Әлеумет

Көпбалалы отбасының несиесі өтелді

Әлеуметтік жағдайына байланысты банктегі қарызы шегеріліп, қуанып жатқан адамдар көп.  Соның бірі — Шалқар ауданының тұрғыны Жантұрсын Ділман. Жантұрсын — бес баланың әкесі. Әйелі Нұргүл Әкімбаева бала күтімімен үйде отыр. Жантұрсынның өзі аудандық Мәдениет үйінде жұмыс жасайды. Азғантай табыс отбасының кем-кетігін бүтіндеуге жете бермейтіні анық. Сонда да еңбекқор жігіт бес баласын өзгелерден кем қылмауға тырысып жүр. Былтыр ескі үйдің төбесі құлап,  біраз әбігерге салды. Қанша бүтіндесе де ескінің аты ескі, жарамсыз болып қала берді. Бір күні үйдің төбесі ортасына түссе, бала-шағамен қайда бармақ. Ал жаңа үй салу үшін қыруар қаржы керек. Азғантай айлықпен бұл жоспарын іске асыра алмайтыны анық. Ойлана келе  «Халық банктен» 910 мың теңге  несе алады. Үстемеақысымен қосқанда 1 миллион 352  мың теңгені төрт жылға бөліп төлейтін болды. Осылайша алған қаржыға есік алдындағы алаңнан шағындап үйдің іргетасын қалады.

Айына 30 мың теңге төлеймін. Шындығы сол, айлығымның жартысы кетеді. Жақында банктен қарызымның  300 мыңы өтелгенін естідім. Ендігі айдан бастап айына 16 мың теңге төлейді екенмін. Бұл біз үшін үлкен көмек болды, — дейді Жантұрсын.

Бес баланың төртеуі мектепке барады. Әрқайсысының киім-кешек, оқу-құралы қыруар қаржы тұрады. Күнделікті ас-суына жұмсалатын қаражат өз алдына.

Балаларым мектепте жақсы оқиды. Оларды қатарынан кем қылмау үшін тырысып жүрміз.  Балапандардың жағдайы жасалса, болашағына алаңдамас едік. Президент әр балаға 21 мың төленетінін айтқанда қатты қуандым. Құжатымды тапсырып, үш айдан бері жәрдемақыны алып келдім. Соңғы айда қайта есептелетін болып, тоқтап қалды. Келесі айда беріледі екен. Бұндайжәрдемақы бізге үлкен көмек болды, — дейді Нұргүл Әкімбаева.

Мемлекеттен беріліп жатқан әлеуметтік көмек мұқтаж отбасыларға демеу болғаны анық.

НЕСИЕНІҢ ӨТЕЛГЕНІН ҚАЛАЙ БІЛЕМІЗ?

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығы бойынша әлеуметтік жағдайына байланысты қазақстандықтардың банктегі несиесі кешіріліп жатыр.

Алайда көпшілік арасында осы мәселеге қатысты әлі де түсініспеушіліктер бар. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақсұлу Жұбаназарованың айтуынша, несиесі кешірілетін отбасылардың тізімін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған.  Несие өтелуі үшін отбасылар төмендегі санатқа жатуы тиіс. Олар— төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылып жәрдемақы алып отырғандар, мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа  дейін айырылған 29 жасқа толмаған  ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар.  Азаматтардың берешегі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс. Несиенің жалпы сомасынан 300 мың теңгеге дейінгі берешек өтеледі. Тұрғындар өзінің несиесінің өтелгенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.gov.kz және egov.kz электрондық үкімет порталынан, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан біле алады.

КІРІСІН ЖАСЫРҒАНДАР КӨМЕК АЛМАЙДЫ

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына атаулы әлеуметтік көмекті қайта есептету үшін 3502 отбасының тізімі түскен.

Басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ақсұлу Жұбаназарованың айтуынша,  қазіргі күні кірісті жасырып, көмек алған 43 отбасы 4,6 миллион теңгені кері қайтарған. Ал 1706 отбасына берілетін көмек уақытша тоқтап тұр. 1221 отбасының төлем мөлшері қайта есептелген. Сондай-ақ  басқармаға қайта есептеу үшін 162 кәсіпкердің тізімі түскен. Оның ішінде 8 кәсіпкер кірісін дұрыс көрсетпегендіктен алған көмегін, яғни 775 мың теңгені мемлекетке қайтарған.

Олар әлеуметтік көмек алу үшін еңбекақыларын көрсетіп, негізгі кірістерін жасырған. Қайта есептеу кезінде барлығы анықталды, — деді Ақсұлу Жұбаназарова.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button