Тарих

Өмір сабағы

Қаншама жасқа келіп, шама-шарқымызша бір биіктерге көтерілгенімізбен, көңілдің терең түкпірінде біздің осы ғұмырымызға бастау болған, жақсы жол сілтеген, бір жағынан сыртымыздан сынай қарап отыратын асыл әке бейнесі сақталып тұрғаны жасырын емес. Өмір болған соң кейде алдыңнан қиындықтар кезігеді, енді бірде өзіңді тығырыққа тірелгендей күй кешесің. Сондайда тағы да сол бір теңдесі жоқ тұлға, асыл жан ойыңа оралады. Іштей кеңесесің, сырласасың. Санаңмен әке ақылын сезінесің. Ол саған жігер береді. Өзіңнің бір сәт пенде басында болатын әлсіздікке бой алдырғаныңды байқағандай болып, алға ұмтыласың. Өйткені ту сыртыңнан асқар тауың — әкең қарап тұрғандай жайды бастан өткересің.

Иә, біздің әкеміз шын мағынасындағы сондай биік жан еді. Ол өмірден өткеннен кейін де көптеген замандастары, ізінен ерген, тәлімін алған інілері, елдің талай танымал азаматтары ол туралы жақсы сөздерін жиі айтатын, ыстық ықыластарын аямай білдіретін. Әрине, мұндай пейілдегі сөздері біздің жанымызға жағатын.

Әкеміз Алтынбек Әкімжановтың өмір жолын бірыңғай тегіс, жайлы болды деп айта алмаймыз. Әсіресе, балаң кезінен көрген қиындықтары, өмір үшін күресі, алға ұмтылысы бізге қашанда сабақ іспетті.

Ол 1922 жылы Ырғыз өңіріндегі 17-ауылда жай шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі, яғни атамыз Әкімжан 1930 жылы жаңадан құрылып жатқан колхоз ұжымының мүшесі болады. Алайда ауыр еңбек, сол уақыттағы күйсіздік әсер етті ме екен, ол арада үш жылдай уақыт өткен соң өмірден озады. Енді ғана айналасына қарай бастаған жас бала осылайша әкеден ерте айырылады. Бұл кезде ол небәрі он бір жаста болған екен.

Әжеміз баласы қатарынан кем болмасын, дұрыс білім-тәрбие алсын деп, оны Ырғыз аудандық балалар үйіне жібереді. Әкеміз сонда жүріп Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте оқып, оны үздік бітіріп шығады. Кейіннен білгеніміздей, ол мектепте жақсы оқумен қатар, пионер, комсомол ұйымдарының үлгілі, белсенді мүшесі болған, сөйтіп, аяулы анасының сенімінен шыға білген.

Соғыс басталғаннан әкеміз кеңес әскері қатарына шақырту алып, 1941-1947 жылдар аралығында қолына қару ұстап, ел қорғаған, жеңіс туы көтерілген соң да жауынгерлік саптан шықпаған.  Әскерде ол тек қатардағы солдат қана емес, сонымен қатар партия ұйымының белсенді мүшесі болған. Бір қиын жағдай, соғыстың соңғы жылында елдегі анасы өмірден өткен, ол бұл жайсыз хабарды елге оралғаннан соң ғана естіген. Қандай өкінішті деп ойлаймын кейде. Ел қорғап, азамат болған баласының алдынан шығып, қарсы алған ана қандай бақытты сәтті бастан кешкен болар еді…

Өмірдің басты сабағының бірі шығар, әкеміз тәртіп пен жауапкершілікке қатты көңіл бөлетін, бізден де соны талап ететін.

Ол 1947 жылдан 1951 жыл аралығында Шалқар аудандық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, содан соң бөлім басшысы болып жұмыс жасап, өз еңбекқорлығымен, сауаттылығымен көзге түскен. Содан кейін облыстық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Осында ол саяси жағынан шыңдалады, аудандарда іссапарлармен болып, кадрлармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтайды. Осындай жолдардан өткен әкеміздің партиялық және ұйымдастырушылық қабілет деңгейін ескере отырып, 1953 жылы Жұрын ауданының партиялық комитетінің екінші хатшылығына сайлайды.

Уақыт талабына сай әкеміз осы кезеңде Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып, оны үздік деңгейде  бітіреді. Жоғары партиялық мектебін аяқтағаннан кейін Байғанин аудандық партия комитетін басқаруға жіберіледі.

Әкеміздің саналы ғұмырының елеулі кезеңі Қобда өңірімен байланысты. Біздің байқауымызша, ол осы ауданның басшылық тізгінін қолға алған тұста өңірдің әлеуметтік-экономикалық және ауылшаруашылық көрсеткіштері төмен болған. Ол осы ауданды он бес жыл басқарды. Біздер негізінен осында өсіп-жетілдік, сондықтан да қасиетті Қобда аумағы біздің бәріміздің жанымызға жақын, көңілімізге ыстық. Оның әрбір елді мекенінде әкеміздің қолтаңбасы бар. Аудан республиканы былай қойғанда, Одақ көлемінде алдыңғы қатардан көрінді.

Жер өңдеу, егіншілік мәдениеті жетілдіріліп, алқап өнімділігі артты, мал шаруашылығы кеңінен дамытылды. Шаруашылықтар жаңа техникамен жарақтандырылды. Ауылдарда жаңа мектеп, тұрғын үйлер, мәдениет орындары мен ауруханалар салынып, халықтың тұрмыс жағдайлары жақсара түсті.

Әкемізге 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілуін біз үлкен мақтаныш сезімімен қарсы алдық. Қуанышымызда шек болған жоқ. Оның кеудесіне алтын жұлдыз бен Ленин ордені тағылды. Ол бұған дейін де, одан кейін де бірнеше ордендерге ие болды. Олардың қатарында Ленин, Октябрь революциясы, «Құрмет» белгісі ордендері бар еді. Бірақ, әкеміз солардың қай-қайсысында да өзіне тән сабырлы қалпынан ауытқымай, өзін салмақты ұстады. Марапаттауларды өзі еңбек етіп жатқан елге, халыққа жасалған құрмет ретінде ұқты.

Әкеміздің алты жылдай облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы ретінде қызмет атқарған кезеңі де ізсіз қалған жоқ. Сол тұстардағы еңбек ұжымдары арасында социалистік жарыстың ықпалдылығын арттыру, кәсіподақ мүшелеріне қамқорлық жасау, оларды әлеуметтік жағынан қолдау секілді көптеген маңызды шаруалар кәсіподақ арқылы жүзеге асырылатын. Сондай игілікті істердің жан-жақты атқарылуына ерекше көңіл бөлгенін білеміз.

Ол құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де үйде демалып, отырып қалған жоқ. Біраз уақыт республика Мемлекеттік жабдықтау басқармасы мемлекеттік орман инспекциясының бас инспекторы қызметін атқарды.

Оның өміріндегі есте қаларлық бір ерекше сәттерді біздер, балалары, әлі күнге дейін еске алып, санамызда жаңғыртып отырамыз. Мәселен, ол 2000 жылы Мәскеу қаласына Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдық мерейтойына арналған әскери шеруге шақырылғаны жадымызда.

Одан бұрынырақта СОКП-ның ХХІV съезіне қатысқаны көп уақытқа дейін ортақ әңгіме өзегіне айналып жүрді.

Әкеміз бірнеше ауданда қызмет істеді. Ел басқару оңай емес. Уақытпен санасуды білмейтін сәттер молынан кездесетін. Соның барлығында аяулы анамыз Жұмагүл Ибрашқызы оның оң жағынан табыла білді. Анамыздың мамандығы педагог болатын. Ол шын мәніндегі ұстаз болды ғой деп ойлаймыз. Өйткені ол мектепте ғана емес, үйде де өзінің тәлімдік-тағылымдық ерекше қасиеттерімен айналасына жақсы ахуал орната білетін. Мұғалім әріптестерінің анамыздың әдептілігі, шыншылдығы, биязылығы, талапшылдығы туралы әңгімелеріне талай рет куә болдық.

Біздер отбасында бес бала өстік. Үлкеніміз Ләйлә қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады, қалғандарымыз екінші апам Сәуле, інім Абай және қарындасым Нұрсұлу Ақтөбедеміз. Біздер де ата-әже атанып, немере сүйетін жасқа жеттік.

Әкеміз үнемі қызмет бабында жүргенімен, бізді назарынан тыс қалдырған жоқ.

Оның жұмысы таңертеңгі алтыда басталатын. Ал анамыз оған дейін үйдегі екі пештің күлін шығарып, от жағуға дайындап қоятын. Әлі есімде, біздер таңертеңгі тәтті ұйқы құшағында жатқанымызда үйде қозғалыс басталып кететін. Шамалыдан кейін жанған оттың жылуын сезініп, бір рахат сезім құшағына бөленетінбіз.

Біздер аудандағы басты тұлға саналатын бірінші хатшының балалары болғанымызбен, еркелеп, есепсіз жүруден аулақ болатынбыз. Үйде де әрқайсысымыздың өз алдымызға бөліп алған міндеттеріміз болатын. Маған жүктелген жұмыс — үйді азық-түлікпен қамтамасыз ету. Анамның басшылығымен жас кезімнен қой союды үйрендім, бақша егуді де ертерек меңгеріп алдым.

Біздің әкеміз балалары үшін аса қадірлі жан болды. Ол өзінің ақылдылығымен, адамгершілігімен, парасаттылығымен, қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен және күнделікті іс-қимылымен бізге үлгі бола білді.

Әкем бірінші хатшы кезінде көбінесе қалыптасқан жұмыс кестесі бойынша іссапарға шығады. Аудан бойынша жеңіл көлікпен, кейде ат шанамен малшыларды, егіншілерді аралайтын еді. Сондайда мені және інім Абайды жанына ертіп алатыны бар-ды. Біз осылайша жас кезімізден ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, олардың шаруа жайын, күнделікті өмір көріністерін көзімізбен көріп өстік. Сирек те болса әкеміздің біздерді көл жағасына апаратыны, бірге демалатынымыз, еркелететіні бүгінде алыста, көз ұшындағы сағымдай сағыныш боп елестейді.

Осының бәрі бізге мектептен тыс берілген өмір сабағы, тәрбие мектебі іспетті болатын.

Әке тәлімі ешқашан да ұмытылмайды.

 Нұрлан ӘКІМЖАНОВ,

медицина ғылымдарының кандидаты,

жоғары санатты дәрігер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button