Әдебиет

Дүние-дәурен

Қызыл Тұрдалыұлы — 160

Биыл туғанына 160 жыл толып отырған Қызыл Тұрдалыұлы қалың жұрт білетіндей әнші, ақын, композитор ғана емес, жауырыны жер иіскемеген палуан, ат үстінде көрсетілетін өнерлердің шебері, түйіндей айтқанда, бір басына талай өнерді тоғыстырған дүлдүл еді. Дәуірінде әйгілі Мұхиттың — Мұхит Мерәліұлының — шәкірті болған Қызыл ақынның өлең-әндері кейін бірді-екілі айтылып жүргені болмаса, ақын туралы деректер тапшы болып келді.
Осы ретте бұл олқылықтың орнын толтыруға ақын, журналист Нұрлыбек Қалауов зор еңбек сіңірді. Ол 2018 жылы белгілі баспагер Нұрлан Жұмағалиевтің демеушілігімен Қызыл ақын туралы «Ғасырдан асып жеткен ән» деп аталатын кітап шығарып, толымды дүние ұсынды. Оқырмандар назарына осы кітаптың («NOBEL» баспасы, 2018 жыл, 183 бет) «Дүние-дәурен» деп аталған тарауын ұсынып отырмыз.

Туған аулынан табан аудармай, ағайындарының арасында еркелігін асырып, бұла өскен Қызылдың Құдай берген сан қырлы өнерінің арқасында ат аяғы жетер аймаққа танымалдығы күннен-күнге арта түсті. Бұйымшылап, іздеп келетіндер де, ас пен тойларға арнап хабар жіберушілер қатары да көбейе түсті. Күші бойына сыймай, дүниені тек қуаныштар мен құрмет-қошеметтерден тұратындай, басқалардан гөрі өзін бір мысқал артық жаратқандай көріп, демімен қазан қайнатардай екпіндеп, есірік күйде жүрген бозбала бұл дүниеге сайран салу үшін келгендей, ортекедей ойқастап жүр. Ауылдан шыға қалса, көретіні — құрмет. Айналасы толған өзі құралыптас жігіт-желең, дулы орта. Дос-жаран жетіп артылады. Қай ауылға барса да, орны — төрде.
Таныс, бейтаныс ел деген түсінік жоқ, ауыл сұлбасы көрінгенде ат үстінен әуелетіп, жолдастары айтпақшы, «қайқайтып», бір-екі әнді тастап жіберсе, сүріне-жығыла алдынан қарсы алушылар да, үлкендерден именіп, жабықтан сығалайтын қыз-келіншектер де жетіп жатыр. Үнемі тізерлей отырғасын бел, жамбастың ұюы, ұйқының шалалығы деген не, тәйірі!? Аттанардағы қаумалаған қалың жұрттың қимастығы, шынайы ырзалықтары, күйлі азаматтардың ел алдында мақтауын асырған қолпашы мен көлденең тартып мінгізген сәйгүлігі, басқа да тарту-таралғылары… бұдан артық қызық та, рахат жоқ секілді.
Басқаша тірліктің Қызылға керегі де жоқ. Ол қой құрттап, жүн қырқып, қолына күрек алып, қи ойып жүретіндердің қалыбынан емес. Бұл — той-думанның ажары, ортаның адамы. «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деп, тірлігінің тұтқасын малға теліп қойған қазақтың бәрі бірдей Қызылдың тойшыл тірлігін түсіне бермеулері мүмкін. Ал, Қызылдың ойынша, мал дегенің — әуресі көп, бейнетті тірлік. Бүкіл өмірін мал соңында өткізетін ағайындікі дұрыс та шығар. Өзі үшін мал дегенің — бір-екі тойдан тауып қайтатын олжа.
Жасыратыны жоқ, осы жолмен тапқан малын, дүниесін шашау шығармай, үйіне тасып жатқаны шамалы. Шаңырағына жеткенше, сері, әнші атағына «жомарт, шашпа деген атымды шығарамын» деп жөнді-жөнсіз дарақыланатыны тағы бар.
Өз түсінігінде осы алған бағыты жөн. Жастық дәуренді осылай тасып-төгіліп, ілгері-кейінгілер тамашалап айтып, тауыса алмастай етіп өткізу керек. Ертең-ақ, күні ертең жас ұлғая келе, тірліктің қамытына, мәстектей жегіліп, малдың соңында китіңдейтін уақыт шақырмасаң да келеді. «Е-е, сол кезде қапқа тары салармыз».
Осы пайымына алаңсыз сенген жас жігіт жалт-жұлт еткен гүлдерді қызықтаған көбелектей, ас пен тойды құр жібермеуге алаңсыз кіріскен.
«Мен қозы бағып жүрген жетім баламын, мүшелге жете қоймаған кезім. Шамама қарамай, той-жиын болған жерде ән-жыр айтылып жатқан үйді төңіректеп жүрем. Мына Бозашы жағында той ма, ас па, білмеймін, бір үлкен жиын болды. Адам дегенің құмырсқаның илеуіндей, қайнап жатыр. «Ойыл жағынан Кетелер келіпті, арасында Қызыл сері бар», — деп жұрт шуласып жатты. Ара-тұра ән айтылып жатыр. Бір шамада біреу керемет күшті қою дауыспен шырқатып ән бастады. Жұрттың бәрі «мынау Қызылдың дауысы ғой» деп әлгі үйге тұра шапты. Қазан басындағы қатын-қалаштар да істерін тастап, тұра жөнелді. Адам көбейіп бара жатқасын Қызылды далаға жайғастырып, ел армансыз тыңдады. Қызылды бірінші рет сонда көрдім. Сүйегі ірі, батыр тұлғалы, қызыл шырайлы кісі. Өлеңді айтқан сайын көзі жайнап, бусана түсіп, адамды ынтықтырып жібереді екен. Оған не сыйлап, не қойғанын білмеймін. Ертеңіне сол Қызылдың палуандыққа түскенін көрдім. Ол былай болды.
Әр жақтан келген палуандар күресе келе іріктеліп, екеуі қалған болуы керек. Ортаға екі дәу шықты. Жұрт екі бөлініп, бір жағы «Бекет», екіншісі «Майлыбайлап» қиқуға басты. Екі дәу біресе тартыса ма, сүзіскен өгіздер құсап тіресе ме, бір кезде кетенің палуаны жығылып тынды. Женген жақтың мерейі үстем болады ғой. Біреуі:
— Әй, кетелер, қапы кеттік десеңдер, тағы біреуің шығыңдар. Шығатын палуандарың бар ма? — деді мақтанышпен.
— Бармыз, шығамыз! — деп біреу саңқ ете түсті.
Қоршап тұрғандар «Қызыл, Қызыл» деп жатты. Көйлек-дамбалшаң ортаға шыққан Қызылды көрдім. Маған оның кеудесі құшақ жетпестей толып, көріктей гүрілдеп тұрғандай көрінді. Екеуі ұстаса кетті. Манағы қиқу — қиқу ма, айнала азан-қазан. Жердің топырағы бұрқ-бұрқ етеді. Қаптаған адамдардың арасынан палуандарды бір көрем, бір көрмеймін. Бір кезде жұрт гу ете қалды. «Таза жеңді, таза жеңді!» — деп шулап жатты. Жеңген — Қызыл екен. Есікте жүрген баламын ғой, көп нәрсені біле бермеймін. Сол арада «бір адамды күрестен жеңгенге бәйге жоқ. Тағы біреумен күреспесе болмайды» деп біреулер дау шығарған-ау деймін. Сонымен, Қызыл тағы бір палуанмен ұстасып, ел тағы қиқуға басты. «Қызыл бұны да жеңді» деп, ел таңырқасып жатты. Сөйтіп, палуанға тігілген бәйгені Қызыл алды» — деп естелік айтқан болатын Адайдың Тәзікесі, оның Қарақайынан тарайтын маңғыстаулық Базарбай Қыдырғалиев ақсақал 1969 жылы.
Ал енді Қызылды тоқтатып көр. Әнші, сері, жомарт атағына палуандығы қосылды. Елдің аузында — Қызыл, Қызыл. Қошемет үстіне қошемет.
Ал Қызылдың тобына жөн айтып көр, құлақтарына ілер ме екен.
Ал бұларға «мыналардың жөн емес» деп көр, ләмге келтірер ме екен.
Осылайша бақтары жүріп тұрған бұл жігіттер ас пен тойлардағы олжаларын місе тұтпай, ілік-шатаққа да араласқысы келіп, қолдары қышып, оңашада гуілдесіп басылатын. Бұл есер топ ас пен малға жарымай, күндерін көре алмай жүргендер емес. Бұлардікі — атақ шығару, мақтан. Кімнен болса да, қай жағынан болса да, басқалардан асып түсу. Басқа ой да, мақсат та жоқ.
Осыған ұқсас әңгімені Т.Меңдіғалиев «Кең Жылыойдың арғы бетінде болды» деп айтады. Ал шежіреші Байқошқар кете Сабыр Тілегенов Жайық бойындағы аста Қызылдың теңге алу ойынына қатысқанын былайша баяндайды: «Сонымен, енді Көлейттің тақырында теңге алу болады. Қатысатын дәмелі жігіттер қарақшыға келіп тұрсын» деп хабарлапты басқарып жүргендер. Сонда Қызыл серіктеріне: «Бұған мен шығайын, бәйгесі жүз сомды, аралары қырық қадамға жетпестей жиілетіп, екі жаққа бөліп тастапты. Оны үлгеріп алу қиын. Балықбай, мен сенің атыңмен шығамын. Басқа аттардың ала қызбасы бар. Сенің кер атыңның қапелімдегі текірек шабысы болмаса, басқалары үлгертпес», — депті.
Дәмелі жігіттер бірін алса, бірі қалып, екі жақтан кезек ілуге ебі келмей, бірінің аты сыңар езулеп, теңгеге жетпей қалып жатқанда, керді мінген Қызыл текірек шабыспен көмбені түгел іліп, жігіттерінің мерейін асырыпты. Елге қайтып келе жатқан жолда, Қызыл ауырып, жігіттері Бабатайға әзер жеткізеді. Өздері «көз тиді» деп, түрлі ем жасап, тәуіпке қаратып, бір ай шамасында қатарға қосып алыпты. Осыдан кейін айналасының айтқанын қабыл алып, ара-тұра болмаса, әншілігін серік еткен».
Сол жолы «көз тиді» дегенді шежіреші Сабыр Тілегенов 1991 жылы, кейін қосты.
Осы жерде Қызылдың «Жылқының перісі» атанғанына тоқтала кетейік. Ол үш-төрт жасынан бастап, әкесінің атқа мінгізуі арқылы ат құмар болып өседі. Жалпы, малды ауылдың балаларына тән тірлікті — ұзап кеткен мініс атын әкеліп беру, өзенге дейін мініп барып суарып келу, атпен ұсақ малдарды қайтару, бағу, тай үйрету, т.б. бастарынан өткергені шындық.
Әкесі Тұрдалыға еріп, жылқы бағу, қысқа қарай жылқы күзетіне шығу, қашағандарды қуып үйірге қосу, бөлініп кеткен саяқтарды іздеп табу сияқты ат үстінде атқарылатын тірліктерге бала Қызыл бұғанасы беки қоймаған кезінен жаны сүйіп араласқан. Атқұмарлығының үстіне тілалғыш, елгезектігі үшін жылқының айналасында жүргендер Қызылды жақсы көреді екен. Бірде бұлардың табынына сырттан бір тай келіп қосылады. Жуыр маңда иесі шыға қоймайды. Жылқылар жусап тұрған сәтте Қызыл шылбыр тастап ұстап алып, тайды екі-үш күнде бастықтырып, үйретіп алады.
Бір күні жылқышылар бір жаққа шұғыл кетіп бара жатып, қоста қалған бұған:
— Табындарға қырағы бол. Көктемде салған ана екі жас айғыр қызғаныштан үйірін алып, бөлініп кететіні бар. Ертең жоқ іздейміз. Ұстай алсаң, қашаған қуатын екі атты ұстап, дайындап қой. Оның бәрін жасасаң, қосылған тайды өзіңе берем, — дейді.
Жылқышылар түнделетіп қосқа оралғанда, мал да түгел, тапсырмаларының бәрі орындалғанына қайран қалады. «Жалғыз өзің құр аттарды қалай ұстадың?» — деген сұраққа қалжыңбас бала әзілге бұрып, жөнін айтпады.
Тағы бірде еріккен жылқышылар мұның қолына жүген ұстатып:
— Осы күйіңде Ақ қоянды ұстап қосқа алып келсең, күзде таңдаған тайыңа ен саласың, — деп баланы жаяу қалдырып, өздері кетіп қалады. Ақ қоян деген ауыл-аймаққа белгілі үйірге бекем, салт жүріске берік, тұқымы тәуір, мақтаулы айғыр екен. Арада екі-үш сағат шамасы өткенде жылқышылар он-он екідегі Қызылдың Ақ қоянды мініп, қосқа қарай ағызып келе жатқанын көреді. Мұндай іс үлкендердің де қолынан келе бермейтінін білетін олар айғырды қалай ұстағанын айтуды жата-жастана сұрамай ма…
Бұлардың сұрағына «Сендер кеткесін жел жаққа шығып, екі көзімді тарс жұмып, жылқы пірі — Қамбар атаға жалынып, тілек тілей бердім. Көзімді ашсам, тас төбемде бір жұдырықтай торғай: «Сенің тілегің маған ғана жаңа жетті, тоқтамай, тілеуіңді жалғастыра бер», — деді шырылдап. Қанша өткенін білмеймін, бір мезетте аспаннан күркіреген дыбыс естілді де: «Ақ періні сенің қызметіңе бердім, орынсыз жұмсай берме. Енді көзіңді аш» деген дауыс шықты. Ұйықтап әлде талықсып кеткенмін бе, білмеймін, көзімді ашсам, адам сияқты ақшыл киім киген екі қанаты бар біреу Ақ қоянды алдыма әкеліп, жүгенді қолыма ұстатты. Анықтап қарағанымша, қанаттары суылдап, ұшып кеткендей болды. Қайырылып қарауға жүрексініп, Ақ қоянға міне сала шаптым», — деп жауап беріпті.
Баланың бұл айтқанына олар сеніп қалып, «Аруағы бар екен. Оңашада келетін көрінеді. Адам тақылеттес, қанаты бар аты — Ақ пері дейді» деп, қосып-шатып елге жайыпты.
Шындығында жағдай былай болған екен. Қолында жүгені бар жаяу бала шетте тұрған, күйі тайған, қолау атты ұстап, жылқыны иіре бастайды. Ұйлыққан жылқы топтала бергенде жанасып барып, тәуірлеу жылқының үстіне секіріп мініп алады. Осы әдіспен жылқыдан жылқыға ауысып мінумен, орайын келтіріп, көздеген айғырына жетіп, жүгендеп алған.
Қазақы тірліктің ежелден қалыптасқан дәстүріндегі асау үйретуді ауыл жігіттерінің мықтылығын ел алдында сынайтын дәстүрлі емтихан деуге болатын шығар. Не бір жүген, құрық тимеген шу асаулардың езуін жыртып, жіптіктей етіп, қалаға тұрғызу — жігіттің бәріне бірдей бұйыра бермейтін ерекше бақыт. Қалыптасқан дағды бойынша асау үйрету күн жылып, көктемде жер бусанып, ылғалмен жұмсарып жатқан шамада басталады. Оның себебі, асау үйретуші аттан құласа, жер жұмсақ болып, жамбасына батпасын деген емес, алты ай қыстан шығып тұрған мал жілік майы ортайып, қаны сұйылып әлсіздеу келетін шағы осы тұс. Әйтпесе аузы көкке ілініп кетсе, көбеңсіген жылқыны бас білдіру оңайға соқпайды. Бұл қатып қалған ереже секілді басқа уақытта асау үйретуге кәнігі жылқышылар да, ауылдың көпті көрген үлкендері де рұқсат ете бермейді. Науқаннан тыс асау үйрету аса бір қажеттілік болмаса, көбіне-көп әдепсіздік саналады, ерлікке, ептілікке үлгі етпейді.
Малмен көзін ашқан қазақтың жігіттерінің қай-қайсысы да бұл сыннан көп сүріне бермейді. Алайда осындай сәттерде жалына жармасқандарды бөріктей домалатып, дес бермей шығынып кететін тарпаңдарға бірді-екілі жармасып, тауы шағылғаннан кейін, асаудың мықтылығын мойындау да жігіттік мәрттік саналған, ондай жағдайға тап болған жігіттерге басқалары сыйластықпен қарайды екен.
Міне, осындай тарпаңдарды үйретуге көбіне-көп Қызыл бастаған дырау жігіттер сұранып шығатын болса керек. Жыл сайын жалына қол апартпай әккіленіп, белең алған асауды Қызылдың үйреткені туралы былай айтылады.
Ақсұр арыстан екі-үш жыл қатарынан шеген тақымдардың бәрін лақтырып, асау күйінде 7-8 жасқа шығады. Қызыл да, жігіттері де ақсұрдың мықтылығын мойындайды және таза қанды, мінезді жылқыға қызығады екен. Кезекті асау үйрету басталғанда сырын білетіндіктен, ақсұрға ешкім батып шыға қоймайды. Сонда жылқышылар: «Қызыл ақсұрды ішкі есебімен әдейі үйретпей жүр. Ол тегін мал емес. Ақсұрдың енесі суын айғырдан шыққан болуы мүмкін. Себебі сол жылы біздің жылқылар қара күзге дейін Ойылдың арғы бетін жайлады. Қызылдың Қамбар атаға сиынып шақырса, жетіп келетін қанатты перісі бар. Өздерінің біз білмейтін серті болғасын қанатты перісін шақырмай жүр. Көрерсің, биыл ақсұрды қалайда үйретеді, басқа асауларға құрық салдырмайды. Қызылдың аруағы бар екенін біз бұрыннан білеміз. Екі беті қызарып, мазасызданып кетсе, ол — аруағын шақырғаны. Көр де тұр, осы жолы Ақсұр арыстан жіптіктей болады», — деп сыбыр-сыбыр әркімге сөз таратыпты.
Мұндай сыпсыңға сенбегендері: «Әй, көре жатармыз. Жұрт ол ақсұрды бекерге арыстан атандырған жоқ. Қазір нағыз еті толып, сүйегі сақайған дер шағындағы мал, үйретпек болғандарды айдалаға сүйреп кетіп, масқара болмасын», — деп өз болжамдарын айтып, сәуегейленеді.
Екі беті қызарып, мазасы кеткен Қызыл ақсұрды жылқышыларға ұстатып, ноқталатып, жабыққа байлатады да, өзі асау үйретушілерді тамашалап, жайбарақат жүреді. Ертеңіне күн байыған шақта ақсұрды жүгендеп алып шыққан ол үстіне қарғып мінгенде, аспанға секірген асау жерге аяғы тиер-тиместе алға ұмсынып барып, құлап түседі. Қызыл үстінен секіріп түсіп, жылқы оңала бергенде қайта мініп алады. Ақсұр артқы екі аяғын көтеріп мөңкісе, ол жаяға қарай шалқайып, тізгінді босата салады. Жылқы құтылмақ болып ышқына шапса, сәлден кейін сүрініп, ентелей құлайды.
Осы көрініс жұртшылықтың көз алдында бірнеше рет жазбай қайталанады. Мұны көріп тұрған жылқышылар: «Әне, көрдіңдер ме, Ақсұр арыстанды Қызылдың ақ перісі жадылап, үйретіп жүр. Әйтпесе асау мал оқытып қойғандай бір қимылды қайта-қайта жамайды. Әне, қараңдар тағы сол. Бұл аруақ дегенге енді нанбай көріңдер», — деп өзеуреп жүр.
Бір кезде ақсұр құлай беруден жалықты ма, айдалаға шығандай шапты. Әне-міне дегенше тағы да ентелей құлады. Осы көрініс тағы да қайталана береді. Қызыл асаудың тізгінін кейін бұрғанда осы көрініс тағы да қайталанады.
Қызықтаушыларды таң-тамаша қалдырып, айдалаға ышқына безген ақсұр кешкісін қосқа қарай ілбіп, шаққа келе жатқанын көргендер ат үстіндегі Қызылды шын ықыластарымен батыр деп тұрған-ды.
Ақсұрды әбден суытып, жабыққа қойған Қызыл ертеңіне тағы да кешке дейін қан-сорпа қылып мініп-түсумен атты бастықтырады. Осылайша ақсұрды бір жұманың ішінде мініске үйретіп, одан кейін ерге үйретіп, ауыл-үйдің арасына міне жүріп, өзі де бауыр басып қалғандықтан орнына із беріп, меншіктеген дейді.
Ал жылқышылар күні бұрынғы сәуегейліктері тура шыққасын, бұрынғы аңыз-ертектерін жаңа деректермен байытып, кейбіреулері Құсмұрын шоқысынан Қызылдың адамға ұқсас, қанаты бар ақ перісін «көргеніне» дейін баяндап, әсірелеп, асқынтуға кірісіпті-міс.
Басы қақшаңдап, аяғы аршындай қаздаңдап, күні бойғы жүріске мойны талмайтын, аяңы жорғаға бергісіз, құлан желіске салса, жер қоймайтын әйгілі тарпаң ақсұр арыстан да сал Қызылмен бірнеше жылғы сапарларда сенімді серігі болған.
Қызылды көрген, серіктесі болған адамдардың әңгімелері: «Ол ат үстіндегі арпалыстарда небір қоршалып қалатын, шылбырға ілінетін» қатерлі тұстарға, өзіне сенгендіктен болу керек, тайсалмастан ат қоятын. Нағыз жанталас кезінде тізгінді бос жіберіп, бір қолына дойыр, бір қолына сойылды ойнатып, беттескенде жан шыдатпайды. Астындағы атын тақыммен бұрғанда, ұршықша үйіретін, нағыз шеген тақым еді», — деп келеді.
Осы жерде жазушы Құрал Тоқмырзаұлының Қызыл туралы жазылған «Тәуекел» атты повесінде Жанша Досмұхамедұлының Қызылды жауаптай отырып қойған сұрағы бар:
— Ал анау «Кеңсе қырған» деген әніңнің жөні қалай?
— Бір рет барымтаға шығып қайтқан соң мына Қарақамыстың оязына мен турасында шағым түсіпті. Содан болыс арқылы шақырту келді. Бармауға заң қатал. Үскірік аяз өкіріп тұрған ақпан айы еді. Кеңсесіне мұртымның мұзы қарыс жарым күйде кіріп барғанымда:
— Әнші екенің рас болса, тап осы бойда шырқа! — деп бұйырды. Аузымды ашайын десем, сіреу мұз сақал мен мұртты бір-біріне шегендеп тастапты. Аузымды әрең ашып, бар даусыммен айқайға бастым. Ән аяқталғасын ояз: «Бұл әнің кеңсе қырған немесе кеңсе көшкен болсын деді», — деп келетін эпизод бар. Бұл — жазушы қиялының жемісі.
Біздің дерегімізде бұл әннің шығуы туралы басқаша айтылады. Қарақамыстың оязынан қатқыл сипатты шақырту алғаннан кейін жолға жиналып жатқанда ауылдастарының біреуі:
— Қарақамыстың төбесі көрінгенде әнге бас. Ояздың кеңсесіне дейін әніңді айтып бар. Сонда жұрт жиналып қалар, арасындағы біреулер ауыз жәрдем етіп, оязды райынан қайтарар. Қалай болғанда да ел сенің оязға барғаныңды біліп, жайыңа құлағын түріп жүрер, — деп кеңес береді.
Бұл ақыл Қызылдың да, серіктерінің де құлағына жағады. Қанша дегенмен, заңды қолына ұстап отырған ояз әй-шәйға қаратпай, аяқ-қолын байлатып, түрмесіне тоғытып, беті әрман, итжеккенге айдатса, о жақтан тірі келген адамды естігені жоқ. Қызылдың қаупі де осы еді.
«Суға кеткен тал қармайды» деп, Қарақамыстың төбесі көрінгеннен күшке салмай, «ел құлағына жетер» деген есеппен әнді жіберсін. Қызылды танитыны-танымайтыны бар, жұртшылық көше бойына жинала бастайды. Ауылға жақындағанда жолдастарынан озып, атын көсем желдіріп келе жатқан ол ояздың кеңсесінің есіктері ашық тұрғанын байқайды.
Қызылдың әнін естуге құмартқан ояз есіктерді аштырып қойып, кеңсесіндегі адамдарымен бірге ән тыңдап отырса керек. Әні ояздың құлағына жетіп жатқанын аңғарған ол топты көрсе, көңіл күйіне ерік беретін әдетімен, аттан қарғып түсіп, әнін жалғастыра шырқап, ояздың алдына келеді. Әні аяқталғасын барып:
— Ассалаумалейкүм, — деп отырғандарға сәлем береді.
— Уағаләйкүмәссәләм, — деген ояз, — әніңді тоқтатпа, — депті.
Оның тілге келгенінен дәметкен әнші тағы шырқайды. Кеңсенің іші де, сырты да адамдарға тола бастайды. Сонда Қызыл өз басының жайын, шақырумен келіп, тағдырын оязға тапсырып тұрғанын баян етіп, жаңа әуенмен шырқаса керек. Разы болған ояз:
— Жақсы. Ал сөзге қонақ бер. Сен ат-матыңмен кіріп келгенде «бізді кеңсемізде қырайын деп келген бе?» деп қалып едім. Енді әніңмен кеңсемізді құлататын түрің бар. Жаңағы әніңді «Кеңсе қырған» деп айтатын бол бұдан былай, — депті де, кейін Қызылды даудан ақтап жіберіпті.
Өкініштісі сол — осы әннің әуені мен мәтінін білетін адамдар табылмады.

Нұрлыбек ҚАЛАУОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button