Тарих

«Атамұра» — асыл мұра

Аймақ өмірінің айнасы, жақсы жаңалықтардың жаршысы болып келе жатқанына биыл 60 жыл толатын «Aqtobe» телеарнасының тарихындағы елеулі есімдердің бірі — Бақыт Ешбаева.
Бақыт 1972 жылы Алматыдағы Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының тарих және қоғамтану факультетін бітіріп, туған жерге оралғанда, облыстық телеарнаның дикторлық қызметке байқау жариялағанын естиді. Студент кезінде ол республикалық телеарнада түсірілген хабарға қатысып, тәжірибелі диктор, телевизия саласының майталманы Ләзиза Аймашеваның көзіне түскен еді. Ол кісінің: «Бақыт, сенің телевизия жұмысына бейімің бар. Бізбен хабарласып тұрсаң қайтеді?» — деген сөзі құлағында қалған. Сондықтан байқауға қатысып көргісі келді.
Белгіленген күні облыстық телерадиокомитетінің сол тұстағы басшысы — Михаил Козин мен бас редактор Жандай Тәукебаевтар бастаған комиссияның алдына 20 шақты адам келді. Солардың арасынан Бақыттың бағы жанды. Осылайша телеарнаның жаңалықтар бөліміне диктор болып қабылданды.
— Ол кезде халықтың алдына шығатын әр адамға, соның ішінде дикторларға да қатаң талап қойылатын. Эфирге шықпас бұрын, үш рет дайындық өтеді. Соңғы дайындыққа телеарнаның басшылары, цензуралық бақылау органының қызметкері қатысады. Диктордың түр-келбеті, сөйлеу мәнерімен қатар, ұстамдылық, салмақтылық секілді қасиеттерге да қатты көңіл бөлінетін, — деп еске алды Бақыт Сәрсенғалиқызы.
Кейін бұл шаңырақ, бұл ұжым оның екінші үйіне айналып кетті. Облыстық арнада дикторлық қызметтен соң, режиссер, бас режиссер, аға редактор, бас продюсер, бағдарламалар бөлімінің бастығы болып еңбек етті.
Көпшілік көрермен оны, әсіресе, «Атамұра» телебағдарламасы арқылы жақсы танып, жақын тартты.
— «Атамұраны» 90-жылдардың басында қолға алдық. Естеріңізде болса, бұл өте қиын кез еді. Теледидар мен баспасөзді: «Тағы бір кәсіпорын жабылып, бәленбай адам жұмыссыз қалды», «кітапханалар жабылып жатыр», «жатақхана жарықсыз қалды» деген секілді, тіпті одан да көңілсіз жаңалықтар жаулап алды. Мен ылғи: «Адамдарға қандай да бір сәулелі, жылы нәрсе жеткізу үшін не істеу керек, нендей жобаны қолға алуға болады?» — деп ойлайтынмын. Мысалы, неге өлкенің тарихына қатысты бағдарлама жасамасқа? Мамандығым бойынша, мен тарихшымын, кеңестік заманда қазақтың тарихы тереңдеп оқытылмағанын, жете зерттелмегенін және мүлде насихатталмағанын жақсы білемін. Сондықтан бұл тың дүние болуы тиіс. Сонымен қатар, тұрмыс тауқыметінен шаршаған жұртты рухтандыру, қанаттандыру үшін де керек… «Атамұра» хабары осылай басталған еді, — дейді ол.
Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғалар, халық ғасырдан ғасырға қастерлеп келе жатқан киелі жерлер, кеңестік заманда қуғынға ұшырап, есімдері қағаз бетіне түспеген, бірақ елдің есінде қалған әулие, бай, би, діни қайраткерлер сынды бір кезде жұрттың бетке ұстары болған тұлғалар, әліпбиден әліпби ауыстырып жүргенде, жазуы кейінгі ұрпаққа мүлде түсініксіз болып қалған құлпытастарға толы қорымдар — осының бәрі өлке тарихының бір-бір бөлшегі еді. Ақтөбе жері көне ескерткіштерге толы. Бірақ оның о шеті мен бұл шетін аралап, бағдарлама жасау үшін, ең алдымен, өлке тарихын жетік білетін маман және көлік қажет. Ойлана келе, Бақыт сол кездегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рысжан Ілиясовадан көмек сұрады.
— Өлке тарихының білгірі әрі үлкен жанашыры Рысжан апай менің бастамамды бірден құптады. Ол кісі алдымен кеңесші, кейіннен бағдарламаның авторы болды. Ең алғашқы хабарларымыздың бірін Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» моласы қорымынан жасадық. Кеңестік заманда жазылған тарих Әбілқайыр хан бейнесін, оның халқына жасаған қызметін бұрмалап көрсетті. Оған қатысты шындық енді ғана айтыла бастаған тұс еді… Төмпешіктер арасынан хан бейітінің бір белгісі шыға ма деп, ұзақ іздегеніміз есімде. Бұдан соң Ойсылқара, Абат-Байтақ, Қобыланды батыр туралы, Исатай батырдың бейіті бар Қиыл жерінен және басқа көптеген хабарлар жасалды. Бұл «Мәдени мұра» қабылданбастан бұрын қолға алынған іс еді. Көпшілік бізге орасан қолдау білдірді, оқу орындарындағы тарих пәнінің ұстаздары, қалың жұртшылық хабарласып, пікірлерін жеткізіп тұратын, — дейді Бақыт телеарна ардагері.
Бүгінде «Атамұра» бағдарламасының өзі де — телеарна тарихының жарқын бір бетіне, болашақ ұрпақ үшін тозбас қазына, асыл мұраға айналды.
Бақыт Ешбаева телевизия саласы ғана емес, мәдениет саласында да жемісті еңбек етті. 2011-2012 жылдары ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы болды. Жалпы, Бақытты о бастан-ақ «тарих әлемінде» тәрбиеленген адам десек те артық болмас. Оның әкесі Сәрсенғали Ешбаев — Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық кавалері. Ал анасы Шынкүміс — қиын жылдарда елге қайырымдылығымен аты шығып, Байғанин өңірі түгелдей «әке» деп атап кеткен атақты зергер-ұста Құрманәлі Наурызәлиннің қызы. Осындай жандардың перзенті ретінде Бақыттың ел тарихын түгендеп, оны жаңаша пайымдау жолында қызмет етуді өзіне парыз санауы заңды да еді…

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button