Экономика

«Ақтөбе — Ченду»: Қытайға ет экспорты басталды

Алыс-беріс

Агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруда Ақтөбе облысының үлесі зор. Биылдың өзінде 2 847,7 тонна ет және ет өнімдері шетелге шығарылған. Оның ішінде  2 126,0 тонна сиыр еті, 485 тонна шошқа еті, 91,4 тонна қой еті сатылды. Облысымызда дайындалған сиыр еті Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Иран Республикасына жіберілді.

Өткен жылы Пекин қаласында Қазақстаннан Қытайға сиыр етін экспорттауға  құқығы бар деп танылған 4 кәсіпорынның бірі Алға ауданындағы «Ақтөбе ет кластері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  болатын. Аталмыш серіктестік биыл алғаш рет Қытай Халық Республикасына 20 тонна ет жөнелтті.

Біздің мұндай мүмкіндікке жетуіміз еліміздің Ауылшаруашылық министрлігі мен  «Аграрлық несие корпарациясы» акционерлік қоғамының қаржылай қолдауы арқасында жүзеге асқанын айтқым келеді. Қазіргі таңда «Алашанкоу Фуксин Трейд», «Ситик», «Шенчжень», «Вей  Джиа Интернейшенел Трейд» секілді қытайлық компаниялармен меморандумға отырдық. Жыл аяғына дейін 4 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отырмыз. Еттің алғашқы легі Ченду  қаласындағы «Хаюнда импорт-экспорт» компаниясына кетті. «Алашанкоу» кеден бекеті арқылы Қытайдың Сычуань провинциясына өтеді,—  дейді «Ақтөбе ет кластері» ЖШС директоры Вахтанги Джиджиешвили.

Шетелге ет экспорттау ауданымыз үшін үлкен жетістік. «Ақтөбе ет кластері» ЖШС 2015 жылдан бері облыс көлемінде іріқара ет өнімдерін өндіріп келді. Енді, міне, төрт жыл ішінде жоғары сапалы ет өнімдерін дайындауға болатын ірі орталыққа айналды. Жыл сайын шетелдік тұтынушыларымызды көбейтіп жатырмыз. Басты мақсатымыз да отандық өнімді халықаралық нарыққа шығару. Алда бұл үрдіс жалғасын табады, — деді Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

Ал қытайлық сатып алушы тараптың сауда өкілдері серіктестіктің жұмысына жоғары баға берді.

Қазақстан-Қытай арасында алғаш рет ет саудасы басталды. Қос мемлекеттің тауар алмасуына куә болып тұрмыз. Экологиялық таза ет дайындап, тұтынушыларға жеткізуге атсалысып отырғандарыңызға ерекше алғыс айтамын. Біз мұны Ұлы Жібек жолының жалғасы деп білеміз. Қазақстанда Қытайға ет шығаратын кәсіпорындар көп болғанымен бәрі бірдей талапқа сай емес. Ал бұл кәсіпорынның санитарлық тазалығы, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған технологиясы, ғимараттың іші-сырты бірдей құрылысы халықаралық стандартқа сай келеді. Сонымен қатар жұмысшылар қызметінің сапасына да көңіліміз толды. Бұл ет комбинатын Қазақстандағы ет өңдейтін цехтардың алды деуге болады, — дейді «Хоюнда импорт-экспорт» компаниясының Қазақстандағы тұрақты өкілі Нұрбол Оспанұлы.

Шетелдік компаниялардың бұлайша қызығушылық танытуына негіз бар. «Ақтөбе ет кластері» ЖШС-ында жылдық экспорттық қуаты 7,200 тонна сиыр етін өңдеуге арналған мал сою кешені бар. Кешеннің жанында 11 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді.

Облыста жалпы 25,5 мың басқа арналған бордақылау алаңы болса, бүгінгі күні 15,0 бас бұқашықтар бордақыда тұр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button