Жаңалықтар

Қарияларға заңгерлер мен дәрігерлер кеңес берді

Еріктілер жылы

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бастамасымен Ақтөбеде корпоративтік еріктілікті дамыту жұмыстары жүзеге асырыла бастады. Алғыс айту күні қарсаңында бірнеше мемлекеттік мекеменің қызметкерлері №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, қарияларға заңгерлік, дәрігерлік кеңестер берді.

Іс-шара барысында мемлекеттік басқару академиясы филиалының лекторлары эмоциялық шиеленісті жоюға және көңіл күйді жақсартуға бағытталған тренинг өткізсе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары келушілерді зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік жеңілдіктер және мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы хабардар етті. Өз кезегінде, заңгерлер мұрагерлік және жылжымайтын мүлікті тіркеу мәселелеріне қатысты мүліктік даулар бойынша құқықтық көмек көрсетті.

— Бүгінгі таңда агенттіктің төрағасы Анар Жайылғанова бастаған мемлекеттік қызметшілер Еріктілер жылы аясында  Мемлекет басшысының корпоративтік еріктілікті дамыту жөніндегі бастамасын қолдау бойынша кең ауқымды жұмыстарды бастады. Бүгінгі шарамыз да соның аясында өтіп жатыр. Біз қайырымдылық көрсету дегенді тек  азық-түлік, киім-кешек алып берумен байланыстырып жатамыз.  Алайда арамызда құқықтық көмекке зәру, бірақ көкейде жүрген сауалдарына жауап алу үшін арнайы мекемелерге баратын мүмкіндігі жоқ азаматтар да бар. Біз бұл орталыққа келместен бұрын орталық басшылығынан бұл жерде тұрып жатқан қарияларға заңгер мен тар шеңберлі мамандықтағы дәрігерлердің және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарының көмегі  қажет екендігі туралы білдік, — деген департамент басшысының орынбасары Рафхат Бисенов іс-шараның өтуіне атсалысқан облыстық әділет департаменті мен денсаулық сақтау басқармасына, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшылығына алғысын білдірді.

Шара соңында департамент қызметкерлері орталық жанынан құрылған халық аспаптар ансамбліне екі домбыра сыйға тартты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара басқа мемлекеттік органдар үшін жақсы үлгі болуы тиіс.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button