Тарих

Жаманшыңға бұрғы салған геолог

Тағзым

Ғалымдардың болжамы бойынша шамамен бұдан миллион жыл бұрын Ырғыз ауданының аумағындағы Жаманшыңға диаметрі 500 метрге жететін алып метеорит құлаған.Соның салдарынан тереңдігі 700 метр, диаметрі 5,5 шақырымға созылған шұңқыр пайда болған. Бұл жерде болған жарылыстың қуаты сондай, әлем ғалымдары адамзат мұндай қысымды еш уақытта қолдан жасай алмайды деп есептейді. Соншалықты қысым мен орасан зор температураның нәтижесінде түзілген импактит, тектит жыныстарға, метеорит түскен орынды зерттеу кезінде, ғалымдар иргизит және жаманшинит атауын берген. Мұндай екі «порода» жер бетінде бір жерде алғаш рет тек осы Жаманшыңда табылған. Ал бұл жердегі тастар түзілуден болды ма, әлде ғарыштан келді ме деген талас әлі күнге жалғасуда. Миллион жылдық тарихы бар кратерді зерттеуге кеңестік ғалымдардың бар күшті салғанын білеміз. Ол жөнінде 1970 жылдан бастап аумақты зерттеуге қатысқан, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Павел Флоренскийдің«Метеоритный кратер Жаманшин» атты кітабы да бар.

Кратердің беткі қабатын зерттей келе, ғалымдар енді оның тереңіне бұрғы салуды ойлайды. Одан әлі талай сыры ашылмаған ғарыштық жынысты табатындарына шүбә келтірмейді.Тіпті қазір сонымен бірге, алмаз ізделген екен деген де әңгімелер айтылып жүр. Ол кезде алмаз, алтын іздеп жүрміз деп ашық айтуға болмайтын тыйым бар екен.  Кеңестік саясат зерттеу, бұрғылау жұмыстарына қатысушыларды да құпия ұстап, олардың еңбегін дабырайтып айта бермеген. Мұндай жұмыстарға қазақ кадрларының көп араластырырмағаны тағы аян. Әйтседе, сексенінші жылдары Бүкілодақтық геологиялық институтының ұсынысы және КСРО Ғылым Академиясының Метеорит жөніндегі комитетінің қолдауымен Жаманшың құрылымын кешенді зерттеу бағдарламасы бойынша кратердің қақ ортасынан үш терең тірек-құрылымдық ұңғымалар қазу туралы шешім қабылданады. 1987-1988 жылдары жүргізілген бұл істің маңызды болғаны сондай, оған Ақтөбе қаласында орналасқан «Запказгеология» өндірістік геологиялық бірлестігінің ең таңдаулы мамандары тартылады. Бұрғылау жұмысының басшысы және ұңғымаларды сапалы өткізуге жауапты болып,сол кезде Мәскеудің Орджоникидзе атындағы геологиялық барлау институтын бітіріп келген жас инженер Асылбек Мырзағалиев тағайындалады.

Оның бастауымен елді мекеннен қашықтағы құладүзде, алдын ала жоспарланған 672 метрден 1052 метрге дейінгі тереңдікте ұңғылар қазу табысты аяқталды. Асылбек Еркінұлының кәсіби шеберлігі  мен ұйымдастырушылық талантының арқасында барлық ұңғымалар жоспарлы тереңдікке жетеді. Ғарыштық шығу тегі тұтасқан құрылымның терең ұңғылық бойынан геологиялық зерттеу үшін аса құнды тас материалдардың көп шығуы қамтамасыз етіледі. Сол кезде Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігінің іргетасында километрлік ұңғыманы бұрғылау фактісінің өзі зор оқиға болды және мұның қазіргі уақытқа дейін теңдесі жоқ. Терең бұрғылау нәтижесінде алынған мәліметтер Жаманшың кратерінің пайда болуын растады. Кеңестік және шетелдік ғылым жердің космогендік құрылымдары мен ғарыштық заттар туралы қалыптасқан көнерген көзқарастарды қайта қарауға мүмкіндік беретін құнды материалдар алды. Сонымен қатар, сол кезде-ақ шетелдік ірі ғалымдарға Жаманшың кратерін бірлесіп зерттеу бойынша халықаралық жобалар ұсынылды. Мұнымен бірге, Қазақстанның геологтары құрамында туристік орталық пен оқу геологиялық полигоны қалыптастыра отырып, республикалық маңызы бар күзетілетін парк-қорық құру туралы мәселені бірнеше рет көтереді.

Осы жоғарыда айтылғандардың барлығында, геолог Асылбек Мырзағалиевтің өз міндетіне мінсіз қызмет етуінің, оның кез келген қиындықтарды еңсеруге және ең күрделі міндеттерді шешуге дайын болуының нәтижесі көрінеді. Сол кезде жас маманның осы қасиеттері ғылыми қауымдастықты Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей, табиғи нысан — Жаманшыңның іргетасының заттық құрамы туралы құнды ақпаратпен қамтамасыз етті. Бұл Асылбек Еркінұлының геология саласындағы қызметінің алғашқы салмақты табысы болатын. Сол 1989 жылы-ақ ол Жаманшың метеориттік кратерін зерттеуге қосқан үлесі үшін КСРО Ғылым академиясының Құрмет грамотасымен марапатталады.

Содан бері арада отыз жыл өткенде 2018 жылдың 13-15 тамызында Жаратылыстану мұражайының (Вена қаласы) өкілі, доктор Людовик Феррере Қазақстанға келіп, ақтөбелік геологтармен кездеседі. Кездесу барысында өткен жылдардағы Жаманшың бойынша жүргізілген геологиялық зерттеу жұмыстарына жоғары баға берді. Өзінің еңбегі туралы шаршы топта айтылған осы жылы сөзден кейін, ай толмай геологиялық барлау саласының білікті маманы, Қазақстан Республикасы жер қойнауын барлау үздігі, белгілі кәсіпкер Асылбек Еркінұлы 58 жасына екі ай толтырмай, нағыз кемел шағында, кенеттен қайтыс болды. Алдағы қыркүйек айында атпал азаматтың өмірден қапияда озғанына жыл толады.

Ол Ойыл ауданының перзенті еді. Осы өңірге кеңінен танымал зиялы отбасында тәрбиеленді. Әкесі Еркін партия кеңес қызметтерінде басшылық жұмыстарда болса, анасы Ұлзипа ұзақ жылдар   білім беру саласында қызмет атқарды. Осындай зиялы отбасында тәрбиеленген үш ұл, бір қыздың ішінде Асылбек Айбектен кейінгі екінші ұл еді. Бірінің өкшесін бірі басып өскен бір үйдің балаларының орта мектепті бітіріп, мамандық таңдауға келгенде пікірлері бөлінді. Үлкен ұл Айбек Н.Э.Бауман атындағы Мәскеудің мемлекеттік техникалық университетіне түсті. Ұлының қандай факультетте оқып жатқаны туралы сұрағандарға әкесінің өзі де тап басып айта алмай, «Аэроғарыштық мамандық сияқты, әскери ұшақтардың қанаттары туралы зерделеп оқып жатады» деп отыратын. Екінші ұл да ағасының соңынан еріп, Мәскеудің Орджоникидзе атындағы геологиялық  барлау институтына түсіп, пайдалы қазбаларкен көзін барлаудың технологиясы мен техникасы мамандығын алып шыққанда ойылдықтар кәдімгідей сүйсінді. Алыс ауылда өскен балалардың қазақ жастары үшін бейтаныс мамандықтарды меңгергенін біраз уақыт аңыз қылып айтып жүрді.

Әне солай, қазақ ауылдары үшін мамандық таңдауының өзі жаңалық болған Асылбектің еңбек жолы да жұртшылықтың аузында жүрді. Оқуын бітіре сала, «Запказгеология» өндірістік геологиялық бірлестігіне жұмысқа орналасып, он жылдың ішінде бұрғылау қондырғысының машинисінен, бұрғылау шебері, инженер-технолог, партияның бас инженері, өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы қызметтеріне өрледі. 1994-1995 жылдары Ақтөбе облыстық әкімдігінде геология және қазба байлықтарды пайдалану мәселелері бойынша кеңесшілік қызмет атқарды. 1995 жылдан 2001 жылға дейін Батыс Қазақстан аумақтық қазба байлықты қорғау және пайдалану басқармасында облыстық инспекцияның бастығы, аталған басқарманың бастығының орынбасары болды. Бұдан кейін он жылдан астам «Мегаполис-Инвест» ЖШС директоры болып, мұнай саласының дамуына өз үлесін қосты. 2013 жылдан өмірінің ақырғы күніне дейін «Мырзағалиев А.Е.» жеке кәсіпкерлігін басқарды.

Мамандығы мен кәсібін ұдайы дамыту үстінде болған геологиялық барлау саласының ірі маманы шетелдермен тығыз байланыста жұмыс істеп, Ұлыбритания, Нидерланды, Италия, Ресей елдерінде әр жылдарда еңбек тәжірибесі мен тренингтерден өтті. Лондонда ұйымдастырылған алқалы жиында мұнай саласын игеру мәселелерінің проблемаларын қозғаса Гаага қаласында Каспий теңізінің қазақстандық аумағындағы Қайран құрылымына бұрғы салудың жай-жапсарына пікір қосты. Ал Италиядағы тренингте Қашаған кен көзін игеруге қатысты көтерілген мәлелерге араласты.

Ол кәсіби, адами, қай жағынан алып қарағанда да нағыз кемел шағында еді. Бергенінен берері көп еді. Мемлекеттік және жеке мекемелердегі басшылық тәжірибесі ширек ғасырды құрайтын. Еліміздің мемлекеттік бақылау-қадағалауоргандарында да жұмыс тәжірибесі болатын. Жерасты қазба байлығын пайдалануға байланысты еліміздің заңнамаларын жатқа білетін. Өнеркәсіп қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, жерді пайдалану мен өнеркәсіп тазалығы мәселелерін ұдайы  назарда ұстайтын.

Еңбек жолындағы үлкен ерлігі—Жаманшың кратерін бұрғылаумен байланысты болғанын айттық. Ал мұнай саласындағы табыстары 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Қазақстанның мұнайына 100 жыл» мерекелік медалімен аталып өтті. 2009 жылы «Қазақстан Республикасының жер қойнауын барлау үздігі» атағын алды.

Ерекше қабілетті геологтың жер бетіндегі сапары аяқталғанмен, кәсіби саладағы ғұмыры ұзақ жылғы сіңірген, жазған еңбектерімен жалғасуда.

Асылбек үлкен әулеттің тірегі еді. Сексеннің үстіндегі анасы, тіпті жасы үлкен ағасы да онымен ақылдасып отыратын. Қарындасы Ақмарал, інісі Аманжол арқа сүйейтін. Жары Ардақ екеуі тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кешіп, бір ұл, бір қызды дүниеге әкелді. Екі перзенті де шетелде оқып, жоғары білім алды. Ұлы Айбол өзінің жолын қуып, мұнай саласына келді. Қызы Ақсамал Францияда қалды, тұрмысқа шығып,өзінің қалаған мамандығы бойынша жұмыс тапты. Осы қызынан жиенін көріп, қуанды. Ұлды үйлендіріп үлгермеді.Бір кем дүние деген осы. Балаларының қызығын, еңбегінің зейнетін көретін шақта айбарлы да айбынды, елдің ардақты ұлын сұм ажал мезгілінен бұрын арамыздан жұлып әкетті. Оған енді не шара? Еске алғаннан, артының қайырын берсін дегеннен басқа не айтуға болады. Бір медет—Асылбектің өзі бұрғы салған метеорит түскен кратердің ғарыштың балқыма тастарындай жарқырап, бұл өмірдегі сайраған ізі қалды. Ол бәріміз үшін қымбат із.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button