Мәдениет

Намаз — діннің тірегі

Мұсылманның ең басты парызы — Алланың бар екендігін, даралығын танып, растау; яғни иман. Ал осыдан кейінгі парыздардың ең үлкені, ең маңыздысы — намаз. Ислам ғұламалары: «Иман мен намаз — егіз. Тек иман намаздан бұрын дүниеге келген» — деген сөз қалдырыпты.

Намаз — балиғатқа толған, ақыл-есі түзу әр мұсылманға парыз. Қиямет күні иманнан кейінгі екінші сауал намаз жайында болады екен. Өйткені Құранның «Анкабут» сүресінде айтылғандай, шын ықыласпен, дұрыс оқытылған намаз адамды харам, жиіркенішті, жағымсыз істерден сақтайды.

Біз Исламның екінші шарты — намазға қатысты оқырмандар көкейіндегі сауалдарға жауап іздеген едік. Сонымен…

— Бес уақыт намаз мұсылмандарға қашан, қалай парыз етілген?

— Намаз Исламнан бұрынғы илаһи діндердің бәрінде де парыз етілген. Өйткені Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды «тек қана (мені танып) маған ғибадат етсін деп жараттым» — делінгендей, Алла Тағала адам баласын мына дүниеге Өзін танып-біліп, құдіретіне бас иіп, құлшылық етсін деп жіберген. Адам пайғамбардан (с.ғ.с.) бастап әрбір илаһи дінде белгілі бір уақыттарда орындалатын намаздар болған. Ал Мұхаммед үмбетіне бес уақыт намаз Миғраж түнінде парыз болды. Бұл туралы Құранда баяндалған. Миғраж «түнгі серуен» деген мағынаны білдіреді. Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл бұрын (яғни, 621 жыл), ережеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пыраққа мініп, Жәбірейіл періштемен бірге көк жүзіне — уақыттан, кеңістіктен, күрестен мүлде ада Раббы әлеміне сапар шеккен. Осы сапарда мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз етіліп, ал қайтарында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жаннаттық және тамұқтық болатындардың сипаттары, біреуді жазықсыз тілдеген, жала жапқан, адамдарды шағыстырған, арандатқан, өтірікші, екіжүзді және әділетсіз жандардың соңғы көретіні не болатыны көрсетілген.

— Намазды жамағатпен бірге оқу маңызды ма?

— Иә, намазды жамағатпен бірге оқу маңызды саналады. Ханафи мәзһабында ер адамдардың бес уақыт намазды бірге оқулары — сүннет. Ал басқа мәзһабтардағы кейбір ғалымдар тіпті парыз деп те үкім берген, яғни екі адам болса да намазды жамағатпен бірге оқу керек.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)  жамағатпен намаз оқудың сауаптылығы жөнінде мынадай хадистер қалдырған: «Жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық», «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түн ортасына дейін намаз оқығандай сауап алады. Таң намазын да жамағатпен оқыса, түні бойы намаз оқығандай сауап алады», «Адамдар намазда алдыңғы саптың қаншалық сауаптылығын білгендерінде, алдыңғы саптан орын алу үшін араларында жеребе тастауға дейін баратын еді».

Әйел адамдардың да мешітке барып, жамағатпен бірге намаз оқуларына болады. Бірақ үйде оқу олар үшін абзалырақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл туралы: «Әйелдердің мешітке баруларына бөгет болмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке баруларынан да абзал», — дейді.

— Сәжде жөнінде білсек дейміз?..

— Сәжде — намаздың парызы. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құлдың Раббысына ең жақын сәті — сәждеге бас қойған сәті» — деген. Оның парыз болуы туралы Құранның «Хаж» сүресінде: «Ей, иман еткендер! Рукуғ пен сәжде жасаңдар» — делінеді. Нағыз сәжде — жеті мүшемен жасалған сәжде: жүз, екі қол, екі тізе және екі аяқ. Сәждеге екі шынтағын жерге тигізу мәкруһ болып саналады. Сәждеде маңдаймен бірге мұрынды да жерге тигізу — уәжіп.

— Намаз оқуға болмайтын уақыттар бар ма?

— Бар. Үш уақытта намаз оқуға болмайды: күн шығып келе жатқанда; күн батып бара жатқанда және күн тас төбеде тұрған кезде.

— Қандай жағдайларда намаз бұзылады?

— Намазды бұзатын амалдар мыналар: намаз үсітнде мейлі әдейі болсын, мейлі білмей болсын, ішіп-жеу; көп амал жасау (орынсыз көп қимылдау); сөйлесу; құбыладан бұрылу; дәреттің бұзылуы; әурет жерінің ашылуы; жан-жағына аттау; есінен тану; ақылынан адасу (жындану); жамағатпен оқылатын намазда ер мен әйелдің бір қатарда, ортадағы бөліксіз тұруы; намаз ниетін ауыстыру; намаздың бір парызын тастап кету; өзі еститіндей дәрежеде болса да, дауыстап күлу.

— Жұма намазының артықшылықтары қандай?

— Алла Тағала айлардан — Рамазан айын, түндерден — Қадір түнін, ал күндерден жұма күнін ұлық еткен. Жұма күні аспандағы құстар да бір-бірімен: «Жақсы күннің жақсылығы болсын» — деп сәлемдеседі екен. Жұма күнінің бес қасиеті бар: осы күні Адам-ата жаратылған; осы күні Адам пайғамбар (с.ғ.с.) жерге түскен; Адам-Атаның қайтыс болған күні де — жұма; осы күні бір сағат бар, сол сағатта пенде Алла Тағаладан не тілесе, соны береді; қиямет жұма күнінде болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұма күні —  күндердің төресі және Алла Тағаланың қасында ең ұлығы. Жұма күні Алла Тағала үшін ораза мен Құрбан айттан да ұлығырақ» — деген. Міне, осы қасиетті күні дәрет алып, мешітке, жұма намазына бару — үлкен сауап.

Жұма күні бесін намазы орнына екі рәкәт жұма намазы оқылады. Жұма намазы — парыз, яғни балиғат жасына жеткен әр адам үшін өзі орындауға тиісті амал. Жұма намазы парыз болудың шарттары: балиғат жасына жету; азат болу; ер адам болу; дені сау болу; саналы болу; мұқим болу (яғни, жолаушы болмау). Хадисте былай делінген: «Жұма күні шомылып, барынша тазаланған және қолында бар хош иісті заттарды пайдаланып жұма намазына келген, мешітке келгеннен кейін адамдарды кимелеп-итермелемей, шариғат бұйырғанын оқып, имам уағызын үндемей тыңдаған адамға екі жұманың арасындағы жеңіл күнәлары кешіріледі». Құрандағы «Жұма» сүресінің 9-аятында: «Ей, иман, келтіргендер! Жұма күні жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға асығып, өздерің барыңдар. Сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» — деп бұйырылған. Ислам ғұламалары жұма күнінің шапағатын, сауабын іздемеген адамның жүрегі қатып, иманына қауіп төнеді деп біледі.

*********

Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтыпты:

«Бес уақыт намаз үйіңіздің алдынан ағып  жатқан өзен секілді».

***

«… Егер намаздан да абзал өзге бір ғибадат болғанда, Аллаһ иманды құлдарына алдымен соны білдірер еді. Күллі періште атаулының кейбірі — қиямда, кейбірі — рукуде, кейбірі — сәждеде, кейбірі — тамаһһудте. Бұның барлығын бір-ақ рәкәт намазға сыйғызып, мұсылмандарға сыйға тартты. Өйткені намаз — иманның  басы, діннің тірегі, Исламның нағыз өзі, мүмкіннің миғражы, көктің нұры, тозақтан құтқарушы».

***

«Шынайы мүмін намаздан тыс кезде — көңілсіз адам. Өйткені намаз кезінде ол Раббысымен сөйлеседі, ал намаздан тыс уақытта пенделермен сөйлеседі».

***

«Мұсылман мен кәпірдің арасындағы айырмашылық — намаз».

***

«Арасында ауыр күнәлар істелмесе, бес уақыт намаз бен жұма намаздары, арасында істелген жеңіл күнәларды жуып-шаяды».

***

«Кімде-кім еш себепсіз жұманы қалдырса, Алла Тағала оның жүрегіне қара таңба басады».

***

«Жамағат болып жұма намазын оқу — әрбір мұсылман үшін парыз. Бұл үкім төрт адамға жүрмейді. Олар: құл, әйел, сәби және науқас адамдар».

************

Ғажап түс

Азан шақырудың түрі әлі анық белгілене қоймаған кез екен. Абдуллаһ бин Зәйд есімді сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның қазіргі түрі үйретіледі.  Өзі былай әңгімелейді:

«… маған  үстіне жасыл киім киген біреу келді. Бір кішкене тамның үстіне шығып алды.  Қолында  қоңырауы бар. Мен оған:

— Қоңырауыңды сатшы, — деймін.

Ол:

— Бұны не істейсің? — деп сұрады.

— Намаз  уақытында қоңырау шаламыз, — деймін мен. Сонда ол:

— Одан да мен саған жақсы бір шара үйретсем қайтеді?

Мен келістім. Сонда әлгі кісі құбылаға бұрылды да, азан сөздерін толығымен айтып берді. Содан  соң сәл бөгеліп, азан сөздерін қайталап, соңына екі рет «Қад қаматиссалаһ» — деген сөйлем қосты».

Абдуллаһ бин Зәйд сахаба осы әңгімені, яғни көрген түсі жайлы дереу Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтады. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған азан сөздерін Хазіреті Біләлға үйретуді бұйырады. Сөйтіп,  азан ең алғаш рет Мәдина қаласында Хазіреті Біләл даусымен естілген екен.

Бізге жеткен әңгімелерге сай, жоғарыдағы  айтылған түс сол түні жалғыз Зәйдке ғана емес, жеті бірдей сахабаға көрінген. Содан бастап азан нақ сол қалпында айтыла бастапты

Шайтанның қызғанышы

Баязит Бистами есімді әулие бірде қатты шаршап ұйықтап, таң намазының уақытын өткізіп алыпты. Бұнысына қатты қайғырып, Алладан кешірім сұрап, жылап жатқанында, әлдеқайдан: «Ей, Баязит, сенің бұл қателігің кешірімді. Шын өкініп, көз жасыңды төккенің үшін, Аллаһ Тағала  саған жетпіс мың намаздың сауабын жазуға  бұйырды» — деген дауыс естіледі. Арада бірнеше ай өтеді. Бірде таң намазы уақытында тағы да қатты ұйықтап жатқан Баязит Бистамиді  шайтан оятыпты: «Тұр! Таң намазыңнан қалатын болдың!». Сонда әулие  таңғалып: «Ей, мұның қалай? Сен әр адамды намазын қаза қылса деп тілемеуші ме едің? Намаздан қалдыруға тырыспаушы ма едің? Мені  қандай пиғылмен оятып тұрсың?» —  дейді. Сонда  малғұн былай деп жауап беріпті: «Өткен жолы сен таң намазын қаза еткеніңде, жылап, жетпіс мың намаздың сауабын бірден  иеленбеп пе едің? Сол есіме түсіп, жетпіс мың намаздың сауабының орнына, бір уақыт намаздың ғана сауабын алсын дегенім ғой».

Бет «Нұр Ғасыр» мешіті ұсынған материалдар бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button