Денсаулық

Сегіз айда 1128 адамнан  қатерлі ісік анықталған

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар  талқыланды. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев сегіз айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Онкологиялық аурумен сырқаттанғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға төмендеген. Сегіз айдың ішінде 1128 адамнан онкологиялық ауру анықталса, 411 адам қатерлі ісіктен көз жұмған. Онкологиялық аурулардың  ішінде бірінші орында сүт безі қатерлі ісігі тұрса, екінші — өкпе, үшінші — асқазан ісігі. Оның ішінде өкпе қатерлі ісігінен көз жұматындар көп. Одан кейін асқазан мен өңеш қатерлі ісігі тұр. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша негізгі мақсат — қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтау. Аурудың алдын алуда скринингтік тексерулердің маңызы зор. Алайда уақытында дәрігерге қаралмай, ауру кеш анықталатын жағдайлар да кездеседі. Сегіз айда 148 адамнан қатерлі ісіктің 3-4-ші сатысы анықталды. Басқарма басшысының айтуынша,  жыл сайын онкологиялық аурудың аса ауыр түріне шалдыққандар жиі кездесуде. Ондай науқастарға емнің бірнеше түрін жасауға тура келеді. Ал қатерлі ісікті емдеу аз қаражат тұрмайтыны белгілі. Өткен жылы республикалық бюджеттен 890 722 743  теңге бөлінсе, биыл 1 322  528 мың теңге қаржы бөлінген.

Әсет Қалиев соңғы жылдары қатерлі ісікке балалардың да жиі шалдығатынын айтты.  Балаларға арналған онкогемотологиялық орталық іске қосылса, тек қана өзіміздің облыс емес, батыс өңірі бойынша науқас балаларға көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда  балалар Нұр-Сұлтан мен  Алматы қалаларына жіберіледі. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында салынып жатқан ПЭТ, яғни позитронды-эмиссионды томография орталығының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Орталық іске қосылса, медициналық қызмет сапасы жақсара түспек. Жиында облыстық мәслихат депутаттары сұрақ қойды. Дәрі жетіспеушілігі, науқастарды емдеудегі дәрігерлердің мәдениетсіздігі және тағы басқа да өзекті мәселелер ортаға салынды. Кейбір проблемалар бойынша депутаттар келіспейтіндерін айтты, ескертулер берді. Қаралған мәселенің соңында қаулы қабылдады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button