Мәдениет

Мерейтойлар мерейлі істерге толы өтпек

Алқа жиыны

Алдағы айда Ақтөбеге Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының жылжымалы көрмесі келеді.

Бұл жөнінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының кеңейтілген алқа жиынында басқарма басшысы Нұрхан Кәдірбаев айтты. Жиында облыстағы мәдениет саласына қарасты мекемелердің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, биылғы жылдың жоспары, алға қойылған мақсат-міндеттер талқыланды. Осыған байланысты басқарма басшысының жасаған баяндамасында атқарылған жұмыстардың оң нәтижелерімен бірге, бірқатар сын-пікірлер мен проблемалар да айтылды. Соның ішінде, кейбір театрлардың өз залында көрермен жинай алмай, мектеп, балабақшаларды аралап жүргені сынға алынды.

— Бұлай жұмыс істеуді жалғастыра беруге болмайды. Біріншіден, бала өз қаласындағы театрларға барып, театрды өнер ордасы ретінде сезініп, оның қадірін түсініп өсуі керек. Екіншіден, театр қойылымдары кез келген мектеп, балабақша сахнасында қойыла беретін жеңіл-желпі дүние ретінде қабылдануы мүмкін. Көрермен театрды — өзгеше әлем, өнердің қара шаңырағы ретінде қабылдауы, оны іздеп келетін болуы керек, алда осыған қол жеткізуді мақсат етейік, — деді Нұрхан Кәдірбаев.

Сондай-ақ, музейлердің жұмысын жандандыру керектігі айтылды.

— Музейлер халқымыздың тарихын, салт-дәстүрлерін насихаттау ісіне айрықша атсалысуы керек. Кейде мектепте үздік оқып жүрген оқушылардың өзі өлке тарихынан бейхабар болып шығады. Бұған біз өзімізді кінәлі санауға тиіспіз. Өйткені музейлердің жұмысы дұрыс жолға қойылған жерде, балалар мен жастар өлке тарихынан бейхабар қалмас еді, — деді басқарма басшысы.

Бүгінгі күні бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі — ғимарат мәселесі. Әсіресе, бірқатар архив мекемелері, аудандық музейлер, т.б.-дың өз ғимараты жоқ немесе тозығы жеткен, ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмеген ғимаратта отыр.

Ал биылғы жылға жоспарланған іс-шаралар арасында әл-Фарабидің 1150 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы және өзге де мерейтойлық даталарға орай өткізілетін шаралардың орны бөлек. Мысалы, алдағы 5 наурызда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Семей жерінен келген Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының жылжымалы көрмесі ашылады деп күтіліп отыр. Әбу Насыр әл-Фарабидің — 1150 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары шеңберінде де осындай көрмелер ұйымдастырылмақ. Осы мерейтойлар аясында, жалпы, 160-тан астам шара жоспарланған.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button