Пікір

Әлемдік стандартқа сай келетін өзгеріс

Әділбек МҰҚАШЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Президенттің биылғы Жолдауында 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау, 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажеттігі айтылды. Бұл— әлемдік стандартқа сай келетін өзгеріс.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы аймақтардан бастап жүзеге асырылады. Ақтөбе облысында мемлекеттік органдарда 4664 штат бар, 6,7 пайыз — вакантты жұмыс орны, яғни қазіргі күні нақты 4348 адам жұмыс істеп жатыр.Вакантты орындардың болуы — Президенттің тапсырмасын мемлекеттік қызметкерлер арасында әлеуметтік мәселелер туындамайтындай тиімді жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Президенттің Жолдауы бизнес саласында мемлекеттік реттеуді азайтып, тұрғындардың кәсіпкерлікке бет бұруына, «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Қазақстандағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны — елдегі экономикалық белсенді тұрғындардың 1,1 пайызы ғана. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш — 18 пайыз, себебі бұл санатқа дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлер де енгізілген. Дания, Норвегия, Швеция секілді скандинавия елдерінде — 30 пайыз болса, Азия аумағындағы елдерде — 6-8 пайыз (Жапония – 6%, Оңтүстік Корея – 7,6%).

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерЭкономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда өте аз секілді, дегенмен бұл елдердегідей мемлекеттік ұйымдар (1,4 млн) мен құқық қорғау органдарындағы (300 мың) қызметкерлерді қосып санасақ, көрсеткіш 20 пайызға жетеді.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілердің штаттық санын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, орталықтандырылған кадр қызметін және бухгалтерия жұмысын, басқа да шараларды ұйымдастыру арқылы оңтайландыруға болады. Осылайша, Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындай отырып, бүгінгі заман талабына сай келетін бәсекеге қабілетті және тиімді мемлекеттік аппарат құруға қол жеткіземіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button