Ауыл

Әр ешкінің өнімі — 3 литр сүт

Кәсіпкерлік

«ZhasProject» жобасы — жастарға өз кәсібін дамытуға мол мүмкіндік беретін жоба. Аталған жоба аясында бадамшалық жас Нұрхат Құдабаев өз кәсібін ашып, бүгінгі күні дәстүрлі емес шаруашылықпен айналысуда. 

Нұрхат Құдабаев «ZhasProject» жобасы шеңберінде ешкі сүтінің пайдасы және ферма ашу ісі туралы өз жобасын қорғаған болатын. Нәтижесінде ол мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, зааненский тұқымды ешкі сатып алды.

Бүгінде жас кәсіпкердің шаруашылығында 11 ешкі бар. Қазіргі таңда Нұрхаттың шаруашылығына оның әкесі мен ағасы көмектеседі. Отбасылық кәсіпті дамытуға бел буған Нұрхат ауласындағы ешкілерді өзі сауады.

— Ешкінің сүті аллергия тудырмайды және асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартады. Егер күн сайын ешкінің сүтін ішсеңіз, тұмау, салқын тию сияқты ауруларды ұмытасыз. Ешкі сүті адамның иммунитетін көтереді, — дейді жас кәсіпкер.

Жобаның шарты бойынша жас кәсіпкер алты ай бойы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, ешкінің сүтін тегін таратыпты. Қазір оның өнімін ауылдастары таласып сатып алады.

Ешкіні бағу, оның төлін көбейту жұмыстарын жіті білмеген жас кәсіпкер басында қиындықтарға тап болғанын айтады. Кейін өзге аудандардағы өзі сияқты жас кәсіпкерлермен танысып, тәжірибе алмасыпты. Қазір Нұрхат Құдабаев ешкі өсіру ісін жақсы меңгерген. Ол күн сайын әр ешкіден 3 литр сүт алады. Жаз айларында ешкі сүтінің бір литрі 600 теңге болса, қыс айларында сүт бағасы қымбаттайды.Ал көктем айларында зааненский тұқымды ешкілер мол өнім береді.

Бүгінгі күні кәсіпкер ешкілеріне жем-шөп сатып алуда. Жан-жағына қамқорлық танытатын жас кәсіпкер ауру балалар мен ересектерге өз өнімін тегін ұсынады.

Жеке қожалық ашып, өз кәсібін дамытқысы келетін Нұрхат алдағы уақытта ірі қара мен құс өсіруді де қолға алмақ.

— Алдағы уақытта ешкінің санын көбейтіп, оның сүтінен йогурт, ірімшік, тағы басқа сүт өнімдерін дайындайтын боламыз. Бұл бағытта тәжірибе жинап жатырмын. Басты мақсат — ойға алған жобаларды жүзеге асыру, — дейді Нұрхат.

Виктория ЮСУПОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button