Мәдениет

Сәукеленің сәні, кимешектің мәні

Фестиваль

Ақтөбеде алғаш рет «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының және «Аңсар» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Кимешек Style» фестивалі өтті.

«Анаға тағзым» орталығының бірінші қабатында әртүрлі ұлттардың орамал үлгісінен галерея жасақталды.

Фестиваль барысында қазақтың ұлттық бас киімдер тарихы кеңінен айтылып, жас ерекшелігіне байланысты киілетін бас киімдер таныстырылды. Мәселен, қыз баланың бас киімі — қасаба, тақия, кәмшат бөрік, қалыңдық сәукелесі, келін орамалы, жаулығы, әжелердің кимешегі туралы көпшілік естімеген тың ақпараттар айтылды. ⠀⠀⠀⠀
Ақ жаулықты әжелер ерулік салтынан көрініс көрсетіп, дастарқан басында келелі әңгіме құрып, жас буынға насихатын айтты. Сәні келіскен келіндер жент, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдарымызды ұсынды.   ⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀
— Бүгінгі шарамызды ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, үлкендер мен жастардың арасында байланыс орнату мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Фестиваль бірнеше кезеңдерді қамтиды. Дін мен дәстүр сабақтастығына арналған викториналық сұрақтар берілді. Мақал-мәтел сайысы өтті. Сондай-ақ жәрмеңкеге киізден тоқылған өнімдер, күміс әшекей-бұйымдар, ағаштан жасалған кәдесыйлар қойылды. Балалар ұлттық киімді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, басқа күндері де киюге болатынын, оның мән-мағынасын білуі тиіс, — дейді «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының бөлім басшысы Эльмира Әділханова.

Шараға Ақтөбе қаласымен бірге, Хромтау, Мұғалжар, Алға ауданынан келген қыз-келіншектер мен әжелер жиналды.

Шара соңында ең әдемі ұлттық киім үлгісін киіп, викториналық сұрақтарға белсенді қатысып, білімімен озық шыққан, ерекше орамал үлгісімен келген қатысушыларға демеушілер тарапынан сыйлықтар табысталды. ⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ⠀⠀⠀

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button