Жастар нашақорлыққа қарсы

Облыстық жастар ресурстық орталығы және облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен «НаркоStop!» акциясы өтті. Іс-шараға қала еріктілері мен колледж оқушылары қатысты.
Нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында есірткінің таралуына қарсы ұйымдастырылған іс-шарада облыстық прокуратура қылмыстық қудалау бөлімінің аға прокуроры Жүніс Кәкімов түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин нашақорлықтың салдары мен зияны жайында әңгіме қозғады.
— Облыстық прокуратура және полиция қызметкерлері қала жастарымен бірлесіп, есірткі мен нашақорлыққа байланысты жарнамаларды жою бойынша ай сайын акция өткізіп келеді. Аталған акцияның мақсаты — есірткі жарнамасының таралуын азайту, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, оларды салауатты өмір салтына шақыру.
Егер қылмыс анықталған болса, Қылмыстық Кодекстің 299-1-бабы бойынша есірткіні немесе психотроптық затты заңсыз жарнамалағаны үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Биыл наурыз айында жүргізген жұмыс барысында есірткі қылмысын тіркеу өткен жылғымен салыстырғанда 62 пайызға артып отыр. Құрамында есірткі заттары бар дәрі-дәрмек сатылымы 94 пайызға және оларды сақтау 29 пайызға өскенін анықтадық. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы — 50 келі, — деді Ж.Кәкімов.
Айта кетейік 200-ге жуық ерікті қатысқан акцияда қала аумағындағы 11,12-шағын аудандарындағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазбалар өшірілді.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.