Экономика

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен меморандумға қол қойылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вэй Юйсян және облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетов, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев қатысты.
Облыс басшысы өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесі үшін кәсіпорын ұжымына алғыс білдірді.
«Атқарушы орган ретінде біз инвесторларды барынша қолдауға тырысамыз. Дегенмен де еңбек шарттарын шиеленістірмеу керек. Жасалған меморандум алдағы уақытта келеңсіздіктердің болмауына септігін тигізеді деген сенімдемін», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Өз кезегінде Вэй Юйсян облыс әкіміне кәсіпорын атынан рақметін жеткізді. «2019 жылы Ақтөбе облысының экономикасы едәуір жоғары жетістіктерге жетті, қолдауыңызға рақмет. Сіздің берген тапсырмаңыздың арқасында жұмысшылардың жалақысы көтерілді. 2020 жылы биік жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын», — деді кәсіпорынның бас директоры.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «CNPC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньге кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтеру туралы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде компания 2020 жылдың басында барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысын 33%-ға көтерді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ — бұл аймақта өндірілетін мұнайдың 67% және газдың 88%-на иелік ететін ірі мұнай компаниясы. Орташа жұмысшылар саны — 6,3 мың адамды құрайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button