Жаңалықтар

«Қалдырған ізің мәңгілік…»

Ұстаз

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған ұстаз, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен «Еңбек ардагері» медалінің иегері болған Асқар Бектенғалиев пен оның қарындасы Сания Бектенғаливаның «Дара тұлға» кітабының таныстырылымы өтті.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы — облыстық кәсіби даму институтында ұйымдастырылғанжиынға автордың жұбайы, туыстары, балалары, әріптестері, ардагер ұстаздар, студенттер қатысты.

Іс-шараның мақсаты — ұстаздар әулетінің мәртебесін көтеру, елдің есінде есімі сақталған танымал тұлғалардың ұстаздық еңбек жолын ұлықтау.

Алдымен ұлағатты ұстаз Асқар Бектенғалиев туралы бейнеролик көрсетілді.

Асқар Хайроллаұлы 40 жылға жуық білім саласында еңбек етті. 1951 жылы Темір ауданында дүниеге келген ол 1974 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын физика-математика мамандығы бойынша тәмамдады. Педагогтік еңбек жолын Темір қаласындағы мектепте бастады. Сондағы орта кәсіптік лицейде директордың орынбасары, Темір орта мектебінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында директордың орынбасары, аға оқытушы болып еңбек етіп, кейін зейнеткерлік демалысқа шықты.

Асқар Бектенғалиевтің әкесі — Хайролла Бектенғалиев әулеттегі алғашқы ұстаз. 1936 жылы Орынбордағы педагогикалық институтты бітірген. Ол кісі де облыстағы білікті педагогтердің бірі болған.  Хайролла Бектенғалиев 1939 жылы Шалқар қаласындағы №1 орта мектептің директоры болып жүргенінде Ақтөбе облысы бойынша 9 мұғалімнің бірі болып КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталыпты.

Асқар Бектенғалиевтің зайыбы Дәмен Бектенғалиева — Орал мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі.  Ол да ұзақ жылдар бойы білім саласында жемісті еңбек етті. Білім саласын дамытуға қосқан үлесі еленіп, «Оқу саласының үздігі» атанды. Асқар мен Дәмен Бектенғалиевтер 5 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Асқар Хайроллаұлының шәкірттері еліміздің әр өңірінде техникалық салалардаинженер болып еңбек етіп жүр.

Басқосу барысында «Дара тұлға» кітабының жарық көруі туралы Асқар Хайроллаұлының зайыбы Дәмен Бектенғалиева әсерлі әңгіме айтып берді. Сондай-ақ ұстаздың қарындасы Гүлзия Хайроллақызы да ағасы туралы көңіл толқытарлық естеліктермен бөлісті.

Бүгінде Темір қаласындағы С.Бәйішев атындағы мектептегі физика кабинеті Асқар Хайроллаұлының есімімен аталады. Ұстаздарға арналған монумент тақта орнату — Асқар Хайроллаұлының үлкен мақсаты болған-ды. Зайыбы Дәмен Жұмабекқызы мен ұлы Серік ұстаз аманатын орындады. Бұдан 3 жыл бұрын Асқар Хайроллаұлы20 жылдан астам басқарған С.Бәйішев атындағы мектептің ауласына «Ұстазға тағзым» ескерткіш-тақтасы орнатылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button