Әлеумет

Шетелге шыққыңыз келе ме? Берешегіңіздің бар-жоғын тексеріңіз!  

Кезекті еңбек демалысы қарсаңында шетелде демалып, туристік сапарға шығуды жоспарлаған  қазақстандықтар алдын ала борышкерлер тізілімінде бар жоғын тексергені абзал.

Азаматтар өз ахуалын бірнеше тәсіл арқылы тексере алады. Солардың бірі – Telegram қосымшасындағы @egovKzBot. Бот қызметін таңдағаннан кейін пайдаланушы  «Борышкерлер тізілімі және шетелге шығуға тыйым салынулар бойынша тексеру» сервисіне өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі қажет. Борышкерлер тізілімінде болмаған жағдайда, автоматтандырылған ақпараттық жүйе берілген ЖСН бойынша ешқандай деректердің табылмағаны жөнінде хабарлама жібереді. Бот арқылы сапарға бірге шығатын туысқандарыңыздың не достарыңыздың да берешегін тексеруге болады.  Керекті ақпарат сұрау жіберілгеннен кейін бірден көрсетіледі.

Сонымен қатар электронды цифрлық қолтаңба иелері egov.kz порталындағы жеке кабинеті арқылы айыппұлдардың барын тексеріп, берешек анықталған жағдайда, портал арқылы қарызын өтей алады.

Естеріңізге салайық, Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуға шектеу салықтар, айыппұлдар немесе басқа адамдар алдында сотқа жүгінуге дейін апарған қарыздар, алименттер, сонымен қатар коммуналдық қызметтер бойынша берешектері барларға қойылуы мүмкін.

 

Әсел МҰСТАФИНА,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ

Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button