Жастар

Бірнеше бағыттың бір мақсаты

Форум

Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайында облыстық «BIZ BIRGEMIZ» оқушы-волонтерлер форумы өтті.

Өңірімізде волонтерлық қызметті жандандыру, жастарға кәсіби волонтерлық қызмет туралы түсінік беру мақсатында ұйымдастырылған шараға студенттер, мектеп оқушылары, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлық топ өкілдері қатысты.

— Еріктілердің қоғамда алар орны ерекше. Мұқтаж жандарға көмектесуге асығатын белсенділердің қатары Ақтөбе облысында да артып келеді. Олар түрлі бағытта жұмыс жасағанымен, көздейтін мақсаттары бір. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қол ұшын созу. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Еріктілер форумына біздің облыстан 35 адам қатысып келді. Жиында биылғы жылға нақты тапсырмалар беріліп, еріктілерге көрсетілетін қолдаулар айтылды. Мәселен, биыл волонтер студенттерге қосымша шәкіртақы бөлініп жатыр. Сондай-ақ Үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай қолдау көрсетілмек. Бұл барлық еріктілерге серпін беріп, жаңа ізденістерге жол ашары сөзсіз, — дейді облыстық «Lider Q» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ромат Мұқашев.

Шара барысында ҚР «Қызыл ай қоғамы» облыстық филиалының маманы Ералхан Дияров алғашқы медициналық көмек, «ZELLO.ПОИСК» төтенше жағдайда құтқару волонтерлер клубының мүшесі Бақытқали Оразғалиев төтенше жағдайларда құтқару жұмыстары, «PROACTIVE 2020 ACADEMY» үйлестірушісі Нарқозы Қартжан кәсіби волонтерлық қызмет туралы кеңінен баяндады.

«Медик» волонтерлар ұйымы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жанынан 2012 жылы құрылған. Соңғы жылдары тек медицина бағытында ғана жұмыс жасаймыз. Мәселен, қаладағы халық көп жүретін қоғамдық орындарда алғашқы медициналық көмек туралы ақпарат беріп, тегін қан қысымын өлшейміз. Түрлі акциялар ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда топтың құрамында 150 ерікті бар. 2018 жылы «Ең үздік волонтерлық топ» номинациясы бойынша марапатталдық. Биыл қыркүйек айынан бастап еріктілер қатарындағы белсенді 15 студенттің шәкіртақысы 30 пайызға көтерілмек. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық, — дейді еріктілердің бірі Аяжан Ғилаш.

Шара соңында қатысушылар еріктілік қызметке қатысты сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ волонтерлық ұйымдардың жұмыстары топтастырылған фотокөрмемен танысты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button