Әдебиет

Әдебиет туралы әңгіме

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Әбіш Кекілбаев дәрісханасында жастар ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызымен кездесті.

Ханбибі Есенқарақызы қоғам қайраткері Амангелді Айталының 80 жасқа толуына орай Ақтөбеге келіп жатқанын тілге тиек етіп, одан әрі әдебиет жайлы, елдікке қатысты әңгімелер айтты. Кеш барысында өзінің бірқатар өлеңдерін де оқып берді. Арасында ақын жастар қойған сұрақтарға жауап беріп отырды.

Филология факультетінің студенті Назерке Алдиярова Ханбибі Есенқарақызының сөзіне жазылған «Нұрикамал» әнін орындаса, ал студент Айболат Көшкінбаев домбырамен ақынға арнау айтты.

Кездесу барысында ақын университет кітапханасына өзінің 10-томдық шығармалары мен өзі ізденіп, жинақтап шығарған көп томдық «Ақжол» кітабын сыйлады.

Шара соңында Ханбибі Есенқарақызына бір құшақ гүл беріліп, камзол кигізіліп, Құдайберген Жұбановтың портреті тарту етілді. Ал ақын жастарға келесі кездесуде лингвист ғалым туралы кеңінен әңгімелеп беруге уәде етті.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button