Спорт

ҰТЫЛСАҚ ТА, ҮМІТ БАР

ЕУРОПА ЛИГАСЫ

19 тамызда Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Ақтөбе» футболшылары Голландияда «Алкмаар» командасымен кездесті. Бұл ойын екі команда үшін де маңызды еді.

Алаң иелері ірі есеппен жеңсе, лиганың топтық командалар қатарына бір табан жақындай түседі. Ақтөбеліктер үшін ойын алдындағы баспасөз конференциясында бас бапкер Владимир Муқанов айтқандай, тең ойын, тым болмағанда шағын есеппен ұтылу мақсаты қойылды. Ойын қорытындысында 0:2 есебімен ұтылып қалдық. Біз үшін бұл есеп тиімді ме, тиімсіз бе, мұны қарымта кездесудің қорытындысы көрсетеді.

Сонымен Алкмаар қаласындағы «AFAS» стадионына жиналған жергілікті жанкүйерлер алдындағы ойын былай өрбіді. Әдеттегідей алаң иелері бірден шабуылға шығып, біздің ойыншылардың алдын орап тастамақ болды. Желдей ескен Мартен Мартенс 3-минутта допты «Ақтөбенің» қақпасынан бір-ақ шығарды. Бірақ израильдік төреші Алон Йефет дереу жалауын көтеріп, Мартеннің ойыннан тыс қалғанын анықтады. «Алкмаардың» шабуылы алаңның ортасынан да, екі қапталынан да, жалпы кез келген тұстан еркін өрбіп отырды. Негізінен Эрик Фалкенбург арқылы дамыған шабуыл біз үшін аса қауіпті аяқталып жатты. Әсіресе, Бретт Холмэн, Понтиус Вернблом қақпашы Андрей Сидельниковті жиі мазалаумен болды. Осындай қарбалас сәттің бірінде Холмэнның жақын маңнан қатты соққан добын Сидельников жүгіре қарсы алып, қос жұдырығын қатар түйіп қайтарды. Жалпы, бұл ойында біздің Андрей талай соққыны қайтарып, қақпаны бірнеше мәрте аман алып қалды.

Ойын өрнегін тас-түйін қорғанысқа құрған жерлестеріміз де қарап қалмай шабуылға шығып отырды. Кенжесариев-Дарабаев-Эссомба шабуылы сәтсіз аяқталды. Біздің қақпаға жанұшыра жүгірген Холманның аяғының астынан Антон Чичулин допты өте шеберлікпен алып қалып, дереу қарсыластар алаңы маңында жүрген Эссомбаға асырды. Алайда қорғаушылар Титиге мүмкіндік бермеді. Шынын айтқанда, оң қанаттан ауыстырылып, орталықта ойнаған Эссомба жаңа орынға үйрене алмады ма, кібіртіктей берді. Бір мезет Андрей Карпович пен Евгений Аверченко да қақпаны алыстан көздеп көрді. Дегенмен «Алкмаар» командасы 20-минутта қуанышты голға қол жеткізді. Бретт Холмэнның кезекті соққысы Сидельников қақпасында тулап жатты. Есеп — 1:0.

Енді біздің ойыншылар осы есепті ұстап қалуға күш сала отырып, лезде шабуылдауды да ұмытқан жоқ. Алаң иелерінің қорғаушысы Дирк Марселлис алға ұмтылған Эмиль Кенжесариевті шалып құлатып, сары қағаз алды. Айып добын Самат Смақов орындады. Айып добын орындаудың шебері Саматқа үміт арта қарадық. Допты ыңғайлап қойып алған Самат өзінің үйреншікті әдетімен шірене тепті. Доп қақпаға тура бет алғанда, өре түрегелдік. Алайда қақпашы Джой Дидулица допты маңдайшадан асырып жіберді. Бұрыштама добы нәтиже бермеді. Алаң иелері амалсыз тағы да допты бұрышқа жіберді.

Осындай ғана аракідік шабуылымыз болмаса, «Алкмаар» ақтөбеліктерді тұншықтырумен болды. 27-минутта Вернблом есепті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші жартысы да алаң иелерінің басымдылығымен өтті. Айып добын, бұрыштама допты орындауға шебер және «екінші қатарда» ойнайтын, пасты алыстан да, жақыннан да өте дәл тастайтын еуропалықтар есепті бұдан әрі ұлғайта алмады. Сары қағазға байланысты негізгі бес ойыншысыз, оның ішінде алдыңғы шептегі мерген Мұрат Тілешев пен Иван Перичсіз ойнаған жерлестеріміз барын салып бақты. Ұтылып қалдық. Әттең Саматтың ұрған айып добы голмен аяқталғанда ғой деп өкіндік.

Енді қарымта кездесу 26 тамызда Ақтөбеде өтеді. Еуропа лигасының топтық сынына өту, өтпеу мәселесі осы ойында шешіледі.

Кездесуден кейін екі команданың бас бапкер журналистермен баспасөз конференциясын өткізді.

Владимир Муханов:

— «Алкмаарға» қарсы ештеңе істей алмадық Қорғаныста қателіктер болды, оның ақыры голға апарып соқтырды. Шабуылға да шықтық, бірақ нәтижесіз аяқталды. Самат Смақовтың орындаған айып добы қақпаға дарымай қалды. Қайтеміз, осы жолы сәттілік бұйырмады. Біз екі голға қарымта қайтаруға тырыстық. Өйткені футбол деген осындай ойын, мұнда күшті команда үнемі ұта бермейді. Әлсіз деп саналған командадан жеңіліп қалып та жатады. Енді өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауымен жақсы ойнауға күш саламыз. Шабуыл өтін күшейтеміз

Гардиан Вербеек:

— Қонақтар өз ойындарымен жақсы әсер қалдырды. Қорғаныста жүріп-ақ, допқа иелік етті. Техникалық шеберлік деңгейі де жақсы. Тек гол соға алмады. Ал біз Ақтөбеде де гол соққымыз келеді.

Бердібай КЕМАЛ,

Ақтөбе-Алкмаар-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button