Экономика

Александрдың аралары

Қобдалық Александр Красильников «Бастау» жобасына қатысып, курс тыңдаушысы болғанға дейін омарташы боламын деп мүлде ойламаған еді.

Оның қазір табысты кәсіпкер болуына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы арқылы «Бастау» жобасына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруі себеп болды. Бүгінде Александр Красильников омарташылық кәсіппен айналысады. Енді ол меншікті бренд тауарымен бал өндіруді ойластырып жүр.

Александрдың омарташылық бизнесті бастағанына алты жылға таяды. Қазіргі күні округте оған ешқандай бәсекелес жоқ.

Бастапқыда елу мың арамен кәсібін бастаған Александрдың қазір алма бағында тұрған 4 үйшікте 200 мың ара бар. Ол өз араларын күтіп-баптаумен қатар, олардың мол өнім беруі үшін бар жағдайды жасайды. Оның үйшігінде аралардың түрлі тұқымы кездеседі. Мәселен, үйшікте араның германиялық тұқымының 24 рамкасы тұр.

Облысқа белгілі омарташы Александр Сенацкийдің шаруашылығы Қарғалы ауданында орналасқан. Мен сол кісінің күйеу баласымын. Сондықтан да маған бұл бизнесте бағыт-бағдар беретін жақын адамым бар. Қазіргі күні мен «Медовик» кооперативінің белсенді мүшесімін. Бұған дейін ара өсіру ісі менің хоббиім болғанмен, бизнес ашу мүлде ойыма келмеген еді. «Бастау» жобасының тыңдаушысы болғаннан кейін ғана осы іске деген қызығушылығымды алдыма нақты мақсат етіп қойып, жүзеге асырудың сәті түсті.  Өткен жылы көктемде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалынан несие алу үшін кеңес алуға барғанмын.  Ондағылар менің курстан өтуімді, сол арқылы өз бизнес жобамды қорғап, бизнесті кеңейту үшін несиеге қол жеткізудің мүмкіндігі барын айтты. Бұған дейін мен аудан орталығындағы гимназияда аула сыпырушы болдым. Ол кезде өз бизнесім болатынын мүлде ойлағаным жоқ. «Бастау» жобасы менің жолымды ашты, көп мүмкіндіктерге қол жеткіздім. Бүгінгі күні мен өз-өзімді жұмыспен қамтып отырмын. Қазіргі ұраным: «жақсы жұмыс жасап, мол табысқа кенелу», — дейді омарташы Александр.

Александр Красильников «Бастау» жобасының өткен жылғы төртінші кезеңінің тыңдаушысы. Алайда қазіргі күні ол өз сертификаты бойынша несие рәсімдей қоймапты. Алдағы уақытта меншікті бренд тауарымен бал өндіруді жүзеге асырмақ.

Биыл Александр қолындағы қаражатын ара санын көбейтуге жұмсаған. Әсіресе, бал арасының «карника» түрін көп тасымалдапты. Айта кету керек, көпшілік Қобда ауданында климаттық жағдайға байланысты омарташылықпен айналысуға тәуекел етпейді.  Сондықтан да Александрға бұл істе бәсекелес жоқ. Алайда омарташы тапсырыс берушілердің сұранысын уақтылы орындауға тырысады. Бүгінгі күні балдың сан түрін өндіретін оның тауарларына облыс орталығынан да тапсырыс берушілер бар.

Бал — табиғаттың сыйы. Ал гүл тозаңы — нағыз дәріхана. Онда адам денсаулығына қажетті түрлі дәрумендер мен микроэлементтердің жиынтығы сақталған. Бүгінгі күні азық-түлік тауарларын сататын дүкен сөрелерінен нағыз табиғи өнімді табу қиын. Ал мен адамдарға ешбір қоспасыз дайындалған табиғи өнімді ұсына аламын. Алдағы уақытта  арнайы құтыдағы хош иісті балды меншіктік бренд тауарымен сатуды ойластырып жүрмін, — дейді А.Красильник.

«Бастау» жобасы Қобда ауданында өткен жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Төрт кезеңде 91 адам кәсіпкерлік турасында білім алса, соның 22-сі бизнес идеясын жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 62 600 000 теңге несие алған. Сондай-ақ «Бастаудың» 3 түлегі 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант иегері атаныпты.

  Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button