

Қазіргі уақытта Нұртай Князов  басқаратын қаржылық бақылау инспекциясы республикалық комитеттің рейтингтік баға қорытындысы бойынша алдыңғы қатарда келеді. Биылғы жылдың тоғыз айында тексерілген 526 бақылау нысанында 8 млрд. 562,5 млн. теңгенің тәртіпбұзушылығы анықталды. Белгіленген тәртіпке сәйкес 1 млрд. 540 млн. теңге бюджетке өндірілді.

Тәжірибелі қаржыгер басқарған ұйым мемлекет қаржысының қолды болмауына осылайша қызмет етіп келеді.

Жүзуден жалықпайтын жан

Нұрекең осы айдың аяғында алпыс деген асуға қол созбақшы. Есік пен төрдің арасындай мөлшерге теңелетін адам ғұмырының жылдамдығы осындайдан көрінетін болар, сірә. Әйтпесе, балалықтың бал дәуренін кешіп жүргені кеше емес пе еді.

Алпыстың алқымдап келіп қалғанын әлі де мойындағысы келмейтіндей. Бірақ өзі ойланып отырғанда сонау жылдары Алматыда бірге оқыған қыз-жігіттер республиканың түкпір-түкпірінен жиналып, Ақтөбеге қарай бет түзеп қойғанға ұқсайды.

Нұрекеңе алпысты алыстатып тұратын бір жайттар бар дегенмен. Ол – оның аптасына үш рет тұрақты түрде спортпен шұғылданатындығы. Қолы қалт еткенде бассейннен шықпайды, қыста аяққа шаңғы байлап, жазда велосипедімен жолға шығады. Бильярд екібастан жан серігі.

Институтта бірге оқыған өмірлік серігі Майра екеуі Айнұр, Айгүл атты қос қызғалдағын мәпелеп өсіріп, бүгінде  Нұрсұлтан, Тамерлан атты немерелерінің қызығын көруде.

Құрдастары Нұрекеңе «жүзуден жалықпайды екенсің» деп әзілдейді кейде. Бүгінде бір шақырымға дейін кең тыныспен құлаштайтын ол өмір айдынында да тек алға ұмтылады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button