Әдебиет

Есенбай — 80

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының Ілияс Жансүгіров атындағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың лауреаты, ұлы Абайдың 150 жылдығы құрметіне арнап өткізілген республикалық жыр мүшәйрасында Бас жүлде иегері болған Есенбай Дүйсенбайұлының туғанына 80 жыл толды.

«Боз құсы болып бір белдің, мен сені, өмір қорғаймын: діріліменен гүлдердің, шырылыменен торғайдың!» — Есенбай поэзиясының өн бойына өріліп отыратын өзекті ағысы, азаматтық та, ақындық та тұғырламасы осы еді. Қазақ өлеңіне ол әкелген бозала таң мен бозторғай жай ғана боз бояу емес, жай ғана құс мұңы емес, ең әуелі, сәбидей тазалық пен пәктік баламасы. Қазақтың таңдаулы ақындарының бірі Жәркен Бөдешовтің: «…Құстардың мұңын жырлаған, Талғамы биік текті адам. Бозторғай көрсем шырлаған — Есағам ба екен деп қалам» дейтіні де сондықтан.

Ақтөбеде жүріп «Бозала  таң мен бозторғай», «Ақпейіл», «Ұланғайыр», «Ашық аспан» жыр жинақтарын шығарған Есағаң кейін бұл тізімге «Ақ желкенді ағыстар», «Біздің толқын», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үшбұлақ», «Жаңбыр әні», «Пешене» тәрізді көптеген жинақтар қосты. «Жазушы» баспасынан екі томдық таңдамалысы шықты.

Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласында аудандық, облыстық газеттерде айшықты ізі қалған ақын кейін Алматыда «Жазушы», «Жалын», «Ана тілі» баспаларында қызмет атқарды. Өз өлеңдерін өмірге әкелумен бірге оңтүстік астанадан шалғайда жүрген талай таланттарға қамқорлық жасап, тек алғысқа бөленді.

Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласының құрметті азаматы атанған аяулы ағаның өлеңдері қазір байтақ Қазақстанның жыр қазынасына айналып кетті.

Бүгін ақын туралы әр кезеңдерде жазылған бірқатар лебіздерді ұсынып отырмыз.

Сырбай Мәуленов:

Ақынның әрбір өлеңі — жарып шыққан ақиқаттың ащы дауысы. Ақынның әрбір өлеңі — елдің мұңы мен зары, арманы мен аңсары. Есенбайдың көп өлеңдері осы ардың жоғын жоқтайды да, мезгіл мінбесіне көтерілуіне кең жол ашады.

Есенбай — лирика мен публицистиканы жігін білдірмей, жымдастыра білетін зергерлердің бірі.

Фариза Оңғарсынова:

Бір ақиқат бар. Есенбай Дүйсенбай — зерделі, зерек ақын. Есенбайдың өлеңдерін оқығанда мен біз құрыптас ұрпақтың көкейіндегі «табанын тікен осқан жалаңаяқ балалықты», «көкжиек-көлге сүйкенген сиырларды» қайырып, боз ала таңнан «түйені тапырақтатып сайларға» айдаған жылдарды басымнан қайта кешіп, Аязбидің шарығына қарағанындай, өткеніме көңілімді жүгіртіп, тәубаға келіп отырамын. Есенбайдың өлеңмен салған жанды суреттері алпыс екі тамырыңды бүлкілдетіп, сезім әлеміңді оятады. Қалдайбек ауылындағы тіршілік сенің де басыңнан өткендей күй кештіреді.

Есенбай басқа жақтан бояу іздемейді. Матасы — қыр, құм да, бояуы — күннен, айдан шашыраған шуақтар.

Қазақ поэзиясының белді ортасында жүрген Есенбай ақынның ғұмыры өлмес өрнектерімен қасиетті.

***

Сағи Жиенбаев:

Есенбай жырларында адам жүрегін елжірететін бір нәзік мұң бар. Ол біздің ұрпақтың басына түскен ауыртпалықтың да әсері болса керек. Біз күні кешеге дейін еңсесі көтеріліп, етегі жабылмаған елміз ғой. Есенбай да жетімдік пен жоқшылықты көп көрген жігіт. Қанша айдарыңнан жел есіп жүрсе де, жүрегіңнің бір түкпірінде ызғарлы жылдардың қара суығы жатпауы мүмкін емес.

Есенбай ешқандай қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын. Әр өлеңінен көктемгі даланың жұпар иісі келеді. Дүниені сезінуі бөлек, оны өзгеге де сезіндіре біледі. Мен Есенбай өлеңдерінен Жем бойында өзім көрмеген керемет суреттерді көргендей болам. Сол суреттердің ішінде жүргендей сезінем. Оның өлеңдерінде жалған дыбыс, жасанды бояу болмайды. Бәрі де өмірдегідей, табиғи қалыпта.

*   *   *

Сейфолла Оспанов:

Елді ойлатуға, әрі-беріден соң, сол елдің кеудесіндегі қыжылды тап басып, табан астында жыр жолына айналдырып, күрсінуі мен күрсінтуін қабат алып отырған ақыннан айналып кетпейсің бе!

*   *   *

Рымғали Нұрғали:

Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.

Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әртүрлі сыйлықтар    алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.

Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі — поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік.

*   *   *

Дүкенбай Досжан:

Көркемдік бояуы кемпірқосақша құбылған, көкжиегі барынша кең, үміт пен уәйімге, күрес пен күрсініске толы жиырмасыншы ғасыр жыр теңізінің түбінен сүзіп алар өзгеше реңк нақышты өлең-маржанның иесі Есенбай Дүйсенбайұлы екені кәміл.

*   *   *

Сауытбек Абдрахманов:

Ақынның татаусыз төгілетін тіл кестесі, әсем әндей естілетін сөз сазы, шешен де шебер орайласатын образды орамдары Есенбай Дүйсенбайұлын бүгінгі қазақ жырының өрен жүйріктерінің қатарына қиналмай қосуға мүмкіндік береді.

*   *   *

Ғалым Жайлыбай:

Қазақтың қанатты ақыны Есенбай Дүйсен­байұлы жырларын оқыған сайын оның алғау­сыз ақ сөйлер адалдығына, өлеңдерінің бай палитрасына, шынайы полотноларына, жан құбылыстары мен арналы ағыстарына тәнті боласың. Оның өлеңдері сырбаз таби­ғатымен ішкі иірімдеріңді тербетіп, жан тол­қын­дарыңды арнасынан асырып кететін құдірет­ке ие. Есенбай жырының киесі де, иесі — бозала таң мен бозторғай. Оның көкірегінде осы екі қасиет бір нышанды, ол — ақындық әлемнің ғана емес, өмірдің жаратылыс күйі.

*   *   *

Ертай Ашықбаев:

«Бозала таң мен бозторғай» — Есенбай поэзиясын ешуақытта шөлдетпеген түптамыр. Сол боз ала таңның бозымық сәулесі мен сол бозторғайдың нәзік шырылы, сол образдар мен сол айшықтар, сол қанық ұлттық бояу мен сол сиқырлы ұлттық саз ақынның кейін қатарға қосылған мол мұрасының қай-қайсысын да ренжіткен емес.

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

ЕСКІ ЖҰРТ

Қант түгіл, қара суын балдай деппін,

Мен ақын баласы едім Қалдайбектің.

Арманның айлы түні адастырып,

Ат ізін сол ауылға салмай кеттім.

 

Білмеймін сертім қандай, өртім қандай?

Көрмесем, қадірім мен көркім бардай.

Алыстан сыйласқанды өлең етіп,

Өзімше болып жүрмін бөркім дардай.

 

Екі-ақ үй Екінші ауыл елдей мекен,

Ерттесем желмаямды, желмей жетем.

Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі

Жылдарға қайта оралғым келмей ме екен?

 

Дүние болып еді тар маған да…

Апырмай, ескі жұртқа бармағанда —

Есенбай дейтін сол бір кедей жайлы

Естелік тірілтуге арланам ба?

 

Атажұрт, ақ кіреуке тон-жағам бар,

Қонбадым қонысыма қомдаған нар.

Жетімді жеті әкеден жіберетін

Ат мінген ақ жабулап Оңдағандар

 

Айтпаймын елге бүлік салды-ай деп те,

Ел оны жақсы көрді жандай деп те…

Көжесін интернаттың қатар ішкен

Көп достан кім бар екен Қалдайбекте?

 

Сайрамай сандуғашы сазарып таң,

Жатақпен коштасар күн маза құртқан.

Әкемнің табанақы, маңдай терін

Тіленіп нән бухгалтер Қазановтан,

 

Жыр жазып, жанарымнан жас парлаттым…

Қаржы алып қанындай бір қасқалдақтың.

Өрмелеп Алатауға кете бардым

Өрімен арман атты баспалдақтың.

 

Ұлы ағыс толқындарын ұластырып,

Жылдарды домалатты қыр астырып.

Сырмінез сол ауылға соқпай кеттім,

Сыртынан амандығын сұрастырып.

 

Өрімдей қауырсыны көк өспірім,

Көрінбей, көңіл неге емексідің?

Аспанға асатаяқ лақтырғандар

Бүгінде қойдан қоңыр деп естідім.

 

Заманы мейірленіп, зейін беріп,

Жас қауым ағалыққа бейімделіп…

Алды ма ел тізгінін өз қолына,

Өмірге біздің ұрпақ кейін келіп?

 

Дауасы сағыныштың бар ма мына,

Жырды да, жинап қойып шаруаны да,

Барып бір қайтсам деймін Қалдайбекке,

Әжемнің сәлем беріп аруағына!

*   *   *

Бозбауыр аспан иіп бір,

Рахат жаңбыр құйып тұр.

Тобықтай ғана бозторғай

Тобылғыдан аласа,

Тораңғыдан биік тұр.

Толқын-толқын күйіне

Тоқсан тарау сыйып тұр.

Тылсым тартып дүние,

Тыңдай берді ұйып қыр.

Мықты болсаң, бозбала,

Өмірде сен де ой аулап,

Бозала таңдай бояу жақ,

Бозторғайдай күй ұқтыр!

*   *   *

Ой, мекен, ойһай мекен, ойдай мекен,

Мың келіп, қызығыңа тоймай кетем.

Алыста жүрген сайын адам, сірә,

Ауыл деп алаңдауын қоймайды екен.

 

Ол үшін әлі сәби балдырғанмын,

Мен сонда жорға дәурен салдырғанмын.

Борпылдақ құмдарында борбайлатып,

Құйғытқан бір құлыншақ қалдырғанмын.

 

Оу, шіркін, желекті Жем, қияқты құм,

Ат ізін аулақ салып ұяттымын.

Ең байтақ ел деген бұл елшілікте,

Өзіңдік тұрақты өкіл сияқтымын.

 

Осынау ақ үміті үзілмеген

Кінәмшіл дүниенің жүзінде мен.

Саған сөз келтірмеуге туған далам,

Саптағы жауынгердей  түзуленем!

*   *   *

Көрінді бұлттан қиық күн,

Көңіл де ояу, көз де ояу.

Сен барсың, бірақ сүйіктім,

Бозторғай бояу, боз бояу.

 

Ерте де, кеш те төгіп жар,

Естіліп тұрар ер даусың.

Сен жүрген жерде өмір бар,

Өмір бар жерде сен барсың.

 

Ән-жырың тозбай, ой тозбай,

Толқып та толқып толғарсың.

Сен жүрген жерде бозторғай,

Бозторғай барда, сен барсың.

 

Өзіңсіз күндер озар ма,

Отырмын тағы ой толғай.

Таңымның аты — Бозала,

Торғайдың аты — Бозторғай.

 

Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:

Даланың аты — Боздала.

Жігіттің аты — Бозжігіт,

Баланың аты — Бозбала.

 

Шулардан шаршап тозғанда

Жайлауға барсам өзім мен:

Жорғаның аты — Бозжорға,

Күйдің де аты — Бозінген.

 

Әрі асып бұлттан ақыным,

Аспанда бір сәт көз жұмсаң.

Иіскеп отыратұғын

Дәрінің аты — Бозжусан.

 

Азамат кетсе бір асыл,

Боздағым деп те жатар кеп.

«Бозторғай құстың ұясы

Бозаңда болар» (Махамбет).

 

Беу, дүние, бұлар аз екен,

Болмаса қайран ақыр түк.

Қазаға қарсы Қазекең

Бозқасқа шалар бақыртып.

 

Ерте де, кеш те игі үні

Естіліп тұрар ой қозғай.

Бозбала күннің гимні —

Бозала таң мен бозторғай!

АҚЫН КЕЛДІ АУЫЛЫНА

Жылы ұшырап  жауыны да, дауылы да,

Ақын келді өзінің ауылына.

Ақын келді — ақ сұңқар  баласындай

Теңесіп  қап төбесі тау ұлына.

 

Жас көктемнің  шыбығы сарғаймаған

Құлын кезде  құм кешіп, жар жайлаған.

Ақын келді — кешегі қолғанатың,

Алақаны ойылып арба айдаған…

 

Сол бір сәби тілегі мақұл болып,

Қырау  күздің қырына жақын қонып.

Ағалыққа жарап қап жыр елінде,

Араңызға келіп тұр ақын болып.

 

Есі-дерті ен жайлау даласы боп.

Аңсап келген  көңілдің аласы жоқ.

Сендер оны, ағайын, кішірейтпең

«Өзіміздің  ауылдың баласы» деп.

 

Бермей-ақ қой ат ұстап, тігіп бөрік,

Ықылыстардан  өсуге үмітті едік.

Үлкен тұтып үйренген ел емес пе ек,

Қарғадай да баласын жігіт көріп?

 

Болса-дағы солай-ақ айтуы шын,

Туған жерге, ей, менің бай туысым.

Кішірейіп кетуге келмейді ақын,

Келеміз біз үлкейіп қайту үшін!

 

Арлап жүрген арыңа сай намысты,

Сенен ұшпай, жыр құсы қайдан ұшты?

Өз ел-жұрты жүргізер саясатқа

Елшілердің тағдыры байланысты.

 

Қырт дейсің бе немесе мықты дарын,

Кім десең де қақың бар, ықтиярың.

Кішірейтсең — қырсығып үлкейем де,

Үлкен көрсең — кішік боп тік тұрамын!

 

БІЗДІҢ ТОЛҚЫН

Туған өңір қайырымды,

Қанша шілде өтпеді.

Сабы сынған айырымды

Шөпке шаншып кеткелі?!

 

Ақпа жыр боп борап шығар

Алқынтып тұр күй мені.

Армысыңдар, орақшылар,

Пішенші ауыл үйлері!

 

Ақ жауыннан ақын жанды

Арада су көп тасып,

«Айкөл-сайкөл» тақырларды

Кеткен екен шөп басып.

 

Әкелші тез айырыңды,

Пішен үйіп кең жерде.

Мен де бір қолқайырымды

Тигізейін сендерге.

 

Шықпай тіпті дала, қыстақ,

Шыр бітпей жүр, жан ата-ау,

Қауырсынды қалам ұстап,

Қайырам деп қара тау!

 

Таныс еді алапат шаң,

Бір кезде осы белестен

Шалғын орып, шана тартқан

Шөпші бала емес пе ем?!

 

…Іңір, ымырт арасында

Соңғы қаума тиелген.

Қанып алып қара суға

Қаңсып кеткен бүйеннен.

 

Қалғыттармай, ата, түнді

Біздің толқын — қыршын лек.

Жылжып бара жататын-ды,

Жылғаларда шуу-шуулеп!

 

Ойлаушы еді (жетім ол да)

Жалғыз әуен құрай ұл:

«Жеткілікті екі қолға

Екі өгіз бен бір айыр!».

 

Қайран аңқау қайырлы шақ,

Қалдың екен бүгінде.

Сынық сапты айырға ұқсап

Қай шөмеле түбінде?!

АБАЙҒА МҰҢ ШАҒУ

«Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып…»

«Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып…».

Абай.

 

Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,
Абай аға, ақ қағаз сияладым.
Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,
Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.

 

Ғасырда да ел бостан, азат дала,
Қалар емес қашанғы мазақ-таба.
Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,
Айырылмайтын қамыттан қазақ қана.

 

Қандастары сорынан бақ табатын,
Күлембайлар қазіргі таққа жақын.
Отаршылдан бетер жеп Отанымды,
Орыстанған діліне мақтанатын.

 

Наласы мол намыстың зарлап әнін,
Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!
Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,
Жұртым деуге арлымын, арланамын.

 

Не әкеледі алдағы заман күткен?
Тайғақ боп тұр, бүрі жоқ табан біткен.
Алысады бұл ғасыр Абайлары,
Ақылды һәм оқыған надандықпен.

*   *   *

Жетісудың көктемі

Күнде нөсер, көк мекен.

Біздің ауыл шөптері

Шөлдеп тұрған жоқ па екен?

 

Ту көтерді жанарым,

Туып-өскен жақты аңсап.

Жаңбырына қаланың

«Жарқамысқа аттан!» сап.

 

Алматының гүлзары,

Алатаулы дүр мекен.

Біздің ауыл қыздары

Күнге күйіп жүр ме екен?

 

Көктем көңіл өсіріп,

Тұрмын қиял тауында.

Апарсам деп көшіріп,

Астананы ауылға!

КҮЛКІ МЕН ҰЙҚЫ

Көпшігімді көрген жоқ қиқым басып,
Мені арбаған Жыр деген сиқыр-ғашық.
Көңілінен мен соның шығамын деп,
Күлкім қашып кетіпті, ұйқым қашып.

Аша алмай-ақ сиқырдың құлыптарын,
Қайнай-қайнай таусылды тұнық қаным.
Бұл жасымда күлкімнің қашқаны жөн,
Қалай болар ұйқымды ұмытқаным?..

Қала жайлап, қаламмен түзге көшем,
Қараөлеңнен күдерің үзбе де сен…
Қашқан күлкі соңынан жүгірмеймін,
Болар емес ұйқымды іздемесем!

ОПЫНУ

Ұқсағым кеп өзімше Абайларға,
Ұрыс ашып мансапқа малай-қарға,
Талаптының берем деп бағын ашып,
Таяқ жеппін болысып талайларға.

Жалпылдаумен жандай-ақ мәңгі жайнар,
Жақсылықты санаппын сәнді қайнар.
Көңілінен дәметкен абайлықтың
Көп те екен Дәркембай, Дәндібайлар.

Бауындай деп бәрі де бір ішіктің,
Пенделіктен, әйтеуір, ірі шықтым.
Ол білмесе, бір Құдай біледі деп,
Шаруасына теп-тегін кірісіппін.

Жатақтардың жақыбай қасқалары
Оңай дейді-ау, биліктің тас қамалы.
Ақыреттің азабын мен тартам да,
Ат-шапанын алғыстың басқа алады.

Сондықтан да көңілде қапа-қайғы
Бұзауы өлген сиырдай жапалайды…
Көк аттыны көлденең көсем көріп,
Көмектескен бейбақты атамайды.

Tap кешуде талант деп сайрап бақтым,
Тапқаным не? Демеймін қаймақ таптым.
Жазғыратын Құнанбай болмағасын,
Ит-құс ішер судай бір жайдақтаппын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button