Экономика

Алғашқы жобаға қолдау көрсетілді

Ақтөбеде «Қарапайым заттар экономикасы»  бағдарламасы бойынша алғашқы жобаға кепілдік берілді.

Тұрғындардың әл-ауқатының өсуіне әсер ететін басымдық берілген жобаларды несиелендіру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бұл жолы нарықта «Вкусно» сауда белгісімен танымал «АсАмир» компаниясына септігін тигізді. Бұл компания мұздатылған еттен тағамдар әзірлеумен айналысады. Жоба «Еуразиялық банк» арқылы қаржыландырылды. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, құны

3 миллиард теңгеге дейінгі жобаларға 50 пайыз көлемінде, ал құны 3-5 млрд теңге болатын жобаларға 20 пайыз көлемінде кепілдік беріледі.  Кепілдік мерзімі несие мерзімінен аспайды. Алғашқы жобаға 50 пайыз көлемінде кепілдік берілді.

Сондай-ақ компания несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкіндігін мақұлдады, яғни жылдық 15 пайыздың 6 пайызын кәсіпкер өзі өтесе, 9 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

— Кәсібіміздің аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, несиені де сол үшін алдық. Осы мақсатта қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға арналған жабдықтар сатып алмақпыз. Жергілікті компаниялармен арада шикізатты сатып алу және дайын өнімді облыстың бөлшек сауда желілеріне жеткізу туралы келісіміміз бар, әрі қарай көршілес облыстардың нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Қазір бір маусымда 400 келі өнім шығарып отырмыз, қуаттылықты 1800 келіге дейін көтеру жоспарда бар, — дейді «AсAмир» ЖШС директоры Жеңіс Делманова.

Бұл механизм ел экономикасы үшін басым жобаларға қолжетімді несие беруге, қарапайым заттардың импорттық үлесін қысқартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасайды.

Механизмді іске асыруға «Қазақстан Халық Банкі», «Сбербанк», «Forte Bank», «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Нұрбанк», «Jusan bank» , «Еуразиялық банк», «Bank RBK» және «Альфа Банк» секілді екінші деңгейдегі банктер қатысады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button