Абай — 175

Арғы атасы қажы еді…

(Құнанбай туралы сөз)

Абайдың 175 жылдығында әуелгі сөзді әкесі Құнанбайдан бастағанымыз да жөн шығар. Құнанбай ел бастаған көсем ғана емес, қара тілдің жүйрігі, шешендігімен кейінгі ұрпақ есінде, тарихта қалды. Құнанбай мен Абай арасы туралы тақырып, яғни әкенің балаға әсері деген мәселе әлі де жеріне жете айтылмай келе жатыр. Тумай жатып түсінде аян болып кірген Ибрагим-Абайға Құнанбайдың ықыласы ерекше, әу бастан сенімі зор-тын.

Әуел баста оқу-білімге зейін қойған Абайдың атасы Өскенбай би ел ішінде садақа, зекет жиған бір қожаны қолына ұстап қызы Тайбала мен Құнанбайды оқуға береді. Енді тіл сындырып келе жатқанда қожа өз жөнімен кетіп, балаларға оқу есігі жабылады да, тумысынан зерделі Құнанбай өздігімен ізденіп оқып, өз заманының көзі ашық тұлғаларының бірі болады. Құнанбай есімі кеңестік кезеңде аса қатты зардап шегіп, бұл тақырып соншалықты қиын-құрсауды бастан кешкені белгілі.

«Абай жолы» эпопеясында Құнанбай бейнесі құрбандыққа шалынып қана қойған жоқ, еріксіз бұрмаланып, Абайға қарсы қойыла сомдалды. Абай бейнесін қашауда Құнанбай «социалистік реализм» деп аталатын құрсауда «жағымсыз образ» ретінде суреттелді. Бірақ образ Құнанбайдың қатпарына үңілсеңіз, өмірдегі шынайы, от ауызды, орақ тілді шешен, ел бастаған көсем Құнанбай жатыр. Бұл да бір Әуезов шеберлігінің көркем дүниеде қыла білген құпиясы дер едік.

Дәлел үшін романдағы мына бір үзіндіге назар аударайық. Эпопеяда қажылық сапарға аттанардағы Құнанбайдың сөзі: «Сендер мені осы сапарға қимайтын сияқтысыңдар. «Қартайған шағында қайда шырқап барады, қайта оралып көрмейміз-ау, кеткені-ау» деп есіркеп қарайсыңдар! Осыларың мынау жолға мені қимау емес, маған осы жолды қимау болады. От басында немереге, ас басында келінге, мал басында малшыға: «әй, өй» деп отырып өлетін бай-бай шал болып өтсем, не мұратқа жетер ем!? Бұл сапар менің ендігі қалған тірлігімнің мұраты»деп жалғасатын монолог – өмірдегі Құнанбай. Алайдақырағы цензураның қайшысынан аман өткен мұндай амалдар тым аз.      Осыны байқаған қырағы суреткер Ғ.Мүсірепов: «Мұхтар романында «Құнанбай ылғи орғытып, тұспалдап сөйлейді, өзі айтып, өзі кесіп, басқаларды тек еріксіз мойындатады»,– деп келді. Бірақ Мұхтардың осы бағасына лайық сөздер, шешендік тұспалдар Құнанбай сөзінде сонша мол емес. Құнанбай сөздері көбінесе істер ісінің жабайы түрін ғана сипаттай алады… Мен Құнанбай айтар сөздерді әр жерінде өңдей түсу керек дер едім»,– деген (Заман және әдебиет. -Алматы, 1982)мінінде әріптесінің Құнанбайды сонша әлсіретіп алған тұсын дөп басқан қырағылықпен қатар шын Құнанбайға арашашы болған ерлік те бар. Мақала 1943 жылы сталиндік қатаң қалыптың тұсында жазылғандығын ескеріңіз. Қалай десек те, «Абай жолы» арқылы Құнанбай бізге біржақты болып жетті.

Көркем туындысында Құнанбайды біржақты етіп сомдаған М.Әуезов ғылыми мақалаларында да Құнанбайға қаттылық жасағанын айтпауға болмайды. Бұл жайында кезінде абайтанушы ғалым Т.Жұртбайдың баспасөз бетінде «М.Әуезовтен Құнанбайды арашалаудың қажеттігі неде?», «М.Әуезовті Құнанбайдың алдында ақтаудың қажеті неде?» деген мақалалары қатар жарияланды. Бұған қарсы ғалым Б.Майтановтың «Әуезов пен Құнанбайға ара ағайын қажет пе?» мақаласы жазылып, Т.Жұртбайды Құнанбайдың бейнесін тарихи шындықтан алыстатқаны үшін Әуезовті кінәлап көрсетуін сынға алады (қараңыз: Қазақ әдебиеті газеті, 2000 жыл, 7 және 21 сәуір). Әуезовтің әр кездегі пікірлеріне ой жүгіртсек, мәселен, Әрхам Ысқақовтың «Абай өмірі» деген естелігіне жазған пікірінде автор қатты сыналады: «Ең әуелі Құнанбай басына келсек, бірінші, Құнанбайдың Қодарды өлтіргенін жасырады. Екінші, Борсақтың жерін тартып алғанын атамайды. Үшінші, Құнанбайдың Бөжейді сабағанын, Тоқмамбетке шабуыл жасағанын бүркемелейді. Төртінші, Мұсақұлда, Бөжейдің көшіне шауып, төбелес жасағанын жеңілдетеді. Жігітектің он жеті кісісін айдатқан Құнанбай емес, Тәкежан болады және айдалу себебі жігітектің өз кінәсінен деп баяндалады. Бесінші, Құнанбайдың «орысшылсың» деп кінәлағаны да сиыр құйымшақталып, жоққа сайып кетеді. Сөйтіп, Құнанбай дәріптеледі. Ал, шынында, Абай өзінің ақындық, азаматтық, тарихтық жаңа жолын тапқанда алысумен тапқан. Сондағы оның алдында тұрған тарихи қайшылықтың ең үлкені құнанбайлықтың жиын бейнесі болатын. Құнанбайдың зорлықшылдығын, көпке істеген қиянатын «оның өзі істеген жоқ, Майбасар істеді» деп жалтару тарихи зерттеуші ойды теріске, жаңсақ жолға салудың ниетінен туған. Сол арқылы Құнанбайды арғы-бергі заманда тобықты ішінде «жарықтық» деп, «қажеке» деп, «мырза» деп дәріптеп келген қаз-қалпы шыға келді. Көп феодалдың, ру басының және соларға атасын дәріптетіп келген Құнанбай тұқымының бергі кездегі атқамінер, жуандарының ауыздарындағы сөздер, ұғым-нанымдар көрінекке шығады. Қысқасы, үстем таптық, феодалдық-патриархалдық салт-сана түгелімен Ысқақов аузымен қайталанып отыр (қолжазбаның өзіне жазған нақтылы беттердегі пікірлерге қараңыз)» (Абайтану дәрістерінің дерек көздері. -Алматы, 1997).

Жазушының Құнанбайға қатысты осындай ойлары С.Мұқановтың «Абай Құнанбаев» атты монографиясына (Мысалы: Қодардың өлімі туралы Құнанбайды сонша ақтау не қажет), Ә.Жиреншиннің «Абай Құнанбаев» деген кітабына жазған пікірінде де қылаң береді. Ә.Жиреншиннің кітабына Құнанбайға қатысты төмендегідей сын-ескертпе жасайды: «Абай мен Құнанбай алшақ болмаған деп және Құнанбайдың Меккеге бару сапарын дәріптеу кімге керек? Оны Құнанбайдың аруағына осы күнге дейін тауап қылатын құнанбайлықтардың тоғышар теріс саналы нәсілдерінің сыбағасына беру керек…» (Абайтану дәрістерінің дерек көздері. -Алматы, 1997).

Әуезовтің Құнанбай туралы бұл пікірлерінің астарында сол заманның қылған қысымы ма, көркем  кейіпкеріне деген адалдық па, тіпті өзінен кейін абайтануға ат басын бұрғандарға көрсетілген сес дейсіз бе, жазушы Құнанбайға қатысты дәл осы пікірлерді айтты. Әлі күнге туған күнін тап басып айта алмай жүрген ортаға салмақты ой тастаған абайтанушы Тұрсын Жұртбай да «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» атты мақаласында (әлеуметтік желі. 11.04.2020) жалпақ жұртқа айтыла бермейтін Абайды зерттеуші ағайын арасындағы саясиланған кикілжіңнен хабардар етуге мәжбүр болады. Сол мақалаға үңілгендер эпопеяны жазуда Әуезовтің қандай құрбандықтарға барғанын ұға түседі…

Құнанбай бейнесін тану, оған тиесілі бағасын беру елдің тәуелсіздігімен бірге келді. Яғни «Құнанбайды танып алмай, Абайды толық білу әбестік» екенін кеш те болса түсіндік.

Сонау ХІХ ғасырдың орта шенінде поляк халқының белгілізерттеушісі А.Янушкевичтің Құнанбай туралы құнды жазбаларына ХХ ғасырдың соңында ғана баса назар аударып, құндылығына баға бердік.

Алғаш баспасөз бетінде Құнанбай туралы пікір білдірген Ә.Бөкейханов пен С.Ғаббасов ұлы ақынның әкесіне оң баға береді. Әсіресе С.Ғаббасов Құнанбай, Абай, Шәкәрім арқылы жалғасып жатқан құдіретті сабақтастықтың, елге қадірлі болған ерекше ұрпақ жалғастығының жарасымды үлгісін тілге тиек етеді.

Әрине, кеңестік кезеңде Құнанбай жайында сөз қозғаған зерттеушілер болды. Шәкәрім, Әрхам, Ахат Шәкәрімұлы, т.б. естеліктерді айтпағанда, М.Әуезов, Ә.Жиреншин, Ә.Марғұлан, М.Бейсенбаевтар ғылыми-зерттеулерінде арнайы сөз етеді.

«Абай жолына» баға бере отырып, Құнанбай және оның қасындағы Алшынбай сияқты кеңестік кезеңнің «жағымсыз бейнелеріне» бүгінгі күн талабына сай баға берген ғалым Е.Ысмайлов еді. Сонау 1943 жылы «Құнанбай – Иван Грозный», «Алшынбай  – ел қамын жеген, ел ағасының дәнекері, жалпы қазақтың мұңын жеген адам» деген батыл пікірді айтуы Е.Ысмайловтың көзсіз ерлігі дер едік.

Құнанбайға деген көзқарас түзелмей тұрған ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында Ә.Марғұлан Құнанбай туралы алғашқылардың бірі болып мұрағаттық деректерге сүйене отырып, тың пікірлер келтіріп, тарихи тұлғаның әділ бағасын береді. «Құнанбайдың бір ерекше жері – білім-оқу ісіне сондайлық көңіл бөлген, қазақ балаларын оқытатын көп мектептер, медреселер аштырған. Өз балаларына да сондай білгіш, саналы ойлар үйреткен. Мұның барлығын Қарқаралы, Аякөз, Шыңғыстау, Семей төңірегінде аса жарқын түрде қолданған. Үлкен медреселерді Қарқаралы мен Семейде, Бесқарағайда аштырған», –  деген (Ақын туған орта, Жұлдыз. 1982. №4) мұрағат деректеріне сүйенген құнды пікірді алғаш болып Ә.Марғұлан айтқан. Дәл осы сексенінші жылдары Құнанбай өміріне қатысты табанды зерттеу жүргізген мұрағаттанушы М.Бейсенбаев Қазақстанның, Омбының, Петербордың, Мәскеудің, Семей қаласының мұрағаттарындағы құнды деректерді келтіру арқылы Құнанбай Өскенбайұлы туралы мол мәліметтер береді (қараңыз: Абай және оның заманы, -Алматы: 1988). Қазақстан Мемлекеттік Орталық мұрағатында сақталған «Дело о разрешение управителю Кучук – Тобуктинской волости Кунанбаю Ускенбаеву строить школы 1845г.» деген (374-қор, 1-тізбе, 5051 іс) құжатқа назар аударсақ, арыздың қысқаша мазмұны төменгідей. Құнанбай 1985 жылы (Абай дүниеге келген жыл) шекара басқармасынан қазақ балаларына, соның ішінде өз балаларына мұсылманша және орысша оқытып, білім беру үшін өз ауылынан училище ашуға (салуға) рұқсат беруін және қазақша-орысша сауатты орыс мұғалімін сұраған. Жоғары жақ Құнанбайдың мектеп ашуына қарсылық білдірмегенімен, екі тілді мұғалім таба алмайтынын және ол мұғалімге еңбекақы төлей алмайтындығын айтып жауап қайтарған. Осыдан кейін Құнанбай 1850 жылы «Ескі там» деген жерге (кейіннен «Бұзылған там» деп те атаған) мектеп ашып, Өскенбайдың асында сыйға келген Ғабидхан деген татардың оқыған жігітін молда етіп ұстайды. Қажының ноғай молдаларды сақтап, елсізде үй салғызып, қазақ балаларына хат танытқаны туралы Шәкәрім де өз шежіресінде жазады (қараңыз: Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі, -Алматы, 1991).

Осы Құнанбай ашқан мектеп-медресенің қанаты кеңге жайылып, Абайдың өзі, оның балалары, немерелері оқыған қасиетті білім ошағы ғана емес, өнер мен өнегенің ортасына айналды. Ғабидханнан кейін Мұхамедкәрім (кішкене молда), Мүрсейіттер сабақ беріп, талай өнерлі адамдарды тәрбиеледі. Бұл туралы С.Қалиұлының «Абай оқыған мектеп», К.Оразалиннің «Ескі там туралы хикая» деген мақалаларында кеңірек айтылған (Қалиұлы С. Абай оқыған мектеп. Қазақстан мектебі. 2000 №4, Оразалыұлы К. Ескі там туралы хикая.Абай.1993. №8).

Бүгінде Құнанбай Өскенбайұлы туралы, оның тарихтағы орнын айқандау мәселесі жаңаша көзқарас тұрғысынан өз дәрежесінде зерттеліп жатқанын баса айту парыз. Бұл тұрғыда Б.Сапаралының «Құнанбай қажы», Т.Жұртбайдың «Құнанбай» деген еңбектерінің маңызы ерекше. Күні кеше ғана Е.Сыдықовтың «Кунанбай» атты кітабы орыс тілінде ТАӨ (ЖЗЛ) сериясымен жарық көрді…

Құнанбай – қазақтың қарасөзіне дес бермеген шешені. Қарасөздің   ділмары, қашанда мақамдап сөйлеген Құнанбайдың артында «қажы айтты» деген өлең-сөз де қалған. Алайда ақындықты қуып, аузынан шыққан толғауларын жинауды мақсат етпеген Құнанбайдың кейінгі ұрпаққа жеткен сөзі тым аз. Мол мұрадан бізге жеткен біраз сөзін Б.Сапаралы өз еңбегінде келтіреді.

Тобықты еліндегі Қуанышбай ақынның:

Кешегі елден озған біздің қажы,

                            Молда алып, дін үйретті қысы-жазы,

деп өлеңге қосу соның айғағы. Қарадан хан шығып, «қазақты ел етемін» деп қарманған, алысты болжаған сұңғыла әке Құнанбайдың  бала Абайдың дана Абай болуына әсері өте күшті еді.

Құнанбай бейнесі Абайдың бізге сақталып жеткен «Арғы атасы қажы еді» деген Әбдірахманды жоқтаған өлеңінде мейілінше анық ашылған. Бұл өлеңдегі Құнанбай сипаты тек баланың әкеге деген сезімі емес, ойшыл ақынның «мұқым қазақ баласына» қорған бола білген, артына «өлмейтін атақ қалдырған ерекше жанға құрметі, ерекше ықыласы» деп қарауымыз керек.

Құнанбай балаларының ішінде екі баласына ерекше үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Әсіресе Абайға ықылас қойып, Семейде аз жыл оқытып, өзінен кейін ел тұтқасын ұстату мақсатында елге алдырып, жастайынан өз ортасындағы дау-шарға салып, жарата түседі. Осылайша Абайдың өмір мектебінде ақылшы ұстазына айналады. Құнанбайдан кейін Тобықтыда ел тізгінін ұстаған Абай болды. Тек Тобықты қана емес, көршілес Найман мен Керей, Уақта Абайдың көзі тірісінде алдына шыққан жан болмағаны аян.

Кісі танығыш Құнанбай Абайды жастайынан мұсылманша оқытып, «не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші» деп үміт артуының ар жағында үлкен сәуегейлік жатыр…

Кеңестік кезеңде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, оған Абайдың қайтарған жауабын шолақ пайымдап, Құнанбайды тұқыртып, Абайдың әке алдындағы абыройын асқақтатып бағалағанымыз  – біржақты түсінік.

«Жайдақ су сияқтысың, кісі талғамайтын желбегейсің, үшіншісі – орысшылсың» деген үш мінінде де еш алып-қоспа жоқ, шындық, орынды кінә. Құнанбайға қарағанда Абайдың жайдақтығы анық. Екіншісі – кісі талғамайтын аңғалдығы. Одан өмірінде аз жапа шекпеген. Бір мысал – Абайдың Ерболмен достығы. Құнанбай екеуінің достығын естігенде: «Ыбырайдың басын Ербол алады, Ерболдың басын Ыбырай алады»,– дегені айнымай келеді.  Ербол Абайды сатып, қазаға тең қастық істесе, көп ұзамай өзі де ажал құшады. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» деп қолдан болар-болмас достық жасаған Абайдың бәрінен түңілетін кезі – осы.

Құнанбайдың бір ғана тапқырлығын байқататын ел аузынан жеткен әңгімеге құлақ түрейік. Атағы алысқа жайыла бастаған Абайды жер-көкке сыйғызбай мақтап болмаған жаңағы Ерболға Құнанбай: «Әй, Ербол! Сен мақтағыш болсаң, алдымен, мына мені, Құнанбайды мақта. Неге десең, мен өзімнен асырып Абайды тудырдым. Ал Абайың мықты болса, өзінен асырып ұл тудырсын. Оны содан кейін мақтарсың қарағым», –  деген екен. Қарапайым ғана қайырылған Құнанбай сөзінің астарында сыншыл әкенің асып туған балаға деген толайым көңілімен қатар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар саналы ұрпақтың сұйылмауын меңзеген даналық ой ұшығы жатыр.

«Орысшылсың» деген мінін Абайға емес, Абайдың заманына кінә артуы деп ұққан жөн. Өйткені Құнанбайға қарағанда Абайдың заманы орысқа жақын. Сондықтан да Абайдың: «Мен өнер-білімі үшін орысшылмын»,– деген уәжінің жаны бар. Абайдікі бұл арада әкеге қарсы дау айту емес, ақталу. Осы бір мін мен Абайдың берген мағыналы жауабында тағы да әке мен баланың ғана емес, бірі елді билеп-төстеп отырған, екіншісі енді ғана ел тізгініне жармасқан екі тұлғаның өз заманына қарай амалдауы аңғарылады.

Әке мен бала арасына сызат салып, бір-біріне қарсы қоюға жұмсалған оқиға – ол Абайдың Құнанбайға ас бермеуі, дәлірек айтқанда, астың жаңа үлгісін ұсынған Абайды сол кездегі замандастары қатты сөксе, кейінгі қауым, яғни кеңестік кезеңдегі көзқарас әке мен бала арасындағы араздықтан, әуелгі суынудан деп түсіндіріп келді. Абайдың Құнанбайға ас бермеуі ел ішінде едәуір әңгіме болған. Мәшһүр Жүсіп Көпеев сол кездегі баспасөз бетінде Абайдың әкесіне ас бермеуін сынаған да (қараңыз: Көпеев Юсіп. Баянауылдан хабар. Дала уалаятының газеті. 1889. №48).

Төмендегі естелікке үңілейік: «…Аякөзде Арғын, Найман бас қосып, Абаймен кім сөйлеседі деп кеңеседі, сонда Шектіні (Найман елінің шешені) еске алады. Олар Абайды Шекті отырған үйге түсіреді, екеуі қол алысып амандасады. Амандасып тұрып Шекті Абай тұсын түгел сұрайды, ақыры «Базаралы аман ба?» дегенде, Абай үн қатпайды. Біраз отырған соң Шекті сұрақ қояды: «Бір бала бар әкесінен аса туады, бір бала бар әкесіне жете туады, бір бала бар көтінен кейін кете туады, соның қайсысысың?» – дейді. Абай тағы да үндемейді. Артынан Арғынның адамдары «саған не болды?» дегенде, Абай: «Ол мені бағана жеңді. Амандасқанда Базаралыны сұрады, оны өзім айдаттым. Кейінгі сұрағы өте қиын, егер бірдеме десем, бүлінгелі тұр. Себебі Ырғызбайға Өскенбай үш жүздің басын қосып ас берді. Өскенбайға Құнанбай үш жүздің басын қосып ас берді. Мен Құнанбайға үш жүзге жария етіп ас бере алмадым. Ол соны айтты, мен жеңілдім»,–  дейді (Әуезов М. Шығармаларының елу томдық жинағы. 23-том. -Алматы, 2005). Сондай- ақ:

Абайға өкпеледім, бөлем еді,

                              Ас беріп Құнекемді елемеді.

                              Әкем өлсе, мен мұндай қылмас едім

                              Екі күн ел күткеннен өлеме еді,

деген өлең жолдары да сол кездегі оқиғадан көп хабардар етеді. Анығында, бұл өлең  –  Әріп Тәңірбергенұлының Абайдың бөлесі Кемелбай дегенге жазып берген өлеңі. Толық өлең сегіз шумақ, яғни отыз екі жол өлең  Әріп Тәңірбергенұлының шығармалар жинағына енген (Тәңірбергенұлы Ә. -Алматы, 2006). Бұл өлең Қ.Мұхамедханұлының 1941 жылғы қолжазба жинағынан алынып, жинаққа енді. Қ.Мұхамедханұлы жинаған Әріп өлеңінің бір данасы Семей қаласындағы Абай мемлекеттік қорық-мұражайының кітапханасында сақталса, екінші дана ақын мұрасын жинаушы С.Имаммұсаұлының сақтауымен жетіп отыр.

Өлеңнің табиғатын аңдасақ, Абайға қарата айтылған ауыр сөздер болғандықтан, кеңестік кезеңде жарияланбай қалғандығы заңды. Ескі көз, естеліктерге қарағанда Әріп Абайға ауырлау тиетін бұл өлеңді өзі жазып бергендігін жария етпегенге ұқсайды. Содан да болса керек, осы өлеңнің аз өзгеріске түскен бір шумағы Шәкәрімнің шежіресінде Кеншімбай (Күшікұлы) ақынның атынан берілген. Алтолық нұсқа еш жерде жарияланбаған. Кеншімбай ақын шамамен 1827-1849 жылдары өмір сүріп, жастай дүниеден өткен. Құнанбайдың қайтыс болғаны 1886 жыл. Демек, бұл өлеңді Кеншімбай жазбаған, Қайымның, С.Имаммұсаұлының айтуынша, Әріп жазған. Өлең Абайдың інісі Ысқақ дүниеден өткен соң үш айдан кейін, яғни 1901 жылы жазылған. Өлең табиғаты соны аңғартады.

Бірақ осы деректерге қарап, Абай дүние-малын қимай, болмаса әкесіне қырын қарағандықтан ас бермеді деуге болмайды. Дүбірлетіп ас өткізбеудің себебін заман ағымына да саюға болады. Сол уақытта Құнанбай ғана емес, жалпы кімге де болсын дүбірлетіп ас пен той өткізу азайды. Бұл құбылыс жайында тарихшы Құрбанғали Халидтің еңбегінде де айтылған (Тауарих хамса. -Қазан, 1911). Есесіне, «Абай жаңаша жол бастап, асқа деп арналған қыруар дүние-бұйымдарды, мал-пұлды Семей шаһарына апарғызып, ондаған мешіттің имамдарын, халфелерін, қарияларын, т.б. ел басқарушы белгілі азаматтарды жинап, хатым түсіріп, Құран оқытып, жетім-жесірлерге мол қып құдайы садақа бергізіп, тараттырады» (Сапаралы Б. Құнанбай қажы. Алматы,1995).

Құнанбай шешен талай сөз барымтасына түсіп, абыройы асқан шақта Абай да әке қасында қарасөздің қасиетіне терең бойлай береді. Сөйтіп, әкесімен тең сөйлесетін не бір кемелі келіскен жандармен жас Абай да сөз додасына түседі. Соның бірі – Шорманның Мұсасы Баянауылдың аға сұлтаны болған, орыс, француз тілдерін білгенсол заманның білімді адамдарының қатарынан. Құнанбаймен замандас, атақ-дәрежесі тең аралас-құраласта бір-бірін сөзбен қағып, іштей ырғасып та отырған. Кезекті бір Қаржас пен Тобықты арасындағы ұзаққа созылған дауға екі елдің атынан Мұса Шорманұлы мен Құнанбай түсіпті. Құнанбайдан мүшел жастай кішілігіне қарамастан, оның жеке басына тиісіп, кекете берген Мұсаның тек қуған орысшылдығын бетіне баса келіп былай депті:

Пұт болдым деп мақтанба,

                            Пұттан ауыр батпан бар.

                            Білемін деп мақтанба,

                            Асқар-асқар таулар бар,

                            Ар жағында аспан бар.

                            Басыма бақыт қонды деп,

                            Қосылмайды енді деп,

                            Алдаушы жалған дүниеге

                            Ғапыл болып азбаңдар.

                            Қарсы келген дұшпанның

                            Басын келіп исе де,

                            Оған да ақыл бостандық,

                            Аяққа салып баспаңдар.

                            Бақ тайса, ажарына қарамайды,

                            Біреуді-біреу сырттан табалайды.

                            Басыңа қарапайым бір іс түссе,

                            Қылды деп білместікпен шамалайды.

                            «Адам басыАлланың добы» деген,

                            Дәм тартса, әр тарапқа домалайды.

Әкеге қарап, Абай да Мұсамен сөз қағысына түседі. Бұл турасында Әуезов Абай өмірбаянында былай дейді: «Бір жылы Абай әкесімен Семейде жатқанда Мұса мен Құнанбай бір-біріне барысып, жүз көрісіп жүретін болса керек. Сол ретпен бір мәжілісте отырғанда Мұса (тегі Құнанбайдың сұраумен болса керек) үйдегі балаларының атын атап, Садуақас деген баласы барын да айтса керек. Сонда Абай: «Бір адамға екі бірдей кісінің атын қояды екен? Ол Сағды бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе?» –  депті. ОсыданМұса Абайдың тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде Абайдың бірталай кісінің мәжілісінде кіршіме ішіп отырған үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Мұсаны Абай да мәжіліске кірісуге шақырғанда, ол кісі: «Жоқ, бұл нәрсенің аты кіршіме тегі ноғайдың «кіршіме» деген сөзінен болса керек. Сондықтан кіріспегенді мақұл көремін», – депті, бұл сөзге Абай: «Менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының «гәршама», «шамаңа қарай» деген сөзінен болуға қисынды. Екінші – әрбір нәрсенің «ісміне» қарай «жемисін» ала мажимисіне қарай ісмін ала ма? «Алма» деген жемістің аты, сол атына қарап алмаймыз ба?» –  депті (Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, 1997).

Әкеден балаға жалғасып жатқан тауып айту, сөзден тосылтудыңосындай үлгілері ел ішінде сақталып, жасамықтай бөлігі бүгінге жетіп отыр.

«Әке Құнанбай мен бала Абай арасындағы рухани жалғастықтың мәні неде? Абай Құнанбайдан не алды?» деген қарапайым сауалдардың түп-төркінін санамалап айтар болсақ, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден бастап, ел ішіндегі үлкен әлеуметтік істерінде Абай тікелей әке ықпалымен қанатын қатайтты.

Қазақтың рухани дүниесі, соның ішінде ауыз әдебиеті, шешендік өнер мен ұлттық мәдениетін Абайдың бойына алғаш сіңірген, дін мен саясатта жол нұсқаған адам  – ол Құнанбай. Демек, әке мен бала арасындағы рухани жалғастықтың тамырын тап басып түсінген сайын Абай даналығының қыр-сырына қаныға түспекпіз.

Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің ректоры,

ф.ғ.докторы, профессор, абайтанушы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button