Әлеумет

Интернеттегі жат ағымнан сақтан!

Дін

Соңғы жылдары террористік ұйымдар  интернет желісінде белсенді түрде жұмыс жасай бастады. Осы арқылы өз қатарларын толықтыруда. Олардың мақсаты — өздерінің қызметін жарнамалау, экстремистік және террористік идеологияны насихаттау, қорқыту-үркіту, жалған мәлімет тарату, сондай-ақ, қарсыластарына қарсы әрекет ету. Олар өздері құрған сайттардан бастап, әлеуметтік желілердегі парақшалар, блогтар, интернет-форумдар және бейнепорталдарда белсенді түрде жұмыс жасайды.

Жат ағымдармен күрес жұмысы біздің облыста тоқтаған емес. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен жиындар өтіп, осы мақсатта арнайы жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық дін істері басқармасы интернет арқылы жат ағымды насихаттайтындармен күрес жүргізіп келеді.

Өткен жылдан бастап танымал әлеуметтік желі парақшаларындағы деструктивті контентке автоматты түрде мониторинг жүргізетін және сепаратистік, экстремистік идеяларды тарататын, террорлық әрекет етуге шақыратын, ұлттық және нәсілдік негізіндегі ксенофобияны тұтататын ресурстар мен сайттарды бұғаттауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелер қолданылып келеді.

— Бұл ақпараттық жүйелердің көмегімен жастар көп қолданатын ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі деструктивті контентке талдау жасап, 40-қа жуық белсенді ақтөбелік интернет-қолданушыларын анықтадық. Нәтижесінде 3 тұрғын жазаланды. Олар — Ақтөбе қаласының тұрғындары Ищанов, Қарасаев, Құлтаева. Барлығына 50 және 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Соңғы 6 айда 6000-нан астам аккаунттар мен сайттар жойылып, яғни деструктивті діни идеологияның таралуына тосқауыл қойдық. Алдағы уақытта осы саладағы жұмыстарды жандандырып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге интернеттегі «қоқыстарды» тазартуға бар мүмкіндігімізді

саламыз, — дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.

Еліміздегі заңнамаға сәйкес,  діни сауаты жоқ жеке адамдардың діни әдебиеттерді, электронды түрдегі діни оқулықтарды таратуға құқығы жоқ. Егер таратқан жағдайда жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button