Мәдениет

Музей жәдігерлерді жарқыратады

18 мамыр — Халықаралық музей күні

Осы күнге дейін жеткен мыңжылдық мұраларымыздың қатарында әлі күнге дейін толық тани алмай жатқан ұлттық мәдениет түрлері де жеткілікті. Солардың бірі — зергерлік және ұсталық өнеріміз. Бұл — ежелгі заманнан бастау алып, әр дәуірде толығып жетіліп, адам ұрпағымен осы кезге дейін бірге жеткен, біздің мәдениетті өзге мәдениеттен ерекшелендіріп тұратын қастерлі мұра.

«Әуеден көмір түсірген,

От жақпай темір пісірген!

Қау көрігі бақылдап,

Балға төсі шақылдап,

Ер Дәуіт, пірім сен қолда!»

(Ұстаның ұраны)

Халқымызда жұртты тұрмысқа қажетті бұйымдармен жабдықтайтын ұста мен зергердің құралы материалдық дүниеден гөрі ерекше тылсымға ие деп саналған.  Соның ішінде ұстахананың төрінде тұратын көрік ерекше қастерлі саналып, оған рух әлемнің бір бөлшегіндей қараған. Қазақ зергерлері мен ұсталары бұйымдарды, негізінен, күміс пен мыс, темірден жасаған. Сәндік бұйымдарды жасағанда күміске айрықша басымдық берген. Өйткені ата-бабамыз күмісті таза әрі адамға жағымды қуат беретін металл деп санаған.

Расы керек, ауыл-ауылды аралап бұрынғы өткен шеберлердің көнеден жеткен бұйымдарын жинастырып жүргендебіз, музей қызметкерлері, міндетті түрде зат иесінен әдемі сақина, білезік не жүзік, қарсы ілгекті соққан зергер туралы қанша сұрасақ та, жөнді жауап ала алмай жүрміз. Әжелерінен қалған сырға, сақина, білезік не қарсы ілгекті сақтап жүрген жастар бұл заттардың тарихын, оны жасаған шебер туралы ештеңе білмейді. Кінә, әрине, өзімізден де бар. Біз ертерек, ең болмағанда, 10-15 жыл бұрын қимылдап, ел ішіндегі шеберлерді түгендеп алуымыз керек еді. Өйтпедік. Өңіріміздегі музей ісінің білгірі, 1960-70 жылдардан бастап ел ішіндегі ерекше дүниелерді музей қорына ұсынақты қолымен жинаған Рысжан Ілиясова апамыз да: «Зергерлер мен ұсталардың бұйымдарын түгендеуде салғырттық таныттық», — деп қынжылады.

Ұсталық өнер де ғасырлармен бірге сан түрленді. Мысалы, жаугершілік замандағы  батырдың бес қаруын соғатын ұсталар көптен оқшауланып жұмыс істеген. Бұл кісілер көптің көзіне түсе бермеген. Олардың ұстаханасына кез келген адам кіре алмаған. Сөйткен батырдың заманы өтіп, жаугершілік оты сөнгеннен бастап ұсталық кәсіп те ұсақтала берді. Енді олар бірыңғай тұрмыстық дүниелерді жасауға көшті. Жұрттың пышақ, қайрақ, шалғы, тырма, көсеуінен бастап, ыдыс-табақ, шәугім, қасығына дейін бүтіндеп беретін болды. Сүйектен үй жиһаздарын ерекше сәнмен жасайтын шеберлер де шықты. ХХ ғасыр басында әр ауылдың өз ұстасы мен зергері болды. Сән-салтанатқа толы, қыз-келіншектердің ажарын ашатын әсем білезік-жүзігінен бастап, құда күту, қыз ұзатуға дейінгі қазақы кәдені әзірлеу де зергердің еншісіне түсті.

Қарттардан естігеніміз мынау. Әдетте істі бастар алдында зергер біраз уақыт үнсіз іштей отырып барып,құралын қолынаалады екен. Ал бұрынғы заманның киелі ұсталары кәсіптің пірі болған Дәуітке былай деп сиыныпты:

«Әуеден көмір түсірген,

От жақпай темір пісірген!

Қау көрігі бақылдап,

Балға төсі шақылдап,

Ер Дәуіт, пірім сен қолда!».

Өңірімізде қара темірді қамырша илеген талай ұсталарымыз болды. Мұрағат деректерінде атақты ұсталардың көрігіне, ұзақ жыл тұтынған құрал-саймандарына сиынған жазбалар да ұшырасып қалады.

Он саусағынан өнері тамған зергер туындысын әдетте оңашада дүниеге келтіреді. Оны жұмыс үстінде ешкім көрмейді. Ежелгі халық салтында ұстаның ұстаханасына да, зергердің шеберханасына да бейсауат адам кіре бермеген. Жұрт ерекше кәсіп иесіне осылай құрмет көрсеткен. Ал шебер не ұста қартая келе шеберлігін  ұрпағына үйретіп, қалдырып отырған. Ұрпағы ұстамаса, ауылындағы қолының икемі бар, адал да таза жүретін жасты таңдайды екен.

Бұрынғы ұсталардың соңғы тұяғы — Тасөткел жерінде темірден түйін түйген Қасым ұста Тінаев. Бүгінде оны біреу білсе, біреу біле бермейді. Тасөткелге барып, Қасым ұстаның баласы Алдаберген ағадан әкесінің өнері туралы дерек сұрастырдық.

Қасым Тінаев 1919 жылы Шалқар ауданы Қарашоқат ауылында дүниеге келген. Балалық шағы төңкеріс, аштық, қуғын-сүргін жылдарында өтіп, қиын-қыстауда ержеткен азамат 23 жасында Ұлы Отан соғысына аттанған. Смоленскіні азат ету қырғынын бастан өткеріп, одан кейін Украина майданында соғысқан Қасым бірнеше рет жараланып, қайтадан майданға алынған. Соңғы рет ауыр жараланып, бірнеше ай госпитальда емделіп шыққан соң ауылына қайтады.

«Қан майданның қақ ортасынан оралған әкем біраз уақыт бойы күйзелісте жүреді. Ештеңеге зауқы жоқ. Бір күні таң алдында түс көреді.  Ерекше ақкиімге оранған бір топ ақсақал әкемді қаумалап қоршап алады да: «Балам, сабаңа түс. Адам болам десең, мына екі заттың бірін таңда!»—деп көрік пен кітапты қатар ұсынады. Әкем  көрікті көрсетеді. Сол кезде аталар «Әмин!» деп бата берген бойы әкем оянып кетеді. Осы күннен бастап әкем ұсталықпен шындап айналыса бастады», — дейді Алдаберген ақсақал.

Қасым ақсақалдың негізгі мамандығы — мұғалімдік. Ұзақ жылдар бойы Шалқар ауданының Қарашоқат ауылында  мұғалім болып, кейін Қарабұтақ ауданының   Тасөткел ауылына қоныс аударған.

Ұстаның қолынан шыққан дүниелерді тасөткелдіктер әлі де пайдаланып келеді. Бұл кісінің ерекшелігі сол— бұйымдарды әртүрлі материалдан жасаған.  Тасөткелден біз де көрдік. Бұлар — өрнектелген темір қазық, кісен, төс, темір балқытқанда қолданылатын ожау, балға, көсеу, бұрғы, қашау, егеу сияқты ауыл адамына қажетті, күнделікті қолданыстағы заттар.

Соғыстан кейін «16 колхоздың ортақ ұстасы» атанған Қасым төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, 1973 жылы 54 жасында дүние салған. Алдаберген ағай жақында  әкесінің қолынан шыққан біраз бұйымды Хромтау аудандық музейінің қорына  тапсырды.

Аудандық музейіміздегі экспозицияда тұрған өткен заманда тұтынған әрбір дүниеде жасаған шебердің қолының табы қалған, бабалардың ізі жатыр, бұлар—материалдық мәдениетіміздің айғағы. Қазіргі уақытта да жұрттың қолында әлі де сақталып келе жатқан, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер бар. Әрине, көпшілігіміз бұл заттарды «әжемнің көзі, атам ас ішкен, бабам тұтынған, бірер ғасыр бұрын сән-салтанатпен той жасағанда пайдаланған» деп отбасылық тәбәрік ретінде көріп, үйден шығаруға қимаймыз. Бұл дұрыс та шығар, ата-бабаның дүниесіне ұқыпты қарау керек-ақ. Алайда жәдігердің бүтін қалпын  бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Оның үстіне, кезкелген зат уақыт өте келе тоза бастайды. Жылдар өткен сайын бастапқы күйін жоғалтып, ақыры ешкімге керексіз болып қалып жатады. Ал музейге тапсырылған әрбір заттың құжаты жасалынады. Ол енді жойылмайды, қорда тізімделіп, ерекше жағдайда сақталады. Сөйтіп, ауа, ылғал, шаң-тозаңнан қорғалып, күннің көзі, электр жарығы түсуінен сақтандырылып, яғни шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін жағдайлардан қорғалады. Осылайша арнайы күтімдегі жәдігер ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді.

Сондықтан кезкелген қолдан жасалған ерекше дүние музейде сақталуы керек деп ойлаймыз. Тек музейде ғана осы дүние жарқырай түседі.

Күлсім ОМАРОВА,

Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button