Жаңалықтар

Оқушылар Дубайда топ жарды

Бәрекелді!

Шалқар қаласында ағылшын тілін үйренуге ынталы оқушылардың қатары көбейіп келеді. Олардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, білімін шыңдауда  «Akzer_english» оқу орталығының қолдауы көп.

Өткен жылдың маусым айында осы орталықтың оқушылары Түркия елінде өткен жарыстан жүлделі орынды иеленіп қайтқан еді. Енді,міне, осы наурыз айында Араб мемлекетінің Дубай қаласында өткен ағылшын тілі және менталды арифметика бойынш ахалықаралық жарыста Шалқар ауданының оқушылары жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Атап айтсақ, №8 орта мектептің оқушылары Аяна Аманжолова I орынды, Раян Әнес II орынды иеленді. III орынды №2 мектеп-гимназияның оқушысы Альбатыр Қамбар мен №1 мектеп-гимназиясының оқушысы Сезім Сүндетбай, №8 орта мектептің оқушысы Ақеркем Жадырасын алды.

—Зейінді оқушылар бақ сынаған бұл халықаралық жарысқа Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сынды түрлі елдерден келген әлем тілдеріне жүйрік балалармен бәсекеге түскен оқушыларымыз сайыс барысында керемет әсерге бөленіп, өзге елдің мәдениеті мен тілі, дәстүрімен танысып, көкжиектерін кеңейтіп қайтты. Олар әрқайсысы бұл жарысқа да үлкен сеніммен барды. Алайда әр елден қатысатын өрендерді таныстырар сәтте сол елдің әнұраны орындалып, ерекше құрмет көрсетіледі екен. Осы сәтте оқушыларымыз сәл толқыды. Бұл елге келіп, бақ сынауларыңның өзі үлкен жеңіс деп, мен оларды жігерлендірдім. Дегенмен үмітіміз ақталып, барлық оқушымыз биіктен көрінді, — дейді «Akzer_english» оқу орталығының жетекшісі Ақзер Сүгіралина.

«Ұстазы мықтының ұстамы мықты» демекші, шалқарлық оқушыларға ағылшын тілін үйретуде аталған оқу орталығының жетекшісі Ақзер Ақылбекқызының еңбегінде айта кеткен жөн. Ол 2012-2013 оқу жылында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің шетел тілі: екі шетел тілі мамандығын қызыл дипломмен аяқтаған. Сол жылы аталған оқу орнының филология мамандығы бойынша магистратураға түсіп, 2015 жылы гуманитарлық ғылымдардың магистрі академиялық дәрежесі бойынша үздік бітірген. Ақтөбе қалалық және облыстық үш тілді «Тіл дарын» байқауларының I орын иегері. 2018 жылы Білім және ғылым министрілігінің бірлескен жобасы аясында және дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен жүзеге асқан  «ZhasProject» бағытымен 1 миллион теңге грант ұтып алып, оған ағылшын тілін үйрету орталығын ашады. Бүгінде бұл орталықта тұрақты 80 оқушы ағылшын тілін үйренуде.

Шағын орталықтан қосымша шет тілін үйретіп, әлем елдерінде өтетін білім бәсекесінде шәкірттерінің бағын сынатып жүрген Ақзер Ақылбекқызының еңбегіне ата-аналар қауымы дән риза. Үлкен абыройме налыс сапардан келе жатқан жеңімпаз оқушыларды Шалқар теміржол вокзалынан үлкен салтанатпен күтіп алып, құрмет көрсетуі— соның бір көрінісі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button