Денсаулық

Полиомиелит деген пәле бар…

Балаңызды қорғаңыз!

Денсаулық сақтау министрлігі 6 жасқа дейінгі балалар арасында жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті жұқпалы ауру — полиомиелитке қарсы қосымша бір реттік жаппай иммунизация кампаниясын жүргізу туралы шешім қабылдады. 6 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық аумағында бес күндік жаппай иммунизация кампаниясы өтіп жатыр.

Осы мақсатта облыстық әкімдіктің қолдауымен облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы арнайы штаб құрып, аурудың алдын алуға арналған шараларды бастап та кетті.  БАҚ-та аудио және бейне материалдар беріліп жатыр, аудандар бойынша кураторлар бекітіліп, атқарылатын шаралар пысықталуда. Бұл туралы бізге өткен жұмада облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында мамандар айтты.

Біздің елде полиомиелит ауруы соңғы рет 1995 жылы тіркелген. Балаларға полиомиелитке қарсы қосымша бір реттік жаппай иммунизация жүргізудің қажеттілігі көрші елдерде Тәжікстан және Ресейде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты туындады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметіне сәйкес, Тәжікстанда 564 салдану жағдайы тіркеліп, оның ішінде 19 оқиға өлім жағдайына әкелді. Қазіргі күні  Ресейде полиомиелиттің сырттан әкелінген 7 жағдайы тіркеліп, оның 4-еуі өліммен аяқталған.

Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлнар Мамбетжанованың айтуынша, жаңа туған нәрестелердан бастап 6 жасқа дейінгі балалар арасында полиомиелитпен ауру қаупі өте жоғары. — Полиомиелит жасөспірімдер мен ересек адамдарда сирек кездеседі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 6 жасқа дейінгі 1,8 миллион баланы полиомиелитке қарсы қосымша вакцинациялауды жоспарлап отыр. Біздің облысымызда иммунизация кампаниясын өткізу кезінде полиомиелитке қарсы 77420 баланы егу жоспарланып отыр. Полиомиелитке қарсы вакцина — Бельгияда өндірілген, қауіпсіз әрі тиімді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және мақұлданған.

Соңғы кездері біздің елдің аумағында көп уақыттан бері тіркелмеген ауруларға қарсы егілуден бас тарту үрдісі қалыптасуда. Оның ішінде полиомиелит ауруы да бар. Бас тарту, әсіресе, діни көзқарасы бөлек аналар арасында көп кездеседі. Діни басқарма өкілдері оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті, —  дейді Гүлнар Шүкірқызы.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы Клара Омарова полиомиелит ауруын сипаттап, ауру вирусының тағам, су, тұрмыстық қатынас, сонымен қатар ауа-тамшы жолдарымен жұғатынын, оған қарсы жүргізілетін вакцинаның қарсы көрсетілімдері жоқ екендігін, әрі оның тегін жасалатынын айтты. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы да тұрғындарға өз тараптарынан аталған аурудың алдын алу туралы насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

Ұлттық иммунизация күндері аясында вакцинациялау ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, учаскелік және орталық аудандық, қалалық ауруханалар мен емханалардың егу пункттерінде жүргізіледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button