Жұмысшы мамандықтары жылы

325 метр тереңдікте жұмыс істейтін Маржан

«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек — қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі».

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ халыққа арнаған Жолдауынан.

Әдетте тау-кен өнеркәсібі саласында ер адамдардың еңбек ететіні белгілі. Өйткені кеншілік қызмет ауыр физикалық күш пен ерекше шыдамдылықты талап етеді. Дей тұрғанмен, қыз-келіншектер арасында да жерасты кенішінде жұмыс істейтіндер бар. Солардың бірі — маркшейдер Маржан Ошақбаева.

15 жылдық тәжірибесі бар кейіпкеріміз аталған салаға кездейсоқ келмегенін айтады. Ақтөбе мыс компаниясындағы санаулы нәзік жанды қызметкерлердің бірі:

Кеншілер мекені — Қарағанды өңірінде дүниеге келгендіктен, осы саланы таңдадым. Бұған дейін бірнеше компанияда қызмет еттім. Былтырдан бері Ақтөбе мыс компаниясына қарасты жерасты кеніштерінің бірінде жұмыс істеймін. Мұнда 500-ге жуық адам қызмет етеді, соның 40 шақтысы — әйел заты.

Әр жұмыстың өзіне тән ауыртпалығы болады. Оған тек төзе білу керек. Мысалы, қазір жер астында 325 метр тереңдіктегі кенішке түсемін. Әр жұмыс күнінде уайымдайтыным рас. Бірақ өзім сүйіп жасайтын кәсіп болғандықтан, жамандықты ойламауға тырысамын. Әрі біз қауіпсіздікке баса мән береміз.

Маркшейдер қызметінің жай-жапсары туралы айтсам, бұл — сұранысқа ие мамандық. Міндетіме заманауи маркшейдерлік құрылғылармен, яғни Leica TS07 тахеометрмен жерасты тау-кен қазба жұмыстарын жүргізу, әрекеттегі кенжарға (действующий забой) бағыт-бағдар беру, түсірілімдер жасау, геологиялық барлау  ұңғымаларының орнын есептеп, белгілеу, сонымен қатар бұрғылау, жару жұмыстарына бағыт беру, басқа да жұмыстар кіреді. Жерасты қойнауынан бөлек, жер бетінде де көптеген тахеометрлік түсірілім жасап, нивелирлік жұмыстар (кенді, тау жыныстарын) жүргіземіз, шахтадан алынған мәліметтерді өңдеп, талдау үшін «AutoCAD», «Compass», «Macromine» компьютерлік бағдарламаларын қолданамыз. Бұл істің барлығы маркшейдерлік  нұсқау журналына толтырылады.

15 күн жұмыс істеп, сонша күн демаламын. Ауысыммен жұмыс істеймін, — дейді Маржан.

Оның айтуынша, қазіргі кезде өнеркәсіпте қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру мақсатында заманауи технологиялар мен қауіпсіздік жүйелері мықтап қолданылады. Өйткені маркшейдердің жұмысы кеніштегі үңгушілер бастаған жұмысшылардың бас амандығына тікелей байланысты. Бір жерден мүлт кетсең, соңы көңілсіз оқиғаларға ұрындыруы мүмкін… Сондықтан жұмысын ерекше мұқияттылықпен орындайтын әңгімелесушіміз шапшаңдық, есепке жүйріктік сияқты қасиеттер аса қажет екенін атап өтті.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елімізде еңбекке қабілетті адам саны — шамамен 9,6 миллион. Соның 2,3 миллионы жұмысшы мамандардан тұрады.

Маржан жұмыс істейтін кеніште маркшейдерлер бөлімінің басшысы Бағдат Иманқұловты әңгімеге тартқанымызда, бұл қызметке әйел адамдардың келуі өте сирек кездесетін құбылыс екенін білдік. «Маркшейдерлік бөлімде 8 адам жұмыс істейді. Маржан — арамыздағы жалғыз қызымыз. Ол бізге жұмысқа 2024 жылдың мамыр айында келді. Барлық тапсырманы жауапкершілікпен және уақтылы  орындайтын әріптесімізді ержүрек деуге әбден болады. Өйткені 325 метр тереңдікке түсу екінің бірінің қолынан келмейді», — дейді.

«Арпа ішінде бір бидай» Маржан отбасының бұл жұмысқа қалай қарайтыны жөнінде сыр бөлісіп, бос кезде немен айналысатынын айтты.

Отбасым менің таңдауымды қолдап, әрдайым үйге аман-есен келуімді тілеп отырады. Әке-шешем — зейнет жасындағы адамдар, қатты уайымдайды.  Бірақ осы сала бойынша жоғары білім алып, тау-кен саласына бет бұрған соң ендігі ештеңені көңілге алмау керек. Әрі Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздардың ізіміз ғой, тайсалмау қажет (күліп).

15 күн демалғанда қол қусырып отырмаймын. Атқа мініп, аспаздықпен айналысамын, арасында киноға түсемін. Бүгінге дейін 60-қа жуық фильмде төбе көрсеттім. «Жат бауыр-2», «Жаңбырлы ғұмыр», басқа да телехикаяларда эпизодтарда ойнадым. Болашақта басты рөл бұйырып қалар деп үміттенемін. Соны армандаймын, — дейді кенші.

Жұмыс уақытында негізінен жер астында еңбек ететін маркшейдердің телефоны көп ретте «байланыс аясынан тыс жерде» болады. Өйткені кен орнында байланыс жоқ. Соған қарамастан, біз қойған қосымша сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік тауып, елгезектік танытқан Маржанға сәттілік тілейміз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button