Жылжымалы мүлік кепіл ретінде қалай тіркеледі?

Брифинг
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының PR-менеджері Нұрмұхан Қонысбаев жылжымалы мүлікті кепіл ретінде тіркеу қызметін халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе электронды үкімет порталы арқылы алуға болатынын айтады.
— Былтыр елімізде жылжымалы мүлікті кепілге қою бойынша 50 902 қызмет көрсетілді. 2023 жылы 28 072 қызмет көрсетілсе, өткен жылы қызметтердің саны 22 830-ға артып, 44,8 пайызға өскен. Жылжымалы мүлікке жылжымайтын мүліктен басқалары жатады. Олардың қатарына көлік құралдары, ақша, айналымдағы тауарлар, бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар және басқа да активтер кіреді. Заң бойынша автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникасы, әуе және теміржол көліктері міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Мұндай мүлік кепілге қойылған жағдайда, тіркеу тиісті уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырылады. Міндетті мемлекеттік тіркеуді талап етпейтін жылжымалы мүлік түрлеріне ақша қаражаттары, жабдықтар, мүліктік құқықтар, негізгі құралдар, банк салымдары, бағалы қағаздар, айналымдағы тауарлар, тауарлық-материалдық қорлар, астық және т.б. жатады, — дейді ол.
Оның айтуынша, аталған қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында өтініш қабылданған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
— Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет алу үшін өтініш, қызмет алушының жеке басын куәландыратын немесе өкілдің өкілеттігін растайтын құжат, кепілдің шарттары немесе кепіл туралы келісімшарт, тіркеу алымы сомасының бюджетке және жылжымалы мүлік кепілін тіркеу туралы куәлік үшін төленгенін растайтын құжаттар қажет. Кепілді тіркеу жылжымалы мүліктің кепіл тізіміне енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл тізімде кепілге қойылған мүлік туралы ақпарат сақталады және оның бар-жоғын тексеруге мүмкіндік береді. Жылжымалы мүлік кепілін тізімнен шығару кепіл ұстаушының өтініші негізінде жүргізіледі. Мемлекеттік тіркеу өтініш берушінің тіркеуші органға жүгінуінен кейін жүзеге асырылады, — дейді маман.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.