Жаңалықтар

Облыстағы «Парасатты отбасы» анықталды

Сәрсенбі күні облыстық «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстық білім басқармасы және «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған байқауда Шаңғытбаевтар отбасы үздік деп танылды.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын басшылыққа ала отырып, парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдылық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты парасатты тұлғаны дамыту, озат ойлы, парасатты, қайырымды оқушыны анықтау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа облыс бойынша 235 отбасы өтінім білдіріп, соңғы кезеңге 14 отбасы өткен.

— Шаңғытбаевтардың шағын мемлекетін құрғанымызға 8 жыл болды. Осы жылдар аралығында 3 бірдей қызғалдағымызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатырмыз. Үлкен қызым қаладағы № 60 мектепте оқиды. Білім ордасынан «Парасатты отбасы» байқауы болатынын естіп, қатысуды жөн санадық. Бірінші қалалық кезеңінде отбасымыздың тарихын таныстырып арнайы фотоальбом жасасақ, екінші кезеңде жанұямызбен бірге «Менің отбасым» атты бейнеролик әзірледік. Біздің жасаған жұмыстарымыз әділқазылардың көңілінен шығып, оң шешім тапқанына қуаныштымыз, — дейді «Парасатты отбасы» байқауының жеңімпазы Нұржан Шаңғытбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға парасатты және қоғамдық жұмыстарда белсенді, креативті  отбасылардың қатысуына назар аударылған. Сонымен қатар қатысушы отбасылардың балалары қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатын, отбасы құндылықтарын қадірлейтін, спорт немесе өнермен шұғылданатын, ата-ана тәрбиесін қоғамдық өмірде көрсете алатын, көптеген әдеби-публицистикалық әдебиеттер оқығанына ерекше көңіл бөлінген.

Қазылар шешімімен 1-орын Ақтөбе қаласында тұратын Шаңғытбаевтар отбасына берілсе, 2-орын Темір ауданында тұратын Ақтуриндер отбасына, ал 3-орын шалқарлық Қарасаевтар отбасына бұйырды. Бұдан өзге қатысушылар «Өнерлі отбасы», «Ынтымағы жарасқан отбасы», «Интеллектуалды отбасы» номинациялары бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға  Алғыс хаттар табыс етілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button