Спорт

Жас чемпиондар мектебі

Интеллектуалдық спорт түрінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 2002 жылдың желтоқсан айынан бастап облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болып ашылды. 2018 жылдың қаңтар айында мектепке «мамандандырылған» мәртебесі берілген. Мектепте ұлттық спорт түрі бойынша тоғызқұмалақ, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша шахмат және дойбы секциялары жұмыс жасайды.

Жыл сайын тамыз-қыркүйек айында тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы топтарына балаларды тегін оқытуға қабылдайды.

Мектеп балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалдық дамуына бағытталған және тәрбие жұмысын жүзеге асыру, балалар мен жасөспірімдерді спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, балалардың моральдық, зеректік қасиеттерін тәрбиелеу мақсатын жүзеге асырады. Интеллектуалдық мектепте казіргі таңда тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы бөлімдерінде 400-дей оқушы дәріс алуда. Мекемеде 48 орынға төрт  сынып,  78 орынға қосарланған үш сынып және 72 орындық облыстық, республикалық деңгейде турнир өткізетін зал, сондай-ақ шахмат бойынша  оқу және көркем-биографиялық әдебиеттер жинақталған кітапхана бар.

Тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабидолла Нұршин, Диана Кенина, дойбыдан Николай Коваленко және шахматтан ФИДЕ шебері Димитрий Попов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Құсайынов сияқты білікті мамандар еңбек етуде. Өткен жылы мектеп түлегі, спорт шебері Мөлдір Серікқызы тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып жұмысқа қабылданған.

Тоғызқұмалақтан 2018 жылғы Азия чемпионы Гүлжанат Алдабергенқызы қазіргі таңда Диана Кенинаның тобында шеберлігін шыңдап жүр. Сонымен қатар ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын орындаған. Мөлдір Серікқызы ел чемпионатында 1-орынды жеңіп алды.

Шахматтан Алан Петухов 2019 жылы Қазақстан чемпионатында шахматтың  блиц түрінен 2-орын, рапидтен 3-орынды иеленген. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Алматыда жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ел біріншілігінде рапидтен күміс медальға қол жеткізді.

2019 жылы Анталияда оқушылар  арасында шахматтан ХV Әлем чемпионатында Ханзада Аманжол чемпион атанса, Азия чемпионатында блицтен 1-орын, классика және рапидтан 2-орыннан көрінді. Сонымен қатар осы жылы Алматыда өтіп жатқан ел чемпионатында шахматтың классика және рапид түрлері бойынша жеңімпаз атанса, блицте екінші орыннан көрінді.

Дойбыдан Асылхан Айтмұхамбетов Азия біріншілігінде классика бойынша 3-орын, блицтен 2-орын және рапидтен 2-орынды иемденді. Оның ең ірі жетістігі — Болгарияда өткен Әлем чемпионатында үздік үштікке енуі. Рүстем Омаров дойбыдан спорт шебері нормативін орындады.

Оқушы спортшылар ресми Әлем, Азия, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, тоғызқұмалақтан 43 алтын, 34 күміс, 44 қола, шахматтан 10 алтын, 15 күміс, 11 қола және дойбыдан 17 алтын, 8 күміс, 13 қола, жалпы  191 медаль әкелді.

Берекесі жарасқан ұжым әрі қарай да өз еңбектерімен жас спорт чемпиондарды дайындауға үлесін қосады.

                                                                                                              Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button