Әлеумет

Әлеуметтік пакеттер үлестіріле бастады

Биылдан бастап мұқтаж отбасыларға атаулы әлеуметтік көмектен бөлек әлеуметтік пакеттер беру қарастырылған болатын. Кеше қаламыздағы Астана және Алматы ауданы әкімдіктерінде алғашқы азық-түлік пакеттері үлестіріле бастады. Алматы ауданы әкімдігіндегі әлеуметтік пакет тарату жұмысын облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов барып көрді.

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылардың басы-қасында жүрген қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағанбетова қазіргі жағдайды қысқаша баяндап берді.

Жаңа жылдағы өзгерістерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет те қарастырылып отыр. Біздің бөлім арқылы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға сол кепілдендірілген азық-түлік пакетін беруді бастап кеттік. Пакет құрамына Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ботқалар, пюрелер, сұйық май, печенье сияқты азық-түлік кірген. 4707 теңгеге есептелген азық-түлік пакеті 1 жастан 3 жасқа және 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға айына бір рет беріледі. Ал 1774 теңгеге шақталған гигиена жиынтығы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға әр тоқсанда бір рет беріледі. Мемлекеттік сатып алу нәтижесі шыққаннан кейін арнайы реестрге енген Ақтөбе қаласы бойынша «Анвар» және «Лучшее решение» компанияларымен жұмысты бастадық. Олар тиісті азық-түлікті біздерге жеткізіп берді. Ал біз атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға  таратуды бастадық, — дейді бөлім басшысы.

Азық-түлік пакетін алғандардың бірі — үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Әлия Жолаева. Ол қаламыздағы бір тігін ательесінде тігінші боп жұмыс жасайды. Күйеуі 30 мың теңге алимент төлейді екен. Десе де отбасы табысы күнкөріс шегіне жетпегендіктен мемлекеттен 5 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. «Қазірде елімізде әлеуметтік қорғауға көп көңіл бөлінеді. Мемлекет қамқорлығына рақмет», — дейді ол.

Бөлім басшысының айтуынша, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер Алматы ауданы бойынша 1700 отбасыға, ал Астана ауданындағы 962 отбасыға тиесілі. Бүгінде аталған әлеуметтік пакеттерді Ақтөбе қаласы бойынша екі орында — Астана және Алматы ауданы әкімдіктерінде беріп жатыр. Азық-түлік үлестіру соңғы адам алып болғанға дейін жалғасады. Ал гигиеналық жиынтық наурыз айынан бастап беріледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button