Білім

Балдырған

Табиғат

Күз

Күн суыта бастады. Балалардың даусы жаздағыдай емес, аз естіледі.

Күн бұлттанып, жаңбыр жауып тұр. Жаңбырдың әр тамшысы терезеге сырт-сырт тиеді.

Жапырақтар ағаштан дір-дір етіп үзіліп, жерге қалықтап түсіп жатыр. Жердің бетіне бейне бір қызыл, жасыл, сары жолақтары бар түкті кілем жайып тастағандай.

Құстардың да әртүрлі пішінде бұрыштап ұшып бара жатқан көрінісіне таңдана қарайсың. Жылдың төрт мезгіліндегі ең сұлуы қыс пен күз шығар. Бұл өмірде күздің керемет табиғатын көріп таң қалмаған адам кемде-кем шығар. Құдды сұлулық пен сиқырлықтың сыры жасырынып тұрғандай.

Терезеге қарап отырып терең ойға шомыппын. Көңіліме өлең жолдары оралды.

Бұлттар басып аспанды,

Күн суыта бастады.

Жапырақтар жайқалып,

Алтын бола бастады.

Жеріменен қоштасып,

Құстар қайта бастады.

Жанбота ЖҮКЕН,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Атамекен

Менің мақтанышым

Қазақстан — қазақ халқының Отаны, мекені, қонысы. Бұл жерде ата-бабаларымыз туды, өмір сүрді, кең даламызды қасық қаны қалғанша қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырды.

Қазақ жері — өте бай жер. Байлыққа толы сол жеріміз күннен-күнге көркейіп келеді. Мен Қазақстанда тұрып жатқаныма мақтанамын.

Әсел СӘДІРҒАЛИЕВА,

С.Оразалин атындағы мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Ана

Анам менің — алтыным,

Өзің барда шалқыдым.

Мейіріміңе бөлендім,

Сөздеріңе балқыдым.

Анам менің — алтыным!

Айгерім ИБРАШЕВА,

Мұғалжар мектеп-балабақшасының 6-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Тілім менің

Тілім менің — жазар жырым дәптерге,

Тілім менің сыр қалдырар өткенге.

Асқақтайтын кезің келді көк шарлап,

Жаралы ең ғой елге азаттық жеткенде.

Ғарифолла ҚАЗБЕКҰЛЫ,

Шибаевка орта мектебінің оқушысы.

Алға ауданы.

Құрлықтар

Ғалымдар мекені

Біздің ғаламшардың ең суық материгін — Антарктиданы 1820 жылдың қаңтарында орыс теңіз саяхатшысы, капитан Фадей Беллинсгаузен ашты.

Антарктида қалыңдығы 7-8 шақырым өте үлкен мұзды қалқанмен жабылған. Ал қыста температураның төмендігі сонша, адам терісі санаулы минуттарда үсіп кетеді. Сондықтан да Антарктида Жер ғаламшарында ең аз зерттелген континент. Бірақ, бір кереметі, онда жануарлар әлемі бай.

Антарктида сонымен қатар ең желді құрлық. Мұздай ауа ағындары мұзды жабынның ортасынан төмен қарай жағалауға кейде сағатына 300 шақырым жылдамдықпен соғады. Бұл дауылды желдер бірнеше күн бойы тоқтамайды.

Антарктиданың тұрғындары түгелдей ғалымдар. Мұнда олар көптеген әртүрлі зерттеулер жүргізеді, қайраң мұздықтарының сырт жағын зерттейді. Бұл үшін олар төменгі температурадағы суға бойлауға да мәжбүр болады.

Антарктиданың құстары мен жануарлары әрқилы. Мысалы, құныс кит суда акробаттар тәрізді секіре алады. Ал кастканың күндік азығына 250 килограмм қорек керек. Татрен болса, аяқтарында жарғақтары жоқ дара құс. Сондықтан үлпілдек татрен қорегін теңізден емес, құрлықтан табады.

Райса НАСАН,

Бөгетсай орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button