Рухани жаңғыру

 «Едіге батыр» эпосы түрік тілінде жарық көрді

«Рухани жаңғыру»  бағдарламысының 3 жылдығына және Алтын Орданың 750 жылдығына орай С.Бәйішев университетінің ұйымдастыруымен «Түркі әлеміндегі ұлы тұлғалардың рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми онлайн конференциясы өтті. Конференцияны өткізуге облыс әкімдігі қолдау көрсетті.

Ғылыми шараға Қазақстан және басқа түркі тілдес мемлекеттердің, сондай-ақ ресейлік ғалымдар қатысты.

Алпыс нұсқасы сақталған «Едіге батыр» тарихи-қаһармандық эпосы – бүгінгі таңда орыс, неміс, ағылшын тілдеріне аударылып, дүниежүзіне тегіс мағлұм болған түркі халқының ортақ асыл қазынасы. Ал оның басты қаһарманы Едіге –ерлік  істері ел есінде сақталып, халық санасында  әулиеге айналған тұлға. Эпос әлем мәдениетінің асыл қазыналарының бірі ретінде бағаланған.Биыл бұл эпостың Шоқан Уәлиханов жазып алған нұсқасы Түркияның Ыстамбұл қаласынан түрік тілінде шығып отыр. Шоқан нұсқасы түрік халықтары арасындағы Едігеге қатысты барлық жырлардың ішінде көнелігі, көркемдігі жағынан ең құндысы, бағалысы деп табылған. Фольклортану ғылымында «Шоқан Уәлихановтың классикалық нұсқасы» деп аталады. Өзінің айтуынша, Шоқан мұны 1841 жылы Қыпшақ Жаманқұл ақыннан естіген. Оның әкесі Шыңғыс сұлтанда жырдың үш көшірмесі болған: екеуін Жаманқұлдан, біреуін арғын Арыстанбайдан жазып алыпты.

Осы жерде Шоқан нұсқасының текстологиясын тыңғылықты зерттеп, 1994 жылы қазақ халқымен қайта табыстырған ғалым Едіге Мағауиннің еңбегін ерекше атаған жөн.

2019 жылы күзде Түркияның Мерсин қаласында Мерсин университеті және «Мер-ак»  академиясының бірлесіп ұйымдастыруымен  «Жерорта теңізі» халықаралық симпозиумі өтіп, онда «Түркі дүниесінің білімдер академиясын» құру мәселесі талқыланып, оң шешімін тапты. Бұған 12 елдің өкілдері құрылтайшы болды. Қазақстаннан Бәйішев университеті құрылтайшылар құрамына енді. Академия мүшелерінің алғашқы басқосуын 2020 жылы сәуір айында Ақтөбедегі Бәйішев университетінде өткізуге келісілген-ді. Онлайн режимінде өткен басқосуда  «Едіге батыр»  эпосы және оның Түркиядан жарыққа шығуы талқыланды. Онлайн конференцияны Бәйішев университетінің президенті Бекежан Ахан ашып, конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Германия елдерініңжәне РФ-ға қарасты Татарстанның ғалымдары қатысып отырғанын хабарлады.  Конференцияда  «Едіге  батыр» эпосының түрік тілінде басылып шығуына айрықша қайрат қылған түркиялық белгілі ғалым Али Дурмаш Арслан, өзбекстандық  профессор Ұлықбек Саттаров, татарстандык ғалымдар  Радик  Галиуллин мен Эльдар Гаджиев, Ақтөбедегі «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ахат Мырзалин, филология ғылымдарының докторы,  едігетанушы Жұма-Назар Асан, т. б. Сөз сөйлеп, басты кейіпкері тарихи тұлға болып табылатын эпостың түрік тілінде жарық көруі түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін насихаттау жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Айта кетелік,  татарстандық  ғалым Эльдар Гаджиев конференцияға қатысушылардың сөздерін түрікшеден орысшаға, қазақшадан түрікшеге аударыпо тырды.

Сондай-ақ халыкаралық  онлайн конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов және С.Бәйішев университетінің оқытушылары, магистранттар мен студенттері қатысты.  Б.Ахан жиынды қорытындылай сөйлеген сөзінде қатысушыларды  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы игілікті іс-шараларды жаңа форматта бірлесе жалғастыруға шақырды.

Мұхтар МИРОВ,

С. Бәйішев университеті

«Рухани жаңғыру» орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button