Әлеумет

Биыл әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды

Әлеуметтік қорғау

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау жүйесінде мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі ерекше орын алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау біздің облыста қалай жүргізіледі? Оңалту құралдары жеткілікті ме? Әлеуметтік қызметкерлердің қызметін қалай алуға болады? Осы төңіректегі сауалдарды облыстық жұмыспен қамтудыүйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларбасқармасы басшысының орынбасары Эльмира Сүйіншалинаға қойған едік.                 

  • Біздің облыста мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі қалай жүргізіліп жатыр?
  • Қазіргі таңда Ақтөбе облысында мүмкіндігі шектеулі 27439 адам бар, оның 3 766-сы — мүгедек балалар. Бес жыл бұрын біздің ел Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке дербестігі мен тәуелсіздігін маңызды деп таныды. Біздің облыстағы жергілікті атқарушы органдар қай кезде де мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Соңғы бес жылда жергілікті бюджеттен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға арналған шығыстардың өсуі 1 миллиард теңгеден 2,9 миллиард теңгеге дейін ұлғайды.
  • Мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуде қандай өзгерістер бар?
  • Көріп отырғанымыздай, өмір орнында тұрмайды. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы заманауи техникалық құралдар тізбесін кеңейту қажет екенін растайды. Бес жыл бұрын техникалық оңалту құралдарының тізіміне есту қабілеті бұзылған балаларды қамтамасыз ету үшін кохлеарлы имплантқа сөйлеу процессорлары қосылды. Мұқтаж мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормалары 480 данадан 730 данаға дейін көбейтілді, есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі мамандарының қызмет көрсету уақыты ұзарды, яғни сағат саны 30-дан 60 сағатқа дейін өсті.2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап көру және есту қабілеті бұзылған мүгедектерге арналған бейнекомпьютер, компьютерлік тифлокешен, тифломагнитол, телефакс, диктофон секілді сурдо-тифлотехникалық құралдардың орнына көпфункционалды, қазіргі заманғы ноутбуктер, ұялы телефондар сатып алу қарастырылған. Сонымен қатар үш жыл бұрынтермометр, тонометр, глюкометр, Брайль шрифтін өзін-өзі үйретуші, дәретхана және ванна бөлмелеріне арналған тірек тұтқалары, шұлықтар мен жейделер киюге арналған құрылғы, ыдыс-аяқ және тағы басқаларды ұстауға арналған қармауыш секілдітехникалық құралдардың тізбесі кеңейтілді. Яғни техникалық құралдар тізімі 31-ден 55 түрге дейін өсті.
  • Республикада қызметтерді цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Әсіресе әлеуметтік қызметтер порталына тоқталып өтсеңіз.
  • 2020 жылдың қаңтар айынан бастап мүгедектерді техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарымен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Әлеуметтік қызметтер порталы — мүгедектігі бар тұлғаларға техникалық оңалту құралдарын және арнайы әлеуметтік қызметтерді өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе.Портал мүгедектігі бар адамдардың ыңғайлылығы және көрсетілетін қызметтер мен техникалық оңалту құралдарының

сапасын арттыру үшін құрылды, порталда оларға жеке қажеттіліктерді ескере отырып, техникалық оңалту құралдарын таңдау құқығы беріледі. Әлеуметтік қызметтер порталының енгізілуіне байланысты мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мерзімі қысқартылады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдар портал арқылы техникалық құралдардың 20 шақты түрімен қамтамасыз етіледі. 1 шілдеден бастап тағы 3 түрі қосылды. Ал келесі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап техникалық құралдар мен қызметтердің барлық 55 түрі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілетін болады.Бүгінгі күні 3302 мүгедек азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы бар, 22 мүгедекке қызмет көрсету аймағы ашылды. Облыс бойынша 3302 мүгедек 3844 техникалық оңалту құралдарын қажет етеді. Техникалық құралдардың 24 түріне мұқтаж 542 мүгедек порталға өтініш берді, оның 114-і техникалық құралдар алды.

  • Облыста қарттар мен мүгедектер тұратын медициналық-әлеуметтік мекемелер бар, ал бүгінгі таңда әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандары қандай?
  • Иә, облыста 3 медициналық-әлеуметтік мекеме бар, онда оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қарт азаматтар мен мүгедектігі бар адамдар арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады.Жыл сайын 3 мыңнан астам қарт пен мүгедектігі бар адамдар арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады. Бұл ретте стационар (дәстүрлі МӘМ), жартылай стационар (күндізгі бөлімшелер), үйде күтім жасау жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету нысанын таңдау мүмкіндігі бар. Экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан алғанда күндізгі бөлімшелерде, мүгедек балаларды күндізгі оңалту орталықтарында әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандарын дамыту, мүгедек балалар мен егде жастағы адамдардың отбасылық өмір сүруін ынталандыру және қолдау неғұрлым тиімді. Осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысуын кеңейту туралы ерекше атап өткен жөн.Бүгінде Ақтөбе қаласында, Мәртөк, Мұғалжар, Қобда және Ойыл аудандарында 200 мүгедек балаға күндізгі бөлімде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
  • Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеу— маңызды мәселелердің бірі. Біздің облыста жағдай қандай?
  • Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының үшінші кезеңін іске асыру үшін 1147 нысан паспортталды, оның ішінде 793 нысан бейімделуге жатады.2014-2019 жылдар аралығында барлығы 793 нысан бейімделді. 2020 жылға арналған Жоспар бекітілді, биыл Ақтөбе облысы бойынша әлеуметтік инфрақұрылым объектісін бейімдеуге 26 нысан жоспарланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында «Қолжетімді орта» порталы бар, онда халықтың қауқары аз топтарына бейімделген барлық объектілер көрсетілген.Сонымен қатар облыста Nur Otan партиясының Ақтөбе филиалы жанында мүгедектігі бар тұлғаларға әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу мәселелері бойынша қоғамдық комиссия бар.
  • Айтпақшы, әлеуметтік қызметкерлер жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге қандай қызметтер көрсетеді?
  • Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы №165 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес әлеуметтік қызметкерлер көрсететін қызметтер тізімі жасақталды. Стандартқа сәйкес әлеуметтік қызметкерлер тұрмыстық, медициналық, экономикалық, мәдени, құқықтық, еңбек, педагогикалық және психологиялық қызметтер көрсетеді.Қарттар мен мүгедектер кез келген қызметті таңдауға құқылы, ол бір мезгілде барлық 8 қызметті таңдай алады.

Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 18 әлеуметтік көмек бөлімшесі бар, бұл жерлерде 332 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Жалғызбасты қарияларқызметті өтініш негізінде, ал мүгедектігі бар тұлғалар оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес алады.

Облыста 2000-нан астам азамат әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінеді.

 А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button