Мәдениет

Шәмші әндері шырқалды

Өнер

Биыл «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл. Композитордың мерейтойына орай облыстық жастар саясаты басқармасы мен облыстық жастар ресурстық орталығы «Сағындырған әндер-ай» атты ән кешін ұйымдастырды.

«KeruenCity» ойын-сауық орталығында өткен шараға Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев қатысып, жас өнерпаздармен бірге Шәмшінің әндерін шырқады. Ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірген аудан әкімі алдағы уақытта жастардың осындай бастамаларына барынша қолдау білдіретіндігін айтты.

— Ән кешінде өнер көрсетіп жатқан өнерпаздарды инстаграм желісі арқылы жинадық. Жастардан бөлек ән кешінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ағайынды Көшербаевтар әулеті мен әнші-сазгер Аймұрат Мәжікбаевқа алғысымызды білдіреміз. Бұл шара ән әлемінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған шаралардың басы ғана. Бүгінгі таңда басқармамен бірлесіп әлеуметтік бейнеролик дайындап жатырмыз. Композитордың өмірбаяны мен шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында тағы басқа көпшілік шаралар өткізетін боламыз, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы Динара Абулкарова.  

Жүрек қылын шертетін Шәмші әндерін жиналған жұртшылық жылы қабылдады. Ұйымдастырушылар «Ашық микрофон» айдарын жариялап, көрермендер қатарынан  кез келген адамға сахнаға шығып Шәмші әндерін шырқауға мүмкіндік сыйлады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button