Ауыл

Табанталдың тынысы

Ұялы байланыс орнатылып, жол жөнделеді

Облыс орталығынан 60, ал аудан орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан Табантал ауылдық округі биыл 90 жылдығын тойламақшы. Ал ауылда іргетасы 1970 жылы қаланған білім ордасына — 50 жыл. Құрамына Табантал, Жайлаусай және Көптоғай елді мекендері кіретін округте 600-ден астам тұрғын тұрады.

Бірлігі жарасқан табанталдықтар төтенше жағдай кезінде де өздерінің бірге екенін көрсетті. #Bizbirgemiz акциясы аясында аз қамтылған 20-дан астам отбасыға әлеуметтік пакеттер таратылды. Ақтөбе қаласы карантинге жабылғалы бірнеше рет ауылда жылжымалы азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Ал ауылдағы білім ордасы төртінші тоқсанды республиканың барлық мектептері секілді қашықтан оқып жатыр. Үйінде интернет желісі бар оқушылар  тапсырманы мұғалімге WhatsApp мессенджері арқылы жолдаса, интернет қондырылмаған отбасындағы оқушылар үшін арнайы курьерлік қызмет ұйымдастырылды.

Ауылдың мерейтойына арналған жұмыстарды ауылдық әкімдік өткен жылы бастап кеткен.

— Биыл Табантал ауылының құрылғанына 90 жыл толады. Осыған орай нақты жоспар жасалып, жұмыстар басталып кетті. Мәселен, өткен жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылдың кіреберісіне стела орнаттық. Сонымен қатар ауыл ішіндегі көшелер жарықтандырылып, ою-өрнектермен безендірілді. Қазіргі таңдаауылдағы Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарды еске алатын ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін демеушілер тарапынан қаражат жинап жатырмыз. Ал тоқсан жылдық мерейтойды күзге қарай демеушілердің көмегімен кең көлемде атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Осы ретте ауыл мектебін әр жылдарда бітірген түлектер де атсалысса дейміз, — дейді ауылдық округтің әкімі Ренат Сәрсенғалиев.

Ауылға тарту ретінде өткен жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Елім Табантал», «ТемірТасМонтаж» және «ЭлитСтройСервис Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері демеушілік жасап, «Жастар» спорт алаңын салып берді. Балалар ойнайтын «Бақытты бала» аллеясының жұмыстары да биыл толық аяқталмақ.

— Ауыл ішін абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде кезең-кезеңімен жүргізіліп отырады. Қазіргі таңда тұрғындар үшін басты мәселе— жол мен интернет желісі болып отыр. Көптеген отбасылар үйлеріне интернет құрылғыларын қондырғанымен, ауылда ұялы байланыс желісі жоқ. Бірақ бұл мәселені алдағы 1-2 айдың ішінде шешу жоспары тұр. Ал жол жайына келер болсақ, ауылға дейінгі 32 шақырым жолға биыл орта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осы бір-екі күндікте мердігер мекеме анықталса, жұмыстар басталады, — дейді ауыл әкімі.

Бүгінде 4 азық-түлік дүкені бар ауыл тұрғындары тамақ өнімдерінің қымбаттағанын айтады. Мұны бұған дейін азық-түлік өнімдерін облыс орталығынан тікелей әкеліп жүрген дүкен иелері де жасырмады.

— Төтенше жағдай кезінде азық-түліктің бұрынғыға қарағанда сәл қымбаттағаны рас. Әсіресе өзге өңірлерден келетін тауарлардың бағасы өсті. Мәселен, қазіргі таңда жеміс-жидек пен шаруашылық тауарларының бағасы өсті. Ал әлеуметтік азық-түлік бағасы шекті межеден асқан жоқ, — дейді ауылдағы «Сәт» дүкенінің иесі Алмагүл Танауова.

Альбина цех ашқысы келеді

Табантал ауылының тұрғыны Альбина Алмағамбетова  — «Бастау Бизнес» жобасының шарапатын көріп отырғандардың бірі. Өткен жылы ұтып алған грантына тігін машинасы мен құралдарын сатып алған жас кәсіпкер енді ауылдан арнайы жүн өңдейтін цех ашқысы келеді.

Техник-бағдарламашы мамандығын қызыл дипломмен бітірген Альбина дипломы бойынша жұмыс таба алмағандықтан өз кәсібін бастауға ниет етеді. Сөйтіп, өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, жобасын сәтті қорғап шығады. 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алған ол өз кәсібін бастап кеткен.

— «Бастау Бизнес» — мен секілді  көптеген қыз-келіншектердің көкейінде жүрген армандарының іске асырылуына септігін тигізген бірегей жоба. Көптен бері тігін құралдарын сатып алып, шағын цех ашу ойымда жүрген. «Іздегенге сұраған» дегендей, «Бастау Бизнес» жобасымен таныстым. Бастаған ісім сәтті болып, грант ұтып алдым. Қазіргі уақытта қызмет түрлерін үйден жасап жатырмын. Қыздардың жасауларын дайындаймын. Ауыл тұрғындарының киім-кешектерін қысқартып беремін. Болашақта үйдің жанынан жүн өңдейтін цех ашып, жамылғы көрпелер сырып тігетін, ою оятын аппараттар алғым келеді, — дейді ол.

Альбина елде төтенше жағдай жарияланған тұста 100 дана бетперде тігіп ауылдық әкімдікке апарып берген.

— Елге қауіпті індет келген тұста  медициналық бетпердеге деген сұраныс көбейді. Әсіресе, қалалық жерлерде «үлкен мәселеге» айналды. Жаңалықтар мен әлеуметтік желілерде «жыр» болды. Сол тұста жұмыс жасап жатқан азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға таратып берсін деген ниетте 100 көпреттік бетперде тігіп, әкімдікке апарып бердім. Бетперде — үлкен мәселе емес. Мұны үйде отырған кез келген тұрғын тігіп ала алады. Сондықтан бұл әрекетімді еш жерде жариялап айтқан емеспін, — дейді жас кәсіпкер.

Айта кетейік, бүгінгі таңда шағын кәсібін бастаған азаматтардан өзге 34 шаруа қожалығы, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 акционерлік қоғам өз шаруасын дөңгелетіп отырған ауылда жұмыссыздар саны күн санап азайып келеді.

*   *   *

Ауылдық округ көгілдір отынмен орталықтандырылған, ауызсумен қамтамасыз етілген.Көшелері 100 пайыз жарықтандырылған.  Балабақша, мектеп, дәрігерлік пункт, Мәдениет үйі тағы бар. Тұрғындардың ендігі тілегі —жол жөнделіп, ұялы байланыс келсе дейді. «Бұл мәселердің де көп ұзамай шешімі табылады», — деп сендірді ауыл әкімі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Хромтау ауданы

Басқа жаңалықтар

Back to top button